Қоршаған ортаны қорғау саласындағы «Байқоңыр» кешені

1618

0

Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі. Себебі жылдан жылға түрлі салалардың дамуымен қатар қоршаған ортаға келтірілетін теріс әсерде артып келеді. Елімізде индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыру мен жаңа заманауи қол жетімді технологияларды енгізу арқылы қоршаған ортаға келітіріп жатқан теріс әсерді азайту мақсатында түрлі шараларды атқару қажет. 

Бұл мақалада әлем назарын аударған Байқоңыр кешеніндегі ғарыш айлағымен оның қызметін қамтамасыз ететін объектілердің және Байқоңыр қаласындағы халықтың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызметінде, қоршаған ортаны қорғау бойынша жүзеге асырылатын шаралар туралы айтылмақ.

Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран аппаратының ғарышқа ұшырылуына дейін және ұшырылғаннан кейін қоршаған орта келітірілген әсеріне мониторинг шараларын Ресей Федерациясы тарапынан «ЦЭНКИ»  КЦ Южный Акционерлік қоғамының Байқоңыр қаласындағы филиалының арнайы заманауи құрылғылармен жабықталған экологиялық мониторинг қызметі жүзеге асырып зымыран аппаратының ғарышқа ұшырылуын сүйемелдейді.

Қазақстан Республикасы тарапынан зымыран аппаратының ғарышқа ұшырылуын сүйемелдеп, қоршаған орта сапасына және ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне түсіп отырған аймақтарға экологиялық мониторингті Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ғылыми-зерттеу орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Байқоңыр кешеніндегі филиалы жүзеге асырады. Атап айтқанда ғарыштық аппарат ұшырылғанға дейін және кейін елді-мекендер аумағында қоршаған орта компонеттері атмосфера, су, топырақтан сынамалар алып зерттеу жұмыстар жүргізеді. «Ғарыш-Экология» ҒЗО РМК-ны ҚР-ның «Байқоңыр» кешенінің ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне ұшыраған аймақтарына экологиялық мониторинг жүргізетін және ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау бойынша қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындайтын Қазақстандағы мамандандырылған жалғыз кәсіпорын болып табылады.

Жүргізілген экологиялық мониторинг жұмыстары нәтижесінде ластаушы заттардың шекті жол берілетін фондық көрсеткіштен асқан жағдайлары тіркелмеген.

Осылайша Байқоңыр ғарыш айлағында зымыран аппаратының ғарышқа ұшырылу кезінде экологиялық қауіпсіздікті және қоршаған ортаның сапасын бақылауды замануи үздік технологиялармен жабдықталған арнайы мамандандырылған кәсіпорындар жүзеге асырады.

Сонымен қатар 2014 жылғы 24 қарашадағы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының екінші отырысының хаттамасына сәйкес өңірдің экожүйесіне жүктемені төмендету мақсатында Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту жоспарланған.

Атап айтқанда 2017 жылы ұшыруды екі есе қысқарту, 2020 жылы тағы екі есеге, 2025 жылы «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыру санын беске дейін қысқарту және 2026 жылы іс жүзінде аяқтау.

Ендігі кезекте Байқоңыр кешенінде Қазақстан Республикасының экологиялық заң талаптарының сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылау қызметіне тоқталсақ.

Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау қызметіндегі негізгі бағытының бірі Байқоңыр кешеніндегі қоршаған ортаны қорғау мәселесі.

«Байқоңыр» кешеніндегі табиғат пайдаланушы болып табылатын объектілер мен халықтың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының экологиялық заң талаптарының сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылау шаралары Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің Қармақшы ауданы және Байқоңыр аймағы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімімен жүзеге асырылады.

 Байқоңыр қаласындағы халықтың тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ететін ГУП ПО «Горводоканал», ГУП ПЭО «Байконурэнерго» кәсіпорындары ірі табиғат пайдаланушы болып табылады және шарушылық қызметтерінде қоршаған ортаға келетін теріс әсердің біршама үлесін құрайды.

Қызылорда облысы бойынша экология департаментімен Байқоңыр кешенінде ГУП ПО «Горводоканал»  кәсіпорнына мемлекеттік экологиялық бақылау аясында тексеру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорынның негізгі міндеті Байқоңыр қаласының тұрғындарын және ғарыш айлағының старттық және техникалық кешендерін сумен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады.

         Жүргізілген мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұйғарым беріліп,  анықталған бұзушылықтарды қалпына келтіру бойынша «ГУП ПО «Горводоканал» кәсіпорынымен гидротехникалық құрылыстарды жақсарту және эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған, кәріз тазарту жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар атқарылды.

Кәсіпорынмен шекті жол берілетін концентраттар және шекті жол берілетін төгінділер нормаларын бақылау үшін апта сайын ағынды сулардың сандық және химиялық талдауын алады. Департаментпен берілген бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындау мақсатында жоғарыда аталған шаралардың атқарылуы нәтижесінде 2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында кәріздік тазарту құрылыстарымен тазаланатын сарқынды суларды тазартудың оң динамикасы байқалған.

Қазіргі уақытта ГУП ПО «Горводоканал» кәсіпорынымен жинақтағыш тоғандарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін анықтау, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қажетті шығындарды есептеу немесе сарқынды суларды табиғи биологиялық тазарту үшін жаңа гидротехникалық құрылыстарды салу қажеттілігін анықтау мақсатында сараптама ұйымын іздестіру жүргізілуде.

Сонымен қатар Байқоңыр қаласындағы қоршаған ортаны негізгі ластаушы көзі ГУП ПЭО «Байконурэнерго» кәсіпорыны болып табылады. Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі Байқоңыр қаласын электр энергиясымен, жылу және қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету болып табылады. Кәсіпорын өз қызметін жүзеге асыру барысында  жылу қазандықтары мазут отынымен жұмыс жасайды.

Осы ретте, Департамент тарапынан құзырлы мемлекеттік мекемелермен жергілікті атқарушы органдарға Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылға арналған Жол картасы аясында Байқоңыр қаласында қоршаған ортаға шығарындыларды азайту және тұрғындардың өмір түсіру ортасында атмосфералық ауаның сапасын жақсарту мақсатында ГУП ПЭО «БайконурЭнерго» жылу қазандығын  табиғи  газ отынан көшіру туралы ұсыныс берілді.

 Сонымен қатар бүгінгі күні еліміздің қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамада айқындалған және қалдықтарды бөлектеп жинауды енгізуге, қайталама шикізаттан өнім ала отырып, қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін дамыту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда.

         Осы бағытта, Департаментпен атқарылған іс шаралар нәтижесінде «Байқоңыр» кешеніндегі «Инфракос» ШЖҚ РМК кәсіпорынымен «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмайтын объектілерді кәдеге жарату барысында құрылыс қалдықтарын, бетондарды  ұсақтау барысында қайталама шикізат ретінде пайдалануға жарайтын бетон-қиыршық тас қоспасы (бетонно-щебеночная смесь) түзілуде.

Бүгінгі күні «Байқоңыр» кешеніндегі «Инфракос» ШЖҚ РМК кәсіпорыны құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату барысында түзілген екінші рет шикізат ретінде пайдалануға жарайтын 30 000 (отыз мың) тоннадан астам бетон-қиыршық тас қоспасын жол құрылысына төсеуге және басқада құрылысқа пайдаланатын кәсіпорындарға беруге дайын.

Осыған сәйкес, Департамент Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына және аудандық әкімдіктерге елді мекендердің жол құрылыстарын және басқада құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында жоғарыда аталған бетон-қиыршық тас қоспасын пайдалануға болатындығы туралы мәселесі көтеріліп, жергілікті атқарушы органдардың назарына ұсынылды.

Жоғарыда аталып өткен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс-шаралардың жүзеге асырылуы Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің эколог мамандарының сапалы атқарған жұмыстары мен кәсіпорындарда қоршаған ортаны қорғау саласында қызмет атқаратын тәжірибелі эколог мамандардың қосқан үлесінің нәтижесі деп білуге болады.

Осы ретте қоршаған ортаны қорғау саласында аянбай еңбек етіп келе жатқан және еңбегін сіңірген эколог мамандарды 5 маусым дүние жүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мерекесімен құттықтай отырып, отбастарына береке, қызметтеріне табыс тілейміз.

Шынберген ЖАҚСЫЛЫҚ,

Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің Байқоңыр аймағы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<