Мағзаман әулие

2110

0

Сайын дала саңлақ перзенттерін ешқашан ұмытқан емес. Арада сан ғасыр өткенімен олардың есімдері жамағаттың санасында берік орныққан. Еліміз егемендік алғаннан бері мәдени мұрамызды жаңғыртып, текті тұлғаларымызды қастерлеу үлгілі үрдіске айналды. Тар жол, тайғақ кешуде бұқараның қамын ойлаған абыздар  ұрпағымен қайта қауышты. Қазалы ауданындағы Майлыбас бекетінің маңынан салынған Мағдум   Мағзам – Мағзаман кесенесі осынау қағиданың өміршеңдігін аңғартады.

Дерекке жүгінсек, бабамыз ел жадында Мағдум Мағзам – Мағзаман әулие есімімен сақталған. Азан шақырып қойылған ныспысы – Сайд Ахмат Жалаладин Косани. 1461 жылы Ферғана аймағының Қосан шаһарында дүниеге келген оқымысты, ақын, дін және мемлекет қайраткері. Алғашқы ұстазы Маулана Мир Сайд Әлидің медресесін тіл білімінің синтаксис, морфология саласы бойынша үздік бітірген. Мұнан кейін Маулана Мұхаммед Қази, Қожа Ахрар Уали, Абдрахман Жами тәрізді ғұламалардан дәріс алады. Ең кереметі «Мағдум Мағзам»  атағын 30 жасқа жетпей иеленіпті. Бұл –«хазіреттердің ұлығы» деген діни білімі, іліми дәрежесіне берілген ең биік мәртебе.

 Ол соңына көптеген ғылыми, мемлекеттік іс басқару   жүйелері туралы құнды еңбектер жазып қалдырған. Өзі өмір сүрген дәуірдің діни, саяси-әлеуметтік мәселелеріне белсене араласқан қайраткер. Алшын жұртына пір сайланған. Сарыбайдың қызы Қамар анамызға үйленіп, ер балалы болады. Кейін ұлы Хақназарды өзінің орнына қалдырып, Самарханға оралады.

Мағдум Мағзам Жәнібек сұлтанның  арнайы шақыртуымен мемлекет ісіне араласады. Сұлтан оған Миянкөл деген аралды сыйға береді. Бұл жерде 4 некелі болады. Жаңа қоныста Мағдум Мағзам еккен 10 түп шынар кейін зәулім ағаштарға айналыпты. Асқан ғұлама Сайд Ахмат Жалаладин  Косани 81 жасында пәниден озады. Қабірі       Самархан қаласына іргелес Дахбет елді мекенінде. «Дахбет – парсыша он түп тал» деген ұғымды білдіреді. «Атадан тал қалсын» дегеніміз осы болар. Ұлы жолдың бойындағы кесене тым айбатты көрінеді. Қабырғасы Самарханның қыш кірпішінен қаланып, көк мәрмәрмен қапталса, есіктері Хиуадан әкелініпті. Бұқаралық ұсталар өрген ғимараттың биіктігі 21 метр болуының да себебі бар. Түп-төркіні киелі 7       санының 3 еселенген түрінен алыныпты.

Сонан бері 13 жыл өтседе кесене ашылардағы «Мағзаман әулие –Мұхаммед пайғамбарымыздың аналарды құрметтеу сынды үрдісін жалғастырушы. Көптеген мешіт-медрессе ашқан. Әйелдерді ер адамдармен қатар оқытып, сауаттандыруды өмірге енгізген. Мағзаман бабамыздың  баласы Ақсақ Темірдің, немересі Жалаңтөс баһадүрдің пірі болған. 1997 жылы Самархандағы Жалаңтөс баһадүрдің басына зират еттім. Сол жерде Мағдум Мағзамның өзіне қоса 30 ұрпағы жатыр екен» деген Сейілбек Шаухамановтың лебізі санамда әлі сақтаулы тұр.

        Айшығы көкпен таласқан зәулім кесене төңірекке нұрын шашып тұрғандай.  Ұзай бере соңыма бұрылдым. Маған ашық аспандағы жеңіл көшкен ақша бұлттар бабаның елге деген мейір, ықыласындай сезілді. Бәлкім, солай да шығар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<