Электр қуатында іркіліс болмайды

146

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетика саласындағы өзекті мәселелер бойынша отырыс өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев, облыс әкімінің аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев, облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова және энергетика саласындағы мекеме басшылары қатысты.

Отырыста негізгі мәселе ретінде республиканың оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясының жетіспеушілігі талқыланды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев орын алған шектеулер бойынша ахуалды баяндады. 

Бүгінгі күні өңірдің жалпы электр энергиясын тұтыну көлемі 172 мегаватты құрайды. Оның 51 мегаваты «Қызылордажылуэлектрорталығы», 10 мегаваты «CKЗ-U» серіктестігі арқылы өндіріліп, қалған 111 мегаваты сырттан жеткізіледі.

Соңғы күндері облыс бойынша тәулігіне орташа есеппен 30-50 мегават аралығында электр энергиясының жетіспеушілігі орын алды. Салдарынан күнделікті кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін тұтынушыларға электр энергиясы шектеліп берілген.

Осыған байланысты Энергетика министрлігі Жамбыл ГРЭС-нің 3 және 4 блогын іске қосуға шешім қабылдады. Алдағы уақытта оңтүстік өңірді оның ішінде Қызылорда облысын электр энергиясымен толықтай қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл ретте аймақтағы энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Жамбыл ГРЭС-мен электр энергияның қажетті көлемін алуға қосымша келісім-шарт жасады. Ендігі кезекте өңірде жарыққа қатысты шектеулер тоқтатылады.

Облыс басшысы энергия жабдықтаушы ұйымдар ұсынған электр энергияның шекті бағасына өтінімді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облысы бойынша департаменті арқылы қарап, тиісті ұсыныстар енгізу қажеттігін қаперге салды. Сондай-ақ, электр энергиясы туралы тұрғындар арасында туындаған шағымдарды ескеріп, нақты түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Тұрғындар электр энергиясынан тапшылық көрмеуі керек. Қажетті келісімдер мен нақты механизмдерді қабылдау – міндеттеріңіз. Жетіспеушілік болған жағдайда электр тарату мекемелеріндегі резервтік ресурстарды пайдаланып, амал-әрекет жасалу қажет. Жылу маусымы кезінде тұрғындар жарық пен жылудан қиындық көрмеуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен коммуналдық мекеме басшыларына бірлесіп жұмыс жасау, жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз