Тәуелсіздік тойында төрт ірі жоба іске қосылады

646

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 7-сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов күн тәртібін таныстырғаннан кейін аймақ басшысы депутаттарға арнап сөз сөйледі.

Облыс әкімі атап өткендей, осы жылдың 10 айында өңірде бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізіліп отыр. Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 0,3%-ке, өңдеуші өнеркәсіп өндірісі 12,4%-ке, құрылыс жұмыстары 0,6%-ке, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 4,2%-ке, жеке инвестициялар тарту 13,3%-ке және сауда көлемі 2,1%-ке артқан. Тұрғын үй салу жоспары 644,7 мың шаршы метр болса, 10 айдың қорытындысымен тұрғын үйді пайдалануға берудің болжамды көлемі 527,5 мың шаршы метрді құрап отыр.

Сондай-ақ биыл құрылысын жүргізу жоспарланған  38 әлеуметтік нысанның жетеуі пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 13 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланса, қалған 18-і келер жылға өтпелі болады.

Облыс әкімі және саралап өткендей, облыста газдандыру жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері Тереңөзек, Жосалы, Жалағаш кенттері және Шиелі ауданының Бекежанов, Қодаманов елді мекендерінің тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізді. Ал желтоқсан айында Қазалы қаласы газдандырылатын болады.

– Ауыл шаруашылығында егінді әртараптандыру аясында биыл күрішті 89,5 мың гектардан 83,6 мың гектарға қысқарттық. Дегенмен, су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде – 500 мың тонна өнім алынды, орташа өнімділік 59,8 центнер болды, – деді облыс әкімі.

Шағын және орта бизнесті дамытуда облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму Картасын жүзеге асыру жалғастырылуда.  Бүгінгі күні жалпы құны 9,5 млрд теңгеге 163 жоба (1,5 мың жұмыс орны құрылған) іске қосылды, оның ішінде биыл 74 жоба (2,3 млрд теңге), 426 жұмыс орны құрылды.

Осы ретте атап өтерлік игілікті іс – ішкі нарықты өз өнімдерімізбен толықтыру мақсатында төмендетілген процентпен (2%) несиелеу бағдарламасы іске қосылып, облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Бүгінде 325 млн теңгеге 13 жоба қаржыландырылды.

Облыс әкімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында желтоқсан айында құны 45 млрд теңге болатын, 456 жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Олар – Қызылорда қаласындағы шыны зауыты, Арал ауданындағы тұз өңдеу цехы, Сырдария ауданында күріш өңдеу цехы және Жаңақорған ауданында керамзит блоктарын шығаратын цех.

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттерді және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде өңірде әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығы сақталып отыр. Бұл ретте аймақ басшысы мәслихат сессиясының қарауына 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджетті қорытынды нақтылау мәселесі ұсынылып отырғанын айтты.

– Облыстық бюджеттің кіріс көзі 3,1 млрд теңгеге қысқартылуда, сонымен қатар, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің пайдаланылмаған және үнемделген қаржысы 5,2 млрд теңгені құрап отыр. Осы өзгерістерге сәйкес облыстық бюджетті 2,1 млрд теңгеге нақтылау ұсынылуда, – деді облыс басшысы.

Алғашқы кезекте облыстық және аудандық бюджеттердің жылдық кіріс болжамының орындалмау қаупіне байланысты облыстық бюджеттен барлығы 2,7 млрд теңге қарастырылуда. Сонымен қатар, облыс бюджетінің әлеуметтік бағытын сақтай отырып, білім саласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс орналастыруға 404,8 млн теңге, мемлекеттік балабақшалардың жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі шеңберінде айлық жалақы қоры мен коммуналдық шығындарына қосымша 333,7 млн теңге, атаулы әлеуметтік көмекке 66,2 млн теңге қаралуда.

Тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді өтеу шеңберінде аз қамтылған көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге 96,3 млн теңге бағытталуда. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізіліп, аймақтағы мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының еңбекақысын ұлғайтуға 3,3 млрд теңге көлемінде ағымдағы нысаналы трансферттер бөлінді.

Сессияның күн тәртібіндегі «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №519 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай хабарлама жасады. Ол түрлі бағдарламалар бойынша қысқартылған және үнемделген қаржы өзгерістерінен кейін облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 441,2 млрд теңге құрағанын жеткізді. Сонымен бірге сессияға дейін өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында депутат Ібайдулла Тілептің Әйтеке би кентінде Жалаңтөс баһадүр ескерткішінің айналасын абаттандыруға қаржы бөлу туралы ұсынысы зерттеліп, оған қосымша 3,6 млн теңге қаралғанын мәлімдеді.

Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев хабарлама жасады. Ол жеке және заңды тұлғалардан облыс әкімі атына бірнеше азаматқа облыстың құрметті азаматы атағын беру туралы ұсыныс түскенін жеткізді. Бұл атақты беру қағидаларына сәйкес облыс әкімі жанындағы марапаттау комиссиясы ұсыныстарды зерделеп үш кандидат бойынша қолдау білдіріп отыр. Осыған орай облыс басшысы комиссия ұсынысын ескере отырып аталған кандидаттарды облыстық мәслихат қарауына ұсынуда. Мұнан соң хабарламашы кандидаттарға жеке тоқталып өтті. Олар – қазақ халқының тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, су шаруашылығы саласының майталманы Нариман Қыпшақбаев және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Облыс әкімі осы орайда аталған үш кандидат бойынша өзінің ойын білдіріп өтті. Тоқтар Оңғарбайұлының ғарышқа сапар шеккеніне 30 жыл толып отыр. Ол ғарышта медицина, биология және Арал аймағы бойынша зерттеулер жүргізді, 2011 жылы Қызылорда сайлау округі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болып сайланды.

Нариман Қыпшақбайұлы – өмірін су шаруашылығына арнаған азамат. Сырдария өзені бассейні мен жер ресурстарын кешенді пайдалану сызбасын әзірлеп, Арал теңізі бассейнін әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу жұмыстарына белсенді араласты. Ол күні бүгінге дейін Арал мен Сырдария проблемаларын жеткізіп келеді.

Сыр елінің тумасы Мұрат Бақтиярұлы 1998-2003 жылдары облыстық мәслихат депутаты, 2008-2011 жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметінде саяси-әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысты. Қазіргі кезде Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы ретінде елімізге, соның ішінде облысымызға қатысты келелі мәселелерді көтеріп олардың оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін жұмсап келеді.

– Еліміздің осындай беделді азаматтары құрметті атаққа лайық деп есептеп, сіздердің қарауларыңызға ұсынып отырмыз, – деді облыс әкімі. Ұсынысты халық қалаулылары бірауыздан қолдады.

Сессияның күн тәртібіне шығарылған мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар өз ойларын білдірді. Сәйкесінше, халық қалаулылары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Ыдырыс ТӘЖіҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<