Қажырлы еңбектің қайтарымы

1115

0

Халықтың алғысына бөленіп, еңбектің шынайы бағасын алған жандардың бірі – Ажаркүл Алдажарова. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ІІІ дґрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ажаркүл Сейділдақызы биыл 70 жасқа толды.


Саналы ғұмырын еңбекке арнап, еліміздің дамуына үлес қосқан ол 1950 жылы 25 қаңтарда Қазалы ауданы, Май­лыбас ауылдық Советіне қарасты Ленин колхозында дүниеге келген. 8 сыныпты бітірісімен ана­сына көмекші болып, шаруа­шылықтың сан түрлі жұмыс­тарына арала­сады. 18 жасында алғаш рет «Қаратүбек» де­ген жерге күріш егіп, 40 цент­нерден өнім алды. Мұнан соң 1976 жылы Қызылту сов­хозында бірінші рет ин­женерлік ­жү­йе­ге келті­рілген жерге күріш егіп, онан 70-99,6 центнерден өнім жинайды. Бұлай мол өнім алу оңай шаруа емес. Сол уақыттағы қиыншылық Ажаркүл апаның әлі есінде.


– Еңбекке ерте ара­лас­тым. Ол кезде қазіргідей техника жоқ, барлық жұ­мысты қолмен атқарасың. Бізге қойылатын талап та бөлек болатын. Әуелгіде алдыңғы буын аға-апа­ла­рымыз Пернегүл Фар­хатова, Үрзия Егізбаева се­кілді күрішшілерге еріп, 20 гектардай жерге егін салдым. Кейін жыл сайын егін көлемін көбейтіп отыр­дым. Таңның атысынан күн­нің батысына дейін атыз жағалап, су кешіп жүрдік. Қас қарайғанда үйге келіп бала-шағаммен қауы­шамын. Таң атпай тұрып солардың тамағын дайындап, нанымды жауып қайта кете­мін. Күнделікті жұмысым осылай өрбитін, – дейді диқан.


Осындай еселі еңбегінің арқасында ол III дәрежелі «Еңбек даңқы» ор­денімен, Бүкіл­одақтық ауыл шаруа­шылығы көрме­сінің алтын медалімен марапатталды. Облыстық Советтің де­пу­таты болды. Қазақ ССР Мем­лекеттік сыйлығының лау­реаты, бірнеше жыл бойы социа­листік жарыс жеңім­пазы атанды.


Ол 45 жасында респуб­ликалық дәрежедегі зейнет демалысына шығады. Зей­нетке шықса да, күріш егіп, қоғам­дық жұмыстарға белсене араласты. «Қазалы ауданының құрметті аза­маты» атағына ие болды. Бұл туған жерінің, халқының Ажаркүл апаға деген құр­меті мен шынайы алғысы болатын.


Ажаркүл Алдажарова жұ­­байы Ержігіт Қараманов екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. Көпбалалы ана олар­дан 22 немере, 14 шөбере сүйіп отыр.
Еңбекпен шыңдалып, қиын­­­дыққа төзіп, бақытын тап­­­қан Ажаркүл апаның өмірі өскелең ұрпаққа үл­гі-өнеге. Ер мінезді қай­сар­лығы, қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісі бү­гінде оны парасат биігінен көрсетуде.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<