Қырман толы қызыл дән

1737

0

Өзінің даусы ысқыра шығады. Мұрны шуылдай демалатын қоңыр өгіздер болушы еді біздің елде. Құдды сондай. Тынымсыз екен. Қырман басындағы осының үні айрықша әйтеуір.

Жұрт бұны «погрузчик» деп атайды. Жүк тиегіш трактор екенін бәріміз білеміз ғой. Әсіресе құм мен саз артуда жөні бөлек. Бірақ, шын маркасын ешкім жаттамайды. Бізге Қытайдың өнімі жат болмағалы қашшан. Бұл да сол елден шыққан. Енді, міне, біздің елдің бейнетін белуардан кешіп жүр.

Қырман толы дән. Биылғы өнім. Әлгі погрузчигің таудай үйілген дәнді ауық-ауық сапырады. Тура сабадағы сары қымыздай. Алдыңғы бөлігінде жарты тоннадан астам затты көтерер астауы бар. Жер несібесін сонысымен асайды. Асаған күйі үйілген дәннің үстіне қайта төгеді. Әлгіндей. Сапырып. Осылай екі-үш рет қайталайды. Сосын бұдан жалыққандай соңғы тиеген астау толы қара күрішті дәл жанындағы тіркемесі бар КамАЗ-ға лақ еткізе төгеді…

Шаған ауылындағы қырман көрінісі бұл. Облыс орта­лығынан 60 шақырымдай жердегі елді мекендеміз. Бұрындары «Ворошилов» колхозы деп  аталған. Негізгі тарихы 1930 жылдардан басталады. Күріш егуден КСРО-ға белгілі болды бұл Шаған. Қ.Әбуов, Ә.Атақаев, Ш.Құндызбаев, Ә.Кәмішов, С.Асқаров, Қ.Дәдікбаев сияқты азаматтар Шағанның шырайлана түсуіне бар жігерін аямапты. Олар туралы бүгінгі шағандық ағайын осылай айтады.

Ауылдағы ең ірі шаруашылықты аты – «Шаған- Жер» ЖШС. Былтыр қаңтар айында халықтың ұсынысымен төраға болып Жеңісбек Сыздықов сайланыпты. Тұрғындардың көбі осы шаруашылықта жұмыс істейді. Дұрысы, мұнда 350 адам бар. Көбісі ала жаздай дала төсінде. 8 бригадаға бөлініп, 3 мың гектарға жуық күріш еккен. Одан бөлек, 100 гектардан астам мақсары, 1600 гектар жоңышқа өсіреді.

Басты мақсат – жаңа техника алу

Ауыл ішінде шаруашылық басшысы Жеңісбек Сыздықовтың өзіне жолығып қалдық. Сөзге шорқақтау екен. Керісінше, таңғы бестен бастап егін алқабын жағалап кететінін осындағылардан естідік. «Бұл енді қашан жиын-терім біткенше өзіне де, өзгеге де тыныштық бермейді. Талап пен тәртіп, еңбекті бағалау, уақыт жоғалтпау сияқты керектіні өзінен де, өзгелерден де көргісі келеді». Бұл да – жергілікті тұрғындардың пікірінен құлағымыз шалып қалғаны.

Шаруашылықтың басты бағыты егін егу екенін айтқан төраға «Шаған-Жер» серіктестігіне қарасты «техниканың бәрін қайта жабдықтасам» деген арманын айтып қалды.

– Расын айту керек, өзге шаруашылықтарға қарағанда біз бұл жағынан ақсап тұрмыз. Техниканың тозғандығын оны жүргізіп жүрген, жөндеп жүрген өзіміздің жігіттер де жиі айтады. Биыл өнім жақсы болса, жаңадан ауыл шаруашылығы машиналарын алуға барынша күш саламыз. Былтыр бір жаңа жатка алдық. Ескі болса да, екі тракторды шаруашылыққа әкеп тіркедік. Тағы бір комбайнды да осылай іске қостық. Соқаларды жаңарттық. Кейде тіршілікті нөлден бастаған жақсы еді деп те ойлаймын. Бірақ қолдан келгенше әрекет қылуымыз керек. Басты мақсатым да, арманым да – сол. Шағанда шаруашылықтың техникалық паркін жасақтауымыз керек, – деп ішкі ойын жасырмады Ж.Сыздықов.

Сондай-ақ мұнда бір кездері ірі қара көп болған. Әсіресе, мүйіздінің саны едәуір еді. Сиыр фермасы жұмыс істеп, сүт дайындауда алда болыпты.

– Қазір шаруашылық есебінде 160 бас жылқы, 50 басқа жуық сиыр және жақында сатып алынған 50 бас тоқты бар. Бұдан шығар ет не сүт өнімдері өз жұмысшыларымызды тегін тамақпен қамтуда көп рөл атқарып тұр. Ағарған ішіп, ет жеген адамның жұмысқа деген ынтасы да жақсы болады емес пе?! – дейді төраға.

Тағы бір естігеніміз, мұнда ең төменгі жалақы – 55-60 мың теңге. Ал орташа айлық қанша десек, 120 мың теңгенің маңайында. Шаруашылық ауылдағыларға жоңышқаның бумасын 350 теңгеден босатыпты. Үй басына 150 данадан ғана беріледі. Жеңілдік есебінде. Түтін саны 850 болатын Шаған халқына жоңышқа жеткізу де аз еңбекті қажет етпесе керек.

– Шаруашылық әлеуметтік көмекті жиі береді. Мереке сайын ұмытпаймыз. Бір мысал, жақында ғана «Мектепке жол» акциясы аясында 50 балаға керек-жарағын алып бердік. Ондағы спорт залын жөндеуге де қаржы бөлдік.

Биыл он шақты бие байлағанбыз. Мына індет кезінде жылқы сүтінің пайдасы жиі айтылып жүр. Ел ішінде кісі ауырмай тұрмайды. Саумал мен қымыз ұйымдастырып, ауырғандарға, қарияларымызға тегін таратып отырмыз, – деп қалды енді бір сөзінде шаруашылық басшысы.

Жылыжай немесе «Қожабек бағына» барғанда

Шағанда Қожабек Дәдікбаевтың есімі ерекше аталады. Шаруашылықтың да әбден кемеліне келгені осы тұс дейді. Дәдікбаевтың уақытында Шағанда алма бағы егілді. 2000 көшет отырғызыпты сонда. Алмағайып тұста 13 жыл қараусыз қалған бақтың күтімі биыл қолға алынған. Бес адам тұрақты жұмысқа тұрыпты. 

– Сол 2000 түп алмадан 900-і қалды. Өзі екі-ақ сорты бар. «Белый антоновка» және «красный шантан». Сондай-ақ оның жанынан бақша ұйымдастырып, көкөністің түр-түрін ектік. Қырыққабат, қияр, қызанақ, қызылша, болгар бұрышы, баклажан және картоп пен жуа. Бұлай етуіміздің де себебі бар. Жаздай егін басындағы жұмысшыларға шаруашылықтан ыстық тамақ ұйымдастырылады. Соған сәйкес біз өнімді егіп, өзімізге ғана пайдаланып отырмыз. Бұл көкөністерді осы мақсатқа жіберудеміз. Ал алманы ауыл тұрғындары компот пен тәтті тосап дайындауға сатып алады Келісі жүз-ақ теңге, – дейді шаруашылық басшысының  өндіріс жөніндегі орынбасары Әбдіразақ Сәдуов.

Бақ ішінен асқабақ пен қауын-қарбыз да көрінеді. Күн бағытына қарай басын ие күнбағыс та өсіпті. Күз айының берекесі мұндағы тіршілікке осылай көрік беріп тұр.

Айтпақшы, ауыл ішінде биыл тәжірибе ретінде алғаш рет жылыжай жұмысы қолға алыныпты. Қияр өсірмекші. Өсірмекші дейміз-ау, біз барғандағы жылыжайдан көргеніміз – төрт құлақтана бастаған қиярдың  «Северин» деген сорты.

– Тамшылатып суару арқылы қолған алынған жоба. Өзі үш сотық жер.  Мың түп қияр отырғызғанбыз, нақты саны керек десеңіз, қазір мұнда 900 түп қияр өсуде. Шықпаған жерге қайта егеміз. Енді 35-45 күн аралығында өнім аламыз деп болжап отырмыз. Үш адам жұмыс істейді. Ауылда дүкен бар, одан қалды ауыл тұрғындары да осы өнімді күтіп жүр, – дейді жылыжай меңгерушісі Рүстем Сматов.

Жыл ішінде шаруашылық жылдамдатқан жақсы істің бірі бұл. Әрі әр қиярдың түбінен 5-10 келіге дейін өнім алуға болады екен.

Күріш те бала сияқты

«Шаған-Жер» серіктестігі 2900 гектар жерге күріш егіпті. Нарықтағы нағыз сұранысты қанағаттандыру үшін мұнда тек «Лидер» сорты ғана. Сатып алушылар осы түрін алуға көбірек ынталы. Дән топыраққа түскеннен бастап есептесек, 120 күнде толық пісетін күрішіңіз осы.

Егістікті аралағанбыз. Бітік көрінді. Жаткасы орылмаған атыздарға көшіп жатса, ендігі міндетті атқаруға комбайн дайын тұр. Комбайн берер өнімді күткен ХТЗ-150 тракторының да күшенген даусы шығады. Артына тіркеген тіркемелері дәнге толса, қырманға қарай жұлқына тартуға асық. Бір-бірімен сабақтаса қалған еңбек майданына қалай сүйсінбейсіз?!

Егістік басында былтыр гектарына 58 центнерден өнім алған Әбдікәрім ағамен тілдестік. Осы қыркүйекте 60 жасты толтыратын ағаның ширақ қимылы өзінің шаруақор адам екенін айтпай-ақ білдіріп тұр. Қырық жыл шаруашылықта тер төккен. Механизатор, агроном да болған. Қай жұмысты да жанын сала істепті. Елге сәл болса да пайдам тисін деген нағыз еңбек адамы.

– Мамандығым – агроном-ұйымдастырушы. Осындағы 6-бригаданың бригадирімін. Былтыр өнім жинаудан алға шығып, жұрт алғысын алғанбыз. Биыл да сол межеден қалмаспыз. 427 гектар жерге күріш ектік. 12 күрішшім бар. Алды 40, аяғы 30-33 гектардан жер алып, күріштің бабын ала жаздай жасап шықты. Былтырдан бері жаңа техникаларға қол жеткіздік. Соқа мен өнімді жинайтын комбайндар біртіндеп жаңалануда. Құдай қаласа, қазанның ортасына қарай егінді толық аяқтасақ дейміз, – деп ағынан жарылды Әбдікәрім Серікбаев.

Ең қуаныштысы, гектарына 90 центнер жинаған күрішші де осы шаруашылықта болып шықты. Биылғы өнім жинауда басқаны алдына салмаған Дархан Мұхамеджан – осы елдің тумасы.

– Өзіме тиесілі 30 гектар жер бар. Жаз бойы күтімін жасап келдік. Күріш те бала сияқты, мәпелеп отырмасаң болмайды. Алғашқы қырық күнде біраз жұмысы бар. Суды бір тартып, бір беріп, әбден ілімін алғанша көп тер төгуің керек.

Шаруашылық биыл өнімді жақсы жинайды деген сенім бар. Егіннің шығымы тәуір. Былтыр гектарына 58 центерден алғанмын. Биыл жер ауыстырып көрдік. Нәтижесі өзіңіз естігендей ғой. Қазір менің жерім көтерілді. Күріш орылып, қырманға әлдеқашан тапсырылған. Бүгінде еңбек демалысында жүрген жайым бар, – деп риза кейіппен күледі Дархан.

Әу баста бұл кейіпкеріміз шаруашылықта қарауыл болыпты. Одан комбайнердің көмекшілігіне тағайындалып, техника тілін үйренген. Үйрене жүріп, комбайнды да шыр көбелек айналдырған. 21 жыл серіктестікте жұмыс істеген ол үйдегі кішкентайларын адал еңбекпен төгілген маңдай тердің арқасында өсіріп келеді.

Тракторшының ұлы тірлікке мығым ба?

Қырыққа екі-үш жылы кем Жеңісбектің шаруашылық тізгінін былтыр ғана ұстағанын айттық. Шағаннан шыққан жігіт бұрын мемлекеттік қызметте істеген. Тіпті, Тереңөзек кентінің әкімі болып, аудандағы қаржы басқармасын да басқарыпты. Расы сол, күйі қашыңқыраған ауыл келбетін жақсартам деген ойдың жетегінде жүрген бұл жігіттің мақсаты көп. Әзірге шаруашылықтың азды-көпті кемшілігін дұрыстап, Шағанды алға сүйреудің жолында жүр.

– Әкем – 46 жыл трактор айдаған, ауыл ішінде қарапайым тірлік кешкен кісі. Бес ағайындымыз, – деді Жеңісбек. – Мектепті осында, жоғары оқу орнын Алматыдан бітірдік. Әке-шешем біздерді жұрттан процентке ақша алып оқытқан кезі де болды ғой. Мен ол уақытты әлі ұмытпаймын. Шүкір. Елге оралысымен мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан да өтіппіз. «Ер туған жеріне» демей ме?! Ата-ана берген тәрбие ауылынан алыстамай, өскен-өнген өз топырағыма қызмет қылуды осылай бастадым.

Сәл тарихи шегініс жасасақ. Шағанды 1976 жылы Шамахан Құндызбаев атты азамат басқарған. Сол уақытта бұл ел 164 мың центнер күріш өндірген. Бұл рекордты одан кейінгілердің жаңартқан-жаңартпағанын білмедік. Бізге белгілісі мынау:

– Былтыр 178 мың центнерге жуық өнім жиналды. Әлгінде өзіңіз тілдескен Дархан сияқты күрішшілердің арқасы бұл. Егінші жігіттеріміз қашанда мадақтауға тұрарлық. Жыл соңында арнайы сыйақы да тағайындалады. Мысалы, өткен жылы осы мақсатқа 160 миллион теңгенің үстінде қаржы жұмсадық. 500-700 мың теңге аралығында күрішші, жаткашы, комбайншы, бригадир және тасымалдаушы (шофер не тракторшы) жігіттерге сыйақы берілді. Барлығы – он бес адам. 10 адамға, әсіресе, егде жастағы жұмысшыларға «Жаңақорған» шипажайына жолдама берілді. Одан бөлек, 50 шаруашылық қызметкеріне тұрмыстық техника бұйымдарын сыйлыққа үлестірдік. Кейде үй алуға, басқа да шаруаға алдын ала ақша сұрайтындар бар. Қолдан келгенше көмек береміз. Айлығынан біртіндеп құтылуға да мүмкіндік болады, – дейді «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы.

Ауызбіршілік пен тәртіпті жаны сүйетін Жеңісбектің бір жыл ішіндегі ауыз толтырып айтатын жұмысы осындай. Аз уақытта алға басқан қадамы көп. Төрағаның тірлігі мығым екенін төңірегіндегі жұмысқа қарап бағамдай беріңіз, ендеше…

Серіктестіктің тағы бір серпіні

Шаруашылық жылдағы дәстүрмен ауыл тұрғындарына 2-5 гектарға дейін жерін дайындап, жыртып не қарықтауға техникамен көмектеседі. Елдегі ағайын өз хал-қадірінше бақша егеді. Шыққан өнімін сатып, қосымша табыс көзіне айналдырған.

Шағанда шаруашылық ашқан наубайхана бар. Күніне 800 дана нан дайындайды. Бөлке нан мен дәмді тоқаштар бар мұнда. Төрт адам осы істің басы-қасында тұрақты орналасқан. Екі мезгіл ыстық нан әзір.

– Тұрғындардан сұраныс жоғары. Енді бұған қосымша басқа түрлерін шығару жоспарда бар. Екінші жаңалық, бұрын ауылдағылар бірнеше шақырымды артқа тастап, аудан не облыс орталығындағы сауда орындарына баратын еді. Биыл серіктестікке қарасты «Шаған» сауда үйін іске қостық. Төрт жарым мың халқы бар ауылдың сұранысын қанағаттандыра аламыз. 350 орындық «Ақбұлақ» тойханасы қонақтарымызға қызмет көрсетеді, – дейді шаруашылықтың кеңсе менеджері Дархан Ибраймов.

Айтпақшы, ауылда «Шаған-Жер» деп аталатын ардагерлерге арналған демалыс орталығы бар. Өзіміз көргендей, мұнда шахмат, дойбы, үстел теннисімен қатар бильярд залы ұйымдастырылыпты. Тіпті, шаруашылық тарихынан сыр шертер музей кабинеті де жабдықталған.  

Түйін. «Шаған-Жер» – бұл  ауылдың айнасы іспеттес. Ақсақалын құрметтеп, жас буынын игі іске қарай жетелеген жұрттың келешегі жарқын. Біз мұны осы елден байқадық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<