Тұрғын үй: биіктікке әркімнің бар таласы

1061

0

Баспананың адам өміріндегі маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. Алайда, қай кезеңде, қандай қоғамда болмасын оған қол жеткізу көпшілік үшін оңай соқпайды. Сондықтан мемлекет өз азаматтарының баспаналы болуы үшін барлық жағдайды қарастырып келеді.
Кейінгі жылдары Қызыл­орда облысы тұрғын үй құ­рылысы бойынша көш­бас­шы өңірлер қата­рынан көрі­ніп отыр.

Бұл – әрине, қуа­нышты жағдай. Жерлес­тердің баспаналы болып, жаңа шағын аудандар сап түзеп, қала көркі артып жатса неге қуанбасқа? Дегенде өзге облыстардан беріліп жатқан осындай хабарларды көргенде кейде көңілге кірбің ұялайтыны да бар. Себебі – біздегі беріліп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен-бірі айнымай әрі бес қабатты биіктіктен аспауы.


Жасыратыны жоқ, кейбір қалалармен бәсекеге түсер ғима­раттар мен нысандар санаулы ғана. Он алты мен жиырма қабаттыны сөз етпей-ақ қоялық, тоғыз не он екі қабатты үйлерді неге сал­масқа? Қаланың еңсесін көтеріп, айбынын асырып тұрар еді. Бір жағынан жер үнем­деледі дейміз ғой.


Облыс орталығында кеңес­тік кезеңде салынған тоғыз қабатты үйлердің өзіндік өткір мәселесі әлі де астасып жатыр. Сонау 90-жылдардың қиын кезеңінде «Мерей» ша­ғын ауданындағы 9 қабатты үй тұрғыны болған Дәулет есімді азамат:


– Ол жылдарды есіме де ал­ғым келмейді. Подъездердің орналасуы өзгеше болды. Лифті істемейді. Түсіп шығу үшін лоджия арқылы айналып өтуге мәжбүрсің. Жоғарыға көтерілмеуі себепті суды төменгі қабаттағы пәтер­лерден тасимыз. Жылу да дұрыс болмай, қыста дір­дектеп тоңып шығатынбыз. Бірде іші қоқысқа толы лифті шахтасы өртеніп, бықсыған түтінді өрт сөндірушілер бір­неше күнге дейін өшіре алмай қиналды. Жағдай сондай еді, – дейді.


Осындай ащы тәжірибе салдары ма, әлде қаржы үнем­деу себебімен бе, әйтеуір біздің қаламызда арагідік болмаса тұрғын үйлер бес қа­баттан артық биіктей қойған жоқ.


Мынадай да қызықты деректер бар. Кеңестік кезеңде одақ бойынша қала­ларда көбі­несе 9 қабатты үйлер салы­натын. «Неге 8, болмаса 10 қабат емес?» деген сұрақ та туындайтыны рас. Зерттеп көрсек, ол өрт қауіпсіздігіне байланысты көрінеді. Кеңестік өрт сөндіру автокөліктеріндегі меха­ника­лық сатының ұзын­дығы 28 метр болатын. Ал үйдің әрбір қабатының биіктігі 2,8-3 метр болса, өрт сөндірушілер 9 қабаттан артыққа көтеріле алмайтыны түсінікті. Одан биік үй салу қажет болғанда құрылыс заңнамасына сәйкес өрт қауіпсіздігіне қатысты қосымша отқа төзімді материалдардан жасалатын саты, басқа да қондырғылар, түтін тартатын жүйелер мен эвакуациялық жолдары болуы тиіс.

Сонымен қатар, үй 9 қабаттан биік болған жағдайда екі лифті жұмыс жасауы керек. Міне, осындай экономикалық тиімділік ескерілген тәрізді.


Қоғам қайраткері Сәдуақас Аңсатов кеңестік кезеңде құрылыс саласына жетекшілік жасады. Қазір қалада кейінгі жылдары салынған 9 қабатты үйлердің бірінің тұрғыны.


– Әуелбековтің кезінде жаңа әуежай ашылып, қа­ланы Тасбөгетке қарай да­мыту мүмкіндігі туды, – дейді С.Аңсатов.

– Соған орай, қа­­ланың бас жоспарын жа­сауға Мәскеудің, Алма­ты­ның, Ленинградтың және бірнеше ірі жобалау инс­ти­туттары қатысты. Оны ленин­град­тықтар ұтып алып, солар жасаған жоба бо­йынша қаланы дамытатын болғанбыз.
Орталық алаң жанында тоғыз қабатты төрт үй жобасы жасалды. Олар бір-бірімен жалғасып, астында «Океан» деп аталатын балық өнімдерін, Арал мен Сырдариядан ауланған тірі балық сататын үлкен сауда орталығы орналасатын болды. Бірақ, кеңес үкіметі құлап, бұл жоспардың бәрі аяқсыз қалды. Тасбөгет бағытында құры­лысқа жоспарланған жер учаскелері жекелерге берілді. Осылайша қала дамуы күрт төмендеп кетті.


Бізде тоғыз қабатты екі-үш үй бой көтерді. Орталық алаңда, Әуезов көшесінде және «Мерей» шағын ауданында. Қазір зерттеп қарасақ, ондай тұрғын үйлер салуға еш дайындық болмаған. Ол үйлерге су жеткізудің қиын­шылығы бар. Магис­тралды құбырлары жа­ңа­лан­­­бағандықтан, ар­тық қы­­сымға шыдамайды. Сон­дай-ақ осы үйлердің лиф­ті­лері жұмыс істеген жоқ. Оларға қыз­мет көрсету орында­ры құрыл­мады. Оның үстіне Қы­зыл­орда – ыстық суы жоқ рес­публикадағы бірден-бір қала.


Жалпы қала болғаннан кейін биік үйлердің, ғимарат­тар­дың сән түзеп, асқақтап тұрғаны жарасымды-ақ. Ке­йінгі жылдары қаланың өзінде бірқатар бизнес орталықтары, қонақүйлер, банк, оқу орны, әкімдік ғимараттары салынды.

Құрылыстағы осындай жаңашылдық тұрғын үйлерде жарқын көрініс берсе.
Облыстық құрылыс бас­қармасының басшысы Бердияр Пірімбетовтің айтқан жаңалықтары көңіл қуантып отыр. Оның айтуынша, сол жағалаудан салынатын төрт 12 қабатты үйдің жобасы жасалып жатыр. Жоба биыл бітеді, ал келесі жылы олардың құрылысы басталмақ.


– Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездес­тім. Бі­рін­ші кезекте Қызыл­орда­ның басқа қала­лармен салыс­тыр­ғандағы таза­лығы үшін риза­шылы­ғымды жеткіз­дім. Содан соң облыс орталығындағы құры­лысқа қатысты өз ойымды ортаға салдым. Бі­рін­шіден, тұрғын үйлерді бірыңғай қызыл кірпішпен сала бермей басқа материалдар пайдалану қажеттігін айттым. Биік үйлер тұрғызылғаны дұрыс дедім. Батпақты жердің өзіне биік үйлер салып жатқан қалалар баршылық. Бұл пікірімді Нұрлыбек Маш­бекұлы то­лы­ғымен қолдады, – дейді.


Басқарма басшысы мұнан кейін қала басшылығымен бірлесіп жасаған жобаның облыс әкімдігінде тұсаукесері болғанын жеткізді. Аймақ басшысының жобаға қолдау білдіру нәтижесінде сол жаға­лауда төрт зәулім тұрғын үй және сол аумақтағы буль­вардың жобалық-сме­та­лық құ­жаттары дайындалу үс­тін­де. Бердияр Автайұлы үй­лер құрылысында жаңа ма­те­­риалдар қолданылып, ком­­­­муналдық жүйелердің жақ­­­­­сар­тылған үлгілері орна­тыла­­­ты­нын айтты.

Сонымен қатар, оның құрылысын жер­гілікті компаниялар жүр­гізетін болады. Бұл, әрине, Сыр өңіріндегі тұрғын үй құ­рылысы саласындағы жаңа үдеріс болмақ.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<