Ғани ауылына газ барады

1261

0

Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылын газдандыру жұмыстары басталды. Елді мекенге барған аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл тұрғындары және «Сапақ» өндірістік кооперативінің жұмысшыларымен  кездесті.

Аудан басшысы елді мекенге көгілдір отынның келу тұрғындары үшін өте маңызды екенін жеткізіп, құттықтау сөз сөйледі.

– Бұл үлкен мереке. Өйткені, осы қуанышты сәтті талай жылдар асыға  күттіңіздер. Міне, сол армандарыңыз орындалып отыр. Енді аз ғана уақыттан кейін құрылыс жұмыстары  аяқталып, көгілдір отынды пайдаланатын күн алыс емес. Жобаның жүзеге асуына «Жұмыс пен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының ықпалы зор.

Жасыл желегі жайқалған сіздердің ауылдарыңызда аталған бағдарлама арқылы тағы да 7 көшеге асфальт төселіп, балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, ауылды аяқ сумен қамтамасыз ететін «Ақарық» каналының арнасы тазаланады, – деді Мұрат Ергешбаев.

Ауылдағы ауқымды істің басталуына ұйытқы болған жергілікті билік өкілдеріне ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бурабай Рахметов алғыс айтып, ризашылық білдірді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млрдтан астам қаржыға 42 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде Ғ.Мұратбаев ауылындағы 4 жобаға 500 миллионнан астам теңге бөлінген.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<