Қала іргесіндегі ауылдағы игілік

1451

0

Қаламен іргелес жатқан Ж.Маханбетов ауы­лына ат басын бұрған боларсыз?! Аты ауыл демесеңіз, шаһардың ізін басып, даму даңғылына түскен елді мекен. Шалғайдағылар облыс орталығына көшін бағыттаса, алдымен осында келіп бір демін алады. Соңғы кездері Ақсуат ауылдық округінде халық саны едґуір арта бастаған. Тұтынушылар қажеттілігіне орай қалада бардың бґрі осында да отау тікті. Тек Арал мен Жаңақорған арасындағы жалпақ жұрттың басы қосылатын базарлар жоқ демесеңіз,  қалғанының бґрі бар.

Мұнда «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүйелі жүзеге асып жатқан соң, құрылыс жұмыстарының ­аужа­йын байқап қайтқан едік.

Қырық жылдан бергі жөндеу

Ауылдағы №143 орта мектеп 40 жылдан бері күрделі жөндеу дегенді бастан өткеріп көрмеген. Осы күні елге белгілі дәрежеге жетіп, Алтай мен Атырау арасында еңбек етіп жүрген талай тұлғаның оқушы күндері осында өтті. Күні кеше өмірден өткен ұлағатты ұстаз Батырхан Остаевтың да саналы ғұмыры осы мектеп қабырғасында сырғыды емес пе?! Талай шәкірт қанаттанды. Ұядағы сарыауыз балапаннан қияда қанат қаққан қыранға айналды. Қабырғаға тіл бітсе, таңды таңға ұрып, талай сырды ақтарып салар еді-ау. «Ауыл – ел бесігі» жобасының биылғы нысанасына осы мектеп те енгізілді. Дәлірек айтсақ, Ақсуаттан белгіленген ұзын-сонар тізімнің көш басында.

– Бәріміз осы мектепте білім алдық. Есейіп, ер жеттік. Қабырғалары көнеріп, едендерінің тозығы жетті. Есік-терезелерді ашып-жапқан сайын жанымыз шығып отыратын. Мемлекеттік бағ­дар­ламалар жоғымызды бүтіндеп, барымыздың шырайын шы­ғаруға сеп болып жатыр. Мына қабырғалар жаңарып, заманауи есік-терезелер салынуда. Еден де толық алынып тасталып, жаңасы төселеді, – деді ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев.

Бүгінде жөндеу қарқын алған. Ғимарат ішіне кірген­нен-ақ, әжептәуір жұмыс қолға алынғаны байқалып тұр. Жобаның негізгі мақсаты да сол – бір ауылда не мәселе бар, соның бәрін шешуге атсалысу. Мердігер «Мұнай құрылыс» ЖШС мекемесі таланттарды түлеткен білім ошағының жаңаруына барын салуда. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Есік-терезе ауыс­тырылған. Жылу жүйесіне де жаңа құрылғылар орнатылып, қыстың қытымыр аязына сақадай сай тұр.

Ғимарат сыртынан қа­ра­ғанда сонау кеңестік кезеңнің құрылысы екенін жазбай тануға болады. Сол кезеңнің көп қолданылатын силикат кірпішінен салынған білім оша­ғының стилі де сол дәуірде са­лынған мектептермен сәндес. Жоба бойынша сырты сайдинг материалдарымен жабылады. Бұл жұмыс әлдеқашан басталып кеткен. Қазір бірнеше қабырға жабындының астында. Жақында осы елді мекенде балабақша іске қосылған. Жаңа ғимарат емес, бірақ заманауи үлгіге айналдырып, көне ғимаратты толық жөндеуден өткізді. Бүгінде қатарлас бала­бақшалардың алды. Ғи­марат үлгісі де көздің жауын аларлықтай. Білім ошағы да сол әсем кейіпте болады деп күтілуде.

– Балабақшаны көрсеңіз, мектептің сырты да  сайдингпен қапталады. Әдейілеп ашық түсті таңдадық. Өйткені, сонадайдан көзге түседі әрі адамға көңіл-күй сыйлайды. Балалардың сапалы білім нәрімен сусындауы үшін барлық жағдайды жасаудамыз. Білімге салынған қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Міне, сондықтан олар заманауи, барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жерде оқуы керек, – дейді ауыл әкімі.

Білім ошағын күрделі жөндеуге 153 млн теңге қаражат қаралған. Қырық адам жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 8 адам жұмыссыздар арасынан алынған. Сыртқы жұмыста да біраз адам еңбек етіп жүр. Қажетті құрал-жабдықтар мен қауіпсіздік ережесі қатаң сақталған. Сайдинг қаптаушылардың бірі – Рахметулла Нағашыбаев.

– Осы салада еңбек етіп, күн сайын жаңа нәрсе үйреніп келемін. Сайдинг қаптаудың артықшылығы көп. Біріншіден, ғимаратқа әр беріп тұрса, екіншіден, жыл сайын әрлеу жұмыстарының шығынынан арылтады. Оның үстіне, біз желді аймақта тұрамыз. Желден қалқан болып, жылуды сақтауда да пайдасы зор, – дейді Р.Нағашыбаев.

«Наурыз» саяжайындағы №268 орта мектеп-лицейінің алдынан балаларға арналған спорт алаңқайы салынып жатыр. Бұған қалалық бюджеттен 7 млн 800 мың теңге қаражат қаралған. Спорттық тренажер алаңын мердігер «ПолиСтройПроект»  ЖШС салуда.

– Бұл жерде 14 түрлі ойын құралы орнатылады. Ба­ла­ларға қажетті жабдық. Осы маңай тұрғындары мен мектеп оқушылары уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға әрі бұқаралық спортты дамытуға жақсы мүмкіндік, – дейді М.Сейтжаппарұлы.

Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылында ауылдық округтегі №143 орта мектеп пен №268 мектеп-лицейін бітіруші 40 оқушының 35-і ҰБТ-ға қаты­сып, 6 шәкірт үздік аттес­татқа қол жеткізсе, тағы 6 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.

Жол қадірін жүрген білер

Ақсуатта жол мәселесі талайдың шымбайына батып жүрген. Көлік жүрсе, ақ шаңы аспанға көтеріліп жатқан көше көп. Бюджеттен бөлінген қар­жыға осындай ақсап тұрған тұстар жөнделеді. Бірақ, жолдан да басқа түйткіл көп. Оларды да тарқату керек. Мұндайда «Ауыл – ел бесігі» жобасы оң ықпал етуде. Аталған елді мекенде жоба бойынша 16 көше жөнделіп жатыр, ал қалалық бюджеттен 2 көшенің орташа жөндеуден өткізілуіне қаржы бөлінген. Өткен жылы да бұл салада қыруар жұмыс атқарылды, 11 көше жөнделді. Жыл сайын жолы жақсарып, көшесі көріктенген елді мекеннің биылғы жетістігі талайдың аузында жүр.

– Жиырма жылдан бері жол жөндеумен айналысамыз. Біз ұтып алған жұмыс – 17 көше. Оның ішінде 10 тас жол, 7 асфальт жол. Қазір тас жолды аяқтадық. Негізі келісімшарт бойынша тамыздың аяғына дейін бітуіміз керек. Мерзімінен бұрын тәмамдаймыз деген жос­пар бар. Сапалы әрі уақытылы қолданысқа беруіміз керек. Мекемеде 16 адам жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындар арасынан 14 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Қай жерде жұмыс істесек, сол жердің халқына барынша септігіміз тигенін қалаймыз, – дейді «Набат-2000» ЖШС директорының орынбасары Ғабиден Боран­құлов.

Бұл көшелерді жөндеу жұмыстары бірнеше бағ­дарлама бойынша жүзеге асуда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы және қалалық бюджет осы игі іске жұмылуда. Мәмбетәлі Сейтжаппарұлының айтуынша, үнемделген қар­жыға тағы да  бірнеше көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспары бар.

– Барлығын бюджет қара­жатына қаратып қоюға болмайды. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен орталықтағы А.Найзағараев көшесінің аяқ жағына қала көшелерінен алынып тасталған ескі брусчаткаларды төсеудеміз. Жаңа болмаса да, көшеміз таза тұрады. Халық батпақ кешкеннен, тақтайдай тегіс тротуарда жүргені маңызды. Мұндай қосымша жұмыстар жыл аяғына дейін жалғаса береді. Қазір ескі брусчаткалар бір шақырым жерге жетті, – дейді ауыл әкімі.

Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша биылға 8 елді мекен таңдалып, оларда 52 жоба жүзеге асырылмақ. Оның  32-де көшелерді жөндеу мақұлданған. Ауылдардағы 68 мың халық осы жобаның шарапатын сезінбек. Барлығы 138 жұмыс орны ашылса, оның 21-і тұрақты, яғни, алдымен ауылдағы ахуалды қалыпқа келтірсе, екіншіден жұрттың екі қолына бір күрек ұстатып, еңбектің нанын татқызады. Биылғы жұмыс көлемі осындай.

– Мәселен, ауыл әкімі бізге ұсынысында тек жол туралы немесе бір нысанды жөндеуді айта алмайды. Біз бір ғана жоба үшін ауылдарға бармаймыз. Ондағы барлық мәселені кешенді қарастырамыз. Сосын ол ауылға бірнеше жыл бойы ат ізін салмауымыз керек. Президент пәрмені де осындай. Елдегі барлық мәселені шешіп алу – сол ауылдың әкімінің іскерлігіне байланысты, – дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бас­шысының орынбасары Ал­магүл Нұрасылова.

Ақсуатта күрмеуі қиын болған білім ошағы мен жол мәселесі осылайша жоба бо­йынша шешім табуда. Десе де, елді мекенде қазір бұдан бөлек ауыз су, жарықтандыру жұмыстары да жанданған. Мәселен, ауылдың жаңадан қоныстанушы тұрғындарын ауызсумен қамтудың 2018-2020 жылдарға арналған жос­парына сәйкес, «Мелио­ратор» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі құрылыс жұмыс­тарын жүргізуде. Биыл құрылысты аяқтап, іске қосуды жоспарлауда. Ал жарық­тан­дыру кезең-кезеңімен іске асып келеді. Жаңадан қоныстанушы тұрғындар орна­ласқан 14 көшені электр жүйесімен қамту мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жоба-сметалық құжат­тар  әзірленген. Сонымен қатар, 5 көшені түнгі жарықпен қамту мақсатында құжаттар дайындалып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім жолданды.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суреттерді түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<