Тәуелсіздік көшесінің көркі

821

3

Қызылорда қаласының батыс бөлігіндегі Ә.Мақұлбеков көшесін қиып өтетін төрт көше бар. Атаулары айбыныңды асқақтатып тұр: Республика, Ата Заң, Алтын Орда және Тәуелсіздік.

Талай жыл түйіні тарқамай келген түйткілдің бірі – Тәуелсіздік көшесі жол түскелі асфальт көрмеген. Осыдан он күндей бұрын көше асфальтталып, тұрғындардың қуанышты сәтіне куә болдық.


Қатира Сүндетова осы жерге қоныс тіккенде мұнда санаулы ғана үй бар еді. Белуардан батпақ, толарсақтан саз кешіп, әбден әбігерге түскен. Қоғамдық көлікке орталық көшеге барып мінетін. Кейде дария жағалап келген сәттері көп. Қос аяқ киімнің ескісін киіп, жолға шыққасын жаңасына ауыстыратын. Бұл жердің бат­пағында талай жанның жүйкесі мен аяқ киімі тозды. Шілденің ортасында көшесі жөнделген жұртшылық жанайқайды естіген басшыларға алғысын білдірді.


– Талай қиындық көрдік. Енді бәрі артта қалды. Балалар оқуға, үлкендер жұмысқа әрең баратын, – дейді Қ.Сүндетова.


Сейтмұрат Теңізбаев та – осы көшенің талайдан бергі тұрғыны. Шағын ғана аумақ қазір бір қауым ел болды. Күрмеуі қиын мәселенің биыл шешілгеніне қуанышты. Дей тұрғанмен, Тәуелсіздік пен Алтын Орда көшесін жалғайтын қысқа тұйық көше бар. Не атауы жоқ, не асфальт төселмеген.


– Мына көшенің салынғанына қуаныштымыз. Талай жыл бейнет көрдік. Әйтсе де, жедел жәрдем шақырғанда қатты қиналамыз. Тәуелсіздік пен Алтын Орданың арасында 2-3 үй ғана бармыз. Құжатта «Рисмаш, Алтын Орда, нөмірсіз» болып жазылған. Қайда қарайтынымызды білмейміз. Жолы батпақ. Екі көшенің ортасында қалғанбыз. Ал электр желісі сол баяғы қолдан орнатқан жіңішке бағаналар. Табиғат тосын мінез таныта қалса, сөніп қалады. Ал мына Тәуелсіздік көшесінің бойындағы электр бағаналары заманауи, – дейді тұрғын.


– Үйді-үйге электр энергиясын өздері тартып алғандар бар. Тіпті оған шамалары келмей баяғы әдіспен отырғандар да көп. Мына бағананы орнатып беріп кетті, бірақ жалғаған жоқ. Құр тұрғанша, пайдаланайық. Сосын дайын бағананың үстіне көшені жарықтандыратын лампаларды орнатса дейміз. Балалар оқуға барып келгенде тас түнектің арасынан оларды күтіп алып жүреміз. Ал мына жолды салғандар бізді көп бейнеттен арылтқанын да айту керек, – дейді Жасақбай Сейтжаппаров.


Биыл жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа қаладағы 36 көшеге орташа жол жөн­деу жұмыстарын жүргізу жоспар­лан­ған. Қазір оның кейбірі аяқталып, пайдалануға берілуде. Ал тағы біршамасында жұмыс қызу жүріп жатыр.


– Бірнеше жылдан бері бюджет мүмкіндігіне қарай Тәуелсіздік көшесі тұрғындарының жол мәселесі «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» бағдарламасы аясында шешімін тапты. Ұзын­дығы 630 метр болатын көшеге Қара­тоғай көшесінен Журба көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеуді жүргізген «Ақнұр-Авто» ЖШС мекемесі және техникалық қадағалаушы «Стан­дартСтройСервис LTD» ЖШС мекемесі, – дейді қалалық авто­мобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөліміндегілер.
Тақтайдай тегіс асфальтта вело­­сипед тепкен балдырғандар мәре-сәре. Бірінен бірі озып, шат-ша­дыман көңілдерін көрсетіп тұр. Енді осындағы тұйық көше­нің мә­селесі шешіліп, көше жарық­тан­дырылса, нұр үстіне нұр болар еді…


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы»

Пікірлер:
  • Саламатсызба! Ә.Макұлбеков көшесің қиып өтетін 4 көше бар. Тәуелсіздік, Ата заң, осы үшінші көшесі Алтын орда тұрғындарының жан айкайын жазып жатканымызга бірнеше жылдар өтті.Қаражат жеткіліксіз деп жауап келеді. 15 жыл тұрамын өз басым .Алтын орда көшесінің бас жагында асфальт жок .200 метрдей жер. Күз ,көктем жүру киын,баларға әсіресе таксидің өзі зорға келеді. Өз қаражатымызға қашанғы топырақ төктіреміз? Ойларды тегістеп болдык ,ол асфальт болмайды ғой..Біздің де балаларымыздың велосипедпен,самокатпен, роликпен орнағанын қалаймыз есігіміздің алдында.Коляскамен де жүре алмаймыз күзді күні.Ә.Мақұлбеков көшесінің асфальты қираса оны көреді асфальттайды,24 маршрут конечкасын евро қылып істеген полосасымен,неге Алтын орда көшесінің бас шағын істемейді 200 метр дей жердің асфальты қайда? Бізге қашан асфальт төселеді? Қашан біздің де балаларымыз куанып тегіс жолда велосипед теуіп ойнайды.осы сұрақтың шешімін тауып берсеңіздер

  • Саламатсызба ! Алтын орда көшесінің тұрғындары атынан жазып отырмын.Ә.Мақұлбеков көшесі мен қиылысқан .Көшенің бас жағында тұрамыз,көше жартылай асфальтталмаған,күз,көктем де жүру қиын ,әсіресе балаларға,кішкене бөпелері бар келіншектерге де қиын каляскамен жүру.Өз қаражатымызға топырақ төктірдік бірақ олда иленіп жаңбыр күні қиындық тудырады.Балалардың арманы велосипед ,ролик теуіп ойнау есіктің алдында.Жазған хатымызға қаражат жеткіліксіз деп келеді жауап.Бізге дейінгі Республика,Ата заң көшелері басынан аяғына дейін және біздің көшеден кейінгі көшелер толық асфальтталған .Ә.Мақұлбеков көшесінің үшінші қиылысының бас жағы асфальтталмаған. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз

  • Тәуелсіздік даңғылы бойында Арай -2 мен ЦОН ОРТАСЫНДА бұрылыс бар – «Остров» , дәлірек айтсақ «Арай Шұғыла 2» баубақша серіктестігі.Қалаңың қақ ортасында орналасқан үйлер, алайда, асфальт түгел гравий да жоқ, шіли май топырақ. Қала әкімінің жол жоспарында осы аймақ тұрғындарына жол , яғни асфальт салу бар ма?

Пікір жазыңыз