Киелі орындар ұлт мақтанышына айналса игі

1713

0

Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атай келе, халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңірту үшін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын қолға алу туралы айтқан еді.

«Ұлы Даланың» қасиетті жерлері мен қасиетті орындарын жете зерттеп, халыққа жеткізуді мақсат еткен. Өйткені, киелі орындар жеткілікті деңгейде зерттеліп, бағаланбауының салдарынан халқымыз олардың көбісінің барынан бейхабар. Әрбір елдің, халықтың қасиетті орындары мен киелі жерлері болады. Олардың кейбіреулері әлемдік деңгейде танылып, туризмді дамытып отыр. Мәселен, өзбектердің киелі орындары – Ұлықбек, Шер-Дор кесенелері, үнділердің Тәж-Махал кесенесі. Солар секілді өңірімізде халықтың қызығушылығын тудыратын қасиетті жерлер жетерлік. Мәселен, Хорасан Ата, Қылышты Ата, Қылауыз Ата, Көккесене. Айтылған киелі орындарға сипаттама бере кетейік.

Жаңақорған ауданынан 40 шақырымдай қа­шықтықта «Хорасан ата» кесенесі орналасқан. Өз заманынында ақылгөй, данышпан, емші, дінбасы болған Әбдіжәлил баб жатқан жер. Хорасан ата кесенесінің күнбатысында 100-110 метр шамасында Меккедегі қағбаның көшірмесі орналасқан. Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл ғимарат киелі орын емес, тек қажылыққа баратындарға «тәжірибеден» өтуге, яғни қажылық қағидаларын меңгеруге дайындық жасау мақсатында салынған деседі.

Қылышты Ата кесенесі Жаңақорған кентінен 30 шақырымдай жерде. Қылышты ата ерекше қасиетке ие әулие адам болған. Халық арасына тараған аңызға сүйенсек, көлікті адам көлігінен түсіп, зиярат етпесе өзі немесе аты майып болады екен. Перзент тілегендер мен емге шипа іздегендер басына түнеп, ишарат етсе, Алла тілегін қабыл етеді дейді.

Көккесене – көгілдір күмбезімен, әсемдігімен, шебер тұрғызылған кесене. Кесене Алаша хан мен Жошы хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегіне ұқсатып қаланған. Академик Ә.Марғұланның дерегі бойынша Баршынкент қаласын оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі Баршынға арнап салынған. Сонымен қатар бұл ескерткіштің өз заманында даңқы шығып, танымал болуының басты себебі – Қоңырат руының батыры Алпамыстың жары Гүлбаршынның есімімен байланысты.

Қылауыз ата кесенесі де кент орталығынан 30 шақырымдай жерде. Күмбезбен көмкерілген. Кесене қамкесектен салынып, іші мен сырты саз балшықпен сыланған. Қылышты атаның азан айтып қойған есімі Жақып. Халық арасында би болып әділ төрелік айтқаннан кейін Қылауыз ата деп атап кеткен. Араб тілінде «Қылауыз» деген сөз «Ел басқарушы, жол бастаушы» деген ұғымды білдіреді. Қылауыз атаның елді отырықшылыққа үйретіп, егін егу, дариядан су шығару тәсілдері мен қарақұрт, жылан шаққан адамдарды дұғамен емдеу кереметтерін көнекөз қариялар осы күнге дейін айтып жеткізген.

Қорыта айтқанда жоба аясында өлкеміздегі киелі орындарды әлемге танытсақ, киелі жерлерімізді көргісі келетіндердің саны артар еді. Киелі орын­дардың туристік маршруттық картасы туристер үшін қолайлы болса, «Жаңақорған шипажайына» келген қонақтардың өзі ат басын тірейтін туристік ошаққа айналмақ. Ал мұның қаншалықты маңызды екенін ескере беріңіз.

Қуандық  ҮСЕНБЕКОВ,

№110 мектеп-лицей мұғалімі, тарих магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<