Кішкентай ауылдағы үлкен қуаныш

546

0

Аудан түпкіріндегі «Қаймақ» ауылына жол салынды. Өзі ойда-жоқта болған жаңалық. Былтыр ауыл әкімі Момынбай есеп беруінде ауылдастарға осылай дескен. Бірақ қашаннан «үйтеміз, бүйтеміз» деген сарынды жиналысқа бұл қаймақтықтардың құлағы үйренген. Содан шығар, ұмытып кетіп жүргені. Бұл «Қаймақ» халқы алдындағы бір-жар малын бағып, Сырдария жиегіне бақша егіп, балығын аулап жүрген момын жұрт қой. Әйтпесе, ең шеткі жатқан елеусіз елге айнадай тегіс жол жараспайды деп кім айтады?!

Расымен ауыр жүк көліктері келіп ауыл шетіне жайғасты. Әлгі жол тегістегіш арнайы техника да келген. Жұмысшылардың қарасы көп. Сонда барып сенді мұндағылар. Қатты қуанды. Әсіресе, үлкендері. Белі майысқан кәрілердің шүкір дескені де осы кез. Қайтсін енді?! Кәрі сүйегін сықырлатып, аудан орталығына бару – қиынның қиыны. Ескі автобустың өзі көне жолдың азабын әбден көрген. Талай жолда дөңгелегі жарылған шофер Құрасбайдың әлдекімдерді тістене сыбайтыны бар. Егер мына жол бітіп, ескі автобусқа ғайыптан тіл бітсе… Құдай біледі, алдымен сол айтатын шығар мың алғысты. Жол салушыларға-дағы.

Айтпақшы, «Қаймақтағы» жас жігіттер «мынауың жақсы екен» деп бір-біріне жымыңдасқан. Тіпті, бірі осы жол салушылармен келісіп те үлгерді. «Үйде жатқанда не бітірем, «разнарабошый» болсам да, нәпақамды табайын» депті. Енді кейбірінің жеңіл көлік алғысы келіп, алақанын ысқылағаны бар. «Ее, қаладағылар мінген «инамаркің» біздің тақиямызға тар келмес» Иә, осылай деп әр жерден гулескен ауыл жұртының шат-шадыман кезі басталған.

Ала шаңы аспанға шығып жатқан ескі жол екі-ақ айда бітті. Жол салушы мекеме оны ауданға жақын ауылдағы асфальтты жолдың торабына түйістіріп берген. Бүкіл «Қаймақ» бұған шын қуанды. Сәлима кемпір жол салушыларға «құтты болсынның» ретімен шашуын шашты. Қыдыркүл жеңгей қазанға жапқан нанына сары май жағып әкелді. Бірі айран, бірі құрт-сүзбесін тықпалап әлек. Ауыл әкімі Момынбайдың ерте туған еркек қозысын жарқыратып соятыны да осы кез. Қозы емес, тоқты дерсің. Ақ майы ағып тұр. Сол күні жол салушылар қарық болды. Ауылдың ықыласына, пейіліне де.

Жол біткеніне көп болмаған. Іле-шала артынан тағы бір топ келді. Келе жолды өлшеп, әлдебір тірліктерін бастап кеткен. Біреуі тіпті жолдың ортасын шұқи ма, ойып көре ме, әйтеуір түсініксіз. Салпаң құлақ қара есек мінген, ауылдағы айқайшыл шалдың бірі Ізәтулла бұларға жетіп барды.

– Әй, шырақтарым, мұның не? Кеше біткен жолды ойып… Шұқылап… Әйда, марш, тайып тұрыңдар! Жоқ, тоқтай тұр, өздерің бұл төңіректікі емессіңдер-ау?

Осылай деп шақшия сөйлеген ақсақалдың ашуын біреуі келіп басты. Шамасы, басшысы болар.

– Ассалаумағалейкум! – деген есек мінген Ізекеңнің қолын алып. Содан соң өзін сыпайы таныстырып өтуді де ұмытпады. Мінезі сындырған нандай. Шалдың іші жылып қалды.

– Біз мына біткен жолдың сапасын тексеріп жүргендер едік, – деп қайта сөзін жалғаған ол. – Салынған соң осылай артынан қадағалау жүреді. Дұрыс па, жоқ па дегендей. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» дейтін үлкен мекеме бар. Егер мына жолды салған компанияда шалалық байқалса, онда бұл қабылданбайды. Мемлекет қарамағына өтпейді. Заңдылық солай.

– Жөн екен, – десті Ізекең де сақалын салалап. Әлгі жігіттің өздерін қандай мекеме деп айтқанын түк түсіне алмады. Түсінгені – бұлар жол тексеретін кәмисия. – Құдай-ау, оларың орынды. Кешегі Сәбет үкімәті салмаған жолды әзер салғанымызда не істегені деп аттандағаны ғой жаман шалдың?!

Аптығын басқан ақсақал асықпай қалтасына қол салған. Кемпірінің әлдебір дәрісінен босаған құтысын шақша қылғаны бар. Соны ердің басына тықылдата ұрып алды. Сөйтті-дағы да тіл астына бұйра насыбайды тастай салған. Ашқылтым иіс шалдың маңайын ғана торлайды.

– Балам, сонда мына жолды жаратпасаңдар, қайтесіңдер, аудартып тастайсыңдар ма? Шал көңілінде әлі де күдік бар.

– Әзірге көзге тегіс болғанмен кейбір жерге асфальт дұрыс төселмеуі мүмкін. Енді бірде құрамы нашар болып, үгітіліп жатады. Астыңғы қабаты дұрыс болмаса, жол аз уақытта ойнамалы болып кетуі мүмкін. Енін тар қылып, тастап кететіндер бар. Қалыңдығын дұрыс есепке алмайды. Бұлардың барлығының стандарттық өлшемі бар. Соны тексереміз. Біздің лабораториялық қызмет осылай, – деп алғаш танысқан жігіт түсінікті тілмен айтып жатты.

– Әй, сонда да бұздырмаңдаршы. Осылай деген қиқар шал есегін тепеңдеткен күйі ауылға жөней берген.

Расымен аз күнде жол салушылар қайта оралды. Келді-дағы кейбір жерін қайта қалыңдатты. Кейбір жердің енін де ұзартты. Бір аптадай кем-кетігін жөндеген.

Ізекең бұның бәрін сырттай қарап жүрді. «Үкімет де кең ғой, әйтпесе қияндағы Қаймаққа жол салу кімнің ойында бар десейші». Іштей осылай күбірлейді.

Әне, енді жаңа жолдың жиегінде қара есекті қайта тепеңдетіп, дария жиектегі бақшасына бара жатыр. Жылда немерелеріне қауын-қарбыздың тұқымын тастайтыны бар. Есектегі ердің басында кемпірі салып берген дорбасы салаңдайды. Ішінде айран мен суық ет. Осы кезде қасынан жеңіл көлік өте шыққан.

– Ызғытуын шіркіннің, – деді Ізекең көз ұшында кеткен «Мерседеске» қарап. – Қай күні арғы көшедегі Бейсенбайдың кенжесі осындай алды деп еді. Сол шығар мынауың. Ойпырмай, екі жарым сағатта зорға баратын орталыққа сағат болмай барады дей ме? Құдіретін қарашы, мына әспалтіңнің…

Ақсақал көңілді ыңылдайды. Асфальт үстінде есек тұяғы да қалыспай келеді. Тық-тық, тық-тық…

Осы оқиғаны «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаевқа айтып бергенмін. Естіген бойы риясыз ақтарыла күліп «Оның рас, біздің саладағы жұмыстың қиыншылығы өз алдына, былайғы жұрт түсіне бермейтін жағдайлар да жиі кездеседі» деп қалды.

Айтпақшы, жоғарыда сөз қылған кәсіпорынның қалай құрылғанын филиал директоры өзі айтып берді.

– Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында елдегі жолдардың сапасын жақсартуға басымдық беру керектігі баса айтылды. Осыдан соң 2019 жылғы 20 наурызда Үкіметтің №131 қаулысы шықты. Қаулы негізінде біздің республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Мұндағы ең басты міндет – республика аумағында салынып жатқан немесе жаңарту, жөндеу кезіндегі автожолдардың сапасын сараптау. Біз жол сапасына сараптама жүргізе отырып нақты әрі қорытынды шешім бере аламыз, – дейді Ерболат Көштаев.

Біз әдейілеп филиалдың зертханасына да соққанбыз. Мұнда қажеттінің барлығы бар. Жолға қажетті құрылыс заттарының сапасына жауапты біреу бар болар деп өзіміз іштей топшылайтынбыз. Расымен жаңартылған заманауи зертханалық құрылғыларды көріп, көңіліміз толды. Әрі бұның барлығы жыл сайын жаңа технология мен стандарт талабына сай қажетінше толықтырылып отырады екен. Зертхана барлық жол-құрылыс материалдарын, мысалы бетон, қиыршық не малта тас, топырақ, ыстық және салқын асфальт, сұйық битумды физикалық-механикалық сынақтан өткізуге әбден жарап тұр.

– Мысалы, бір алыс елді мекенде жол салынды делік. Оның маңында асфальт өндіретін зауыт жоқ. Қала орталығынан тасиды. Мұндай асфальт «салқын асфальт» деп аталады. Осы салқын асфальт төселіп болған соң біздің қызметкерлер екі аптадан кейін, ең жоқ дегенде бір айдан соң барып тексере алады. Ескеретін жайт бар. Осы салқын асфальтты қыста төсеуге мүлде болмайды. Күзде ауа райы 5 градус, ал көктемде 10 грудустан жоғары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Ал «ыстық асфальт» аты айтып тұрғандай, жолға ыстықтай төселеді. Біз бұны бір тәуліктен кейін барып сапасын тексере береміз. Екінші айта кететін жайт, жол салушы мекеме бізбен келісім-шартқа отырған соң ғана сапасын анықтауға көмектесеміз. Біздің басты міндет – жол құрылыс заттарының сапасын зерделеу, – дейді кәсіпорын сарапшысы Мағжан Қасымхан.

Мағжанның айтуынша, жол салынбас бұрын арнайы жоба-сметалық құжаттары дайындалады. Құжаттағы сызба бойынша оның ұзындығы, ені, қалыңдығы, асфальт не тастың құрамы, оның қалай орналасуы мен төселуі, бәрі-бәрі көрсетіледі. Әр жолдың салынуы әртүрлі. Кейбірінің ені 4 метр, қалыңдығы 3 сантиметр болады. Кейбір жолдың қалыңдығы 5 сантиметр деп көрсетіліп, ені 6 метр болуы да мүмкін. Мұның барлығы сол жоба-сметалық құжаттың қалай дайындалғанына байланысты. Құжатқа сүйене отырып, жол зертханашылары әлдеқандай кемшілік тапса, тапсырыс берушіге де, мердігер компанияға да хат жібереді. Ол кемшілікті жөндеуге мердігерге де  уақыт беріледі екен.

Айта кету керек, тендерден жеңімпаз болған жол салушы мекеме өзі салған құрылыстың сапасына кепілдікті өздері береді. Мысалы, «біз салған жол екі жылға жарамды» дегендей. Егер ол мерзімде жолда ақау пайда болса, онда сол мердігер кеткен қателікті жөндеуге міндетті.

Біздегі екінші бір қателік, техникалық қадағалаушыларда. Тапсырыс беруші тендер өткізгенде жол салушы мердігерден бөлек, оларға да конкурс жариялайды. Жеңімпаз техникалық қадағалаушы арнайы маман есебінде сол жолдың сапалы салынуына тікелей жауапты. Бірақ өкінішке қарай, бізде бұл жағы ақсап тұр. Өз міндетіне жүрдім-бардым қараған осындай техникалық қадағалаушының бірлі-жарымы биыл айыппұл арқалап та үлгерген.

– Дұрысы, жол салушы компания жол төсемей тұрып, құрылыс материалдарын бізге тексертіп алса дейміз. Онда көп нәрседен ұтылмайды. Біз «мына топырақ жарамды», «мына асфальт төсеуге әбден болады» деген шешімді ауызша айта салмаймыз ғой. Зертхана көмегіне жүгініп, сапасын зерделеп барып, қорытындысын қолына ұстатамыз. Бірақ зауыттан шығып жатқан асфальттың әр партиясы әртүрлі болады. Бір партияда 200, енді бірінде 1000 тоннаға дейін асфальт өндірілуі мүмкін. Соны шатыстырмаса болғаны. Одан соң жұмыс та жеңілірек жүреді, – дейді Мағжан Қасымхан.

Енді өткен жылдарға шолу жасамай-ақ, биылғы тексеру нәтижелеріне көз жүгіртсек. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы биыл 223 жолды тексеру нысанасына алған. 1297 сынама алынып, 460 жол құрылысына қажетті материалдың сынамалары нормативтік құжат талабына сай болмай шыққан. Ал аспаптық тексеру барысында 190 ақау табылыпты. Оның 59-ы жол салуда жіберілген өрескел қателіктер болып тұр.

Кәсіпорын осы қателіктерді анықтап мердігерлер мен тапсырыс берушілерге хат жолдапты. Нәтижесінде жоғарыда айтылған 460 нормативке сай келмеген құрылыс материалдарының 189-ы қалпына келген. Аспаптық тексеру кезінде табылған 190 кемшіліктің 123-і жөнделген.

Көктем басталып, жаз бойына еңбек ететін зертхана қызметкерлері қоңыр күзде де тыным тапқан емес. Ауа райы аса суық емес өлкеде жолға қатысты тіршілік қараша айына дейін тоқтамайды. Әсіресе, біздің облыста. Ал қыста мекеме қызметкерлері басқа қызметпен айналысады. Иә, дәл осы уақытта жұмыс та саябырсиды. Мұндайда филиалдағы мамандар өз білімдерін жетілдіреді. Орталық аппараттың ұйымдастыруымен түрлі курстарға қатысып, жол сапасын арттыруда өзге елдердің тәжірибесін алмасып қайтады. Филиалдағы тағы қуанышты жаңалық, қазір бұрынғыдай емес, барлық техника жаңартылған. Қызметкерлердің жұмыс формасы маусымдық мерзіммен ауыстырылып отырады. Айлық жалақы тұрақты, іссапар шығындары түгел төленіп тұр.

– Жаз бойы бізде жұмыс қарбалас. Ал қыста қарап жатпаймыз. Мысалы, барлық мамандар болып, облыстағы мектеп оқушыларымен кездесу өткізудеміз. Кәсіпорынның арнайы «Мың мектеп» атты бағдарламасы бар. Мұндағы мақсатымыз – біздің мамандыққа деген олардың қызығушылығын ояту. Жалғыз зертханаға ғана емес, жол салушылардың өзі қазір түрлі техникалық мамандыққа зәру. Біздің Қызылорда филиалы қазірдің өзінде 100-ге жуық мектепте кездесу өткізіп қайтты. Мұнан өзге ашық есік күндерін өткізіп, мектеп бітірушілерді зертханамен де таныстырып келеміз, – дейді зертхана меңгерушісінің міндетін атқарушы Орынкүл Мырзабаева.

Облыстық филиал мұнымен тоқтамайды. Қайырымдылық жұмыстарында да белсенді.  Аз қамтылған отбасылармен кездесіп, азық-түлік қорын ұйымдастырып келеді. Балалар мен Қарттар күні мерекесінде мекеме қызметкерлері бірауыздан келісе, қоржындарын көтеріп, сый-сияпатын үлестіріп жүр.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<