Сол жағалаудан 160 пәтер кілті табысталды

451

0

Елорда күні қарсаңында көптеген қызылордалық отбасы сәні мен салтанаты жарасқан сол жағалаудан баспаналы болды. Олардың қуанышына облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ортақтасты.

– Жуырда ғана осы аумақта 180 отбасы қоныс тойын тойлаған еді. Бүгін үй кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған азаматтарға 160 пәтердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Қоныс құтты болсын, шаңырақтарыңызға шаттық ұяласын! – деді аймақ басшысы.

Тұрғындар атынан көпбалалы ана Ләззат Жұбаниязова лебіз білдірді.

– Мерейлі мереке қарсаңында отбасымыздың, көршілеріміздің қуанышы еселеніп отыр. Бүгінгідей жаңалықты біз ұзақ күттік. Арманымның жақын арада орындалатынына сенбеген едім. Күмәнді ой сейіліп, пәтер кілтіне қолымыз жеткеніне ризамын, – деді ол.

Ата-анасының қамқорлығынан айырылған 22 жастағы Әйгерім Төремұрат жуырда оқуын аяқтады. Бала күнінен бері үй кезегінде тұрған еді. Енді, міне, екі бөлмелі қонысқа орналасып жатыр. Арманының орындалғаны үшін жауапты жұмыстың басы-қасында жүрген ағаларына Әйгерімнің алғысы шексіз.

Салтанатты шара барысында әсем әрі зәулім үйлерді салуға еңбек сіңірген «Жабдықтау», «Азия Даму LTD», «Нұр-Талап және К» секілді бірқатар құрылыс компаниясының басшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– 40 пәтерлі үйді мерзімінен бұрын салып бітірдік. Негізінен отандық құрылыс материалдары қолданылды, – деді «Нұр-Талап және К» ЖШС директоры Қанатбек Керейтбаев.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз