Табиғи газға қосылды

1333

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова онлайн режимде ұйымдастырылған телекөпір арқылы Арал ауданындағы Жақсықылыш кентіне «көгілдір отын» қосты.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың қол­дауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры біздің өңірімізге сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін газ құбыры Сыр өңірін газдандыруға жол ашты. Қазіргі таңда ауданда 6500-ге жуық тұрғын үй «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. 200-ден астам кәсіпкерлік және әлеуметтік-мәдени нысандар газға қосылған.

Бүгін, міне, Арал қаласынан кейін Жақсықылыш кентіне «көгіл­дір отын» жеткізіліп отыр. Осы жұ­мыстардың барысында Жақ­сы­қылыш кентіндегі 855 жеке тұрғын үй, 23 кәсіпкерлік нысан және 4 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылады. Коронавирус індетіне қарамастан қол жеткізіп отырған «көгілдір отын» әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра түседі деп сенемін. Жақсықылыш кентіне газ берілсін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Еске салайық, 2015 жылы Қы­зыл­орда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ара­сын­дағы меморандумға сәйкес Арал қаласының 288 шақырымына газ құбыры және 2 газ тарату пункті мен 36 шкафты газ тарату пункттерінің құрылысы жүргізілген болатын. Нақты кезеңде Арал қаласы бойын­ша жалпы 6321 тұрғын үй, 210 кәсіп­керлік және 18 әлеуметтік-мәдени нысан газ жүйесіне қосылған.

2019 жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­­шылық бас­қар­­масының тап­сыры­сымен Жақ­­сы­қылыш кен­тін «Компания Газ Строй» ЖШС мердігер мекемесі ар­қылы газдандыру жұмыстары басталып, бүгінгі күні толықтай орындалған. Аталған газдандыру жұмыстары барысында кентке 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункті орнатылған.

Телекөпірге Жақсықылыш кенті­нен Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов, «Аралтұз» АҚ директоры Бауыржан Көшімбаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының қызметкерлері қатысты.

Шара соңында Жақсықылыш кен­тінің еңбек ардагері Айтуған Исмағұлов атқарылып жатқан жұ­мыс­тарға тұрғындардың атынан алғыс айтып, батасын берді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<