Мал азығының берік қоры жасақталады

532

0

Үстіміздегі жылы ауа-райының қолайсыз болып, қыста қардың, көктемде жаңбырдың болмауы салдарынан қуаңшылық орын алып, мал шаруашылығы саласына біршама келеңсіздіктер туындауда.

Облыс әкімдігі тарапынан төрт-түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету туралы тиісті тапсырмалар беріліп, төмендегі шаралар атқарылды:

🔹Мал басын қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандар мен Қызылорда қаласында арнайы штабтар құрылып, шабындық жерлердің нақты көлемдері айқындалуда.

🔹Әрбір елді мекендердегі ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі кәсіпкерлермен жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал бастарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз етіп, оларға қолжетімді бағада мал азықтарын сату үшін меморандумдар жасалды. Бүгінгі күні барлық елді мекендерде шөп жинайтын бригадалар жасақталып, жаппай шөп ору науқаны басталды.

🔹Қолда бар малды қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін күріш егістігінің арасындағы табиғи шөптерді (атыздардың, арықтардың, жаптардың басындағы) орғызу мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек орталығы арқылы жастардан бригадалар ұйымдастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

🔹Бұдан бөлек, 3 шаруашылық «Азық-түлік келісімшарт Корпорациясы» ҰК АҚ арқылы 490 тонна арпа жемін сатып алуға келісім шарт жасасып, біртіндеп шаруашылықтар жемдерді қабылдап жатыр. Сонымен қатар, мал азықтық дақылдардың егіс көлемін арттыру бойынша жұмыстар жасалды. Ағымдағы жылы мал азықтық дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға артық егіліп, 66,4 мың гектар орналастырылды.​

Облыс бойынша 2021-2022 жылдың қысына түсетін малдарға қажетті 961,2 мың тонна ірі азықтық болып межеленуде. Бүгінгі күнге бірінші орым басталып, қыс мезгіліне 119,8 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл жұмыстар күзге дейін жалғасып, толығымен қажетті мал азығы жинақталатын болады.​ Жыл аяғына дейін жоңышқа дақылынан 220,2 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Қалған 741,9 мың тоннасы табиғи шөппен және күріш сабанымен толықтырылатын болады.

Айта кету қажет, қуаңшылық салдарынан Арал ауданының бірқатар шаруашылықтарында мал шығыны тіркелді. Аудан бойынша 559 мал өлім-жітімі анықталды. Қазіргі таңда бұл тығырықтан шығу мақсатында барлық аудандар бірлесіп қолдау көрсетуде. Сондай-ақ, бүгінгі күнге Арал ауданына 2,3 мың тонна шөп, 50,0 тонна күріш жемі жеткізілді. Қазір ахуал тұрақталды, мал шығыны жоқ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<