Ынтымақты елдің ырысы мол

1959

0

Шиелі ауданында орналасқан мемлекет қарауындағы ескерткіштер саны – 48. Оның ішінде республикалық маңызы бар үшеу болса, соның бірі – Оқшы ата мазары. Біз әдейілеп соққан киелілердің мәңгілік мекені жергілікті халықтан бөлек, әр өңір, тіпті өзге мемлекеттерден келетін қонақтардың қызығушылығын оятқан тарихи орын еді.

Киелі мекен

Шиелі ішіне кірмес бұрын осылайша Оқшы атаға бұрылдық. Бұл – Сыр өңірінде үлкен зиярат кешені. Қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, би-батырлары жатыр. Алдымен шырақшы Әбдіназар ағаның бастауымен қыпшақтан шыққан  Бала би, артынша Досбол датқа, Асан Қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, Есабыз, Оқшы ата кесенелерін тамашалап, абыздар туралы тағылымды әңгіме естідік. Ал енді Оқшы атаның өзіне келетін болсақ, ол кісі өз заманында қару-жарақ дайындайтын ұста болған екен. Ерекше дарынға ие кісі деп дәріптеледі. Қожа Ахмет Ясауидің заманында өмір сүрген деген дерек те бар.

Арпа қылтығымен қалмақ ханын өлтірген Оқшы ата туралы аңыз халық ішінде көп айтылады. Оқшы деп аталуының өзі осыған қатысты болса керек. Әйтпесе, әулиенің шын есімі басқа көрінеді. Аңызда айтылатындай, қалмақтың жауыз ханы елді қанап қана қоймай, сұлу қыздарын әйелдікке тартып алатын көрінеді. Шарасыз жұрт ханның дегеніне көніп, қыздарын күң етуге мәжбүр болған. Осындай жағдай әулиенің жалғыз қарындасының басына да түседі. Қарындасын қалмақтың ханы алып кетіп бара жатқанын естіген ол қолындағы арпа қылтығынан жебе жасап, «құдайдың жіберген оғы осы» деп ханды атқан екен. Әлгі жебе ханның жүрегіне қадалыпты-мыс. Осылайша ел-жұрт қалмақтардың озбырлығынан құтылған. Қалмақ ханы өлгеннен кейін ел ішіндегі жігіттер арасында талас-тартыс туған көрінеді. Бірі қанжарымен, енді бірі қылышымен ханды өлтіргенін айтып мақтанып, тартысып жатқанда сол таластың үстіне түскен баба қалмақ ханының қай жері жараланғанын сұрайды. Оның жүрек тұсынан жараланып, мерт болғанын білгеннен кейін: «Жүрек тұсын ашып көріңдер! Онда арпа болса, менің жебемнен қаза болды» дейді. Сонда маңайдағы көпшілік ханның қарудан емес, Оқшы атқан жебеден қаза болғанына куә болыпты. Бұл оқиғадан кейін ол Оқшы аталады.

Айтпақшы, Оқшы атада жатқан Асан ата мазары аты аңызға айналған Асан қайғымен тікелей байланысты. Кесенедегі сәулеті жағынан ерекше көрінетін де осы мазар. Сондай-ақ, мұн­дағы ең көне кесене – Ғайып атаға арналған орын. Кесенеге қарағанда, ол да көптің бірі болмаған. Бұл дүниеден көшкен соң, денесі жерге бұйырмай, көкке ұшып кеткен дейді аңызда. Есімі де халық арасына осылай тараған.

– 27 жылдан асты шырақ­шы­лыққа бет бұрғаныма. Түрлі адамдар келіп, зиярат етіп, өмір­дегі қиыншылықтан жеңіл­деп қалып жатады. Өзім де дертті болып, осында келіп, ауруды жеңген адаммын. Мұнда өзіміздің қазақтардан бөлек, көрші мемлекеттегі мұсылмандар да жиі соғады. Қазір карантинге байланысты келушілер азайған,  – дейді Әбдіназар Қайыпназарұлы.

Қорымдағы Қыш ата деп атаған әулиенің шын есімі жайында да мәлімет жоқ. Тек өте мықты қыш шығарудың шебері деседі. Ал Есабыз баба ХІІ ғасыр басында өмір сүрсе керек. Оқшы атамен қатар жатқан Есабыз әулие халыққа танымал. Өз заманында көріпкел, емші болыпты. Асан ата, Оқшы ата кесенелерінен кейінгі еңселі ескерткіш Есабызға арналған.

Ал Бала би (шын аты Бименбет) 1811-1875 жылдар шамасында өмір сүрген. Жасынан ел мен жер дауына ерте араласып, Бала би атанады. Досбол датқа да – Қаратау өңірі мен Сыр бойын мекендеген елдің теңдігі мен тыныштығы үшін ат үстінен түспеген белгілі жан, даулы мәселенің қисынын тауып, қиып айтатын беделді би болған. Осы соңғы екеуі жайлы дерек алдыңғыларға қарағанда көптеп кездесетіні рас.

Мұндағы қай әулиенің ұрпағы халық екені белгілі. Біз айтып отырған  кейбір әулиелердің орны (Қыш ата, Ғайып ата) ескірген. Жаңғырту керек сияқты. Мұнда келушілердің көбісі де осы пікірді айтатын көрінеді. Құзырлы орындар қаперге алса деген сол баяғы тілек бізде.

Бастысы – жұмысшы қауіпсіздігі

Шиелі өндірістен кенде емес. Ауылшаруашылық саласында еңсесі биік ауданның бұл жағынан да бәсі жоғары. Мұндай нысандар қатарына осыдан екі жыл бұрын іске қосылған «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС кіреді. Жалпы құны 64 млрд теңгені құраған, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауыт – аудандағы Қытай Халық республикасымен бірлескен және Индустрияландыру картасына енгізілген ірі жобалардың бірі.

Біздің журналистік топ әр аудандағы мәдени орын, киелі жерден бөлек, кәсіпорындар жұмысымен де танысып жүр. «Қазатомөнеркәсіптің» осы аудандағы «РУ-6» уран өндіру кенішінде болдық. 1983 жылдан бері тау-кен комбинаты болып құрылып, түрлі заман кезеңін бастан кешкен кеніште 400-ден астам адам жұмыс істейді. Соның 99 проценті – шиелілік тұрғындар.

Биыл 650 тонна уран өндіру межесі жоспарда тұр. Нарықта оны Өскемендегі «Үлбі» зауытына өткізу көзделген. Кеніштегі басты мақсат – осындағы адам байлығы, жұмысшылардың қауіпсіздігі. Әзірге жыл басынан бері оқыс оқиға болмапты. Ал қызметкерлердің келіп-кетуіндегі көлік қауіпсіздігі мен тамақтануы өте жақсы жолға қойылған. Орташа жалақы 200 мың теңгенің үстінде.

– Сырттан келушілерге бірінші осындағы қауіпсіздік ережелері таныстырылады.  Адамдардың амандығы үшін арнайы маман да ілесіп жүреді. Біздегі 430 қызметкер қатаң қадағаланады. Әлемдік нөлдік қауіпсіздік бо­йынша ­ұйымға ең қауіпсіз кен орны ретінде біздің кәсіпорын алғашқы болып кіргенін баса айтуымыз керек. Сондай-ақ облыстан шығып, геология саласы бойынша Ресейде оқып келген жас мамандарымыз осында жұмыс істеп, елге қызмет қылуды бастап кетті. Ұжымнан шыққан 11 ақсақалдан құралған арнайы ұйым жұмысшылардың талап-тілегін қарап отырады. Басшылықпен бірігіп, белгілі шешім шығарады, – дейді кеніш директоры Азамат Пірмағанбетов.

Қазақстанның дүние жүзі бо­йынша уран өндіруден алдыңғы орында екені белгілі. 500 метрге дейінгі тереңдіктен бұрғылау әдісімен жер бетіне шығатын осы элементтің әлем үшін маңыз­дылығы жоғары болып тұр. Мысалы, бір килограмм өңделмеген уранның нарықтағы бағасы 28 доллар. Теңгеге шаққанда 12 мың теңгенің үстінде. Ал өңделген өнімнің одан да жоғары болатыны белгілі.

Кәсіпорын аудан әкімдігінің ұсынысымен әлеуметтік шараларға да белсене қатысады. Оған дәлел, кешегі пандемия кезінде тұрмысы төмен біраз отбасыға қол ұшын созған. Қайырымдылық акциясын жиі өткізетін кәсіп­орын кей ауылдарға балаларға арналған ойын алаңын да салып беріп жүр. Кеніш басшылығының қолдауымен 8 гектарға жуық жерге бау-бақша егіліп, жұмысшылар биыл көкөніс пен қауын-қарбыз­ға қарық болған. Бізге ұнағаны «РУ-6» кенішінің басшылығы аудан әкімдігінен тіркелген ірі қара малдың тізімін алып отыр. Оның ішінде сиыр мен жылқы, түйесі тағы бар. Оған себеп – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магис­траліндегі жол-көлік оқиғасының көбеюі. Үлкенді-кішілі көліктер ерсілі-қарсылы тоқтаусыз жүріп, екі күннің бірінде мал қағу оқиғаларын естіп те жүрміз.

Міне, осыған байланысты өндіріс басшылығы малға тағатын арнайы белгіге тапсырыс беріп отыр. Түнде көлік жарығымен алыстан шағылыса белгі беретін мұндай дүние көп апатқа тосқауыл болары анық. Бұл жақын күндері есеп бойынша мал иелеріне тапсырылмақ.

Шиелі ауданы жылына 30 мың гектарға жуық ауылшаруашылық дақылдарын ексе, соның 14353 гектары күріш, қалғаны бидай, жүгері, тары, мақсары мен мал азығына қажетті жоңышқа және бақша өнімдері. Сыр бойы халқының жыл сайын қырман басында дәннен тау тұрғызатынын өзге аймақ әлдеқашан мойындаған. Комбайн өңешінен өткен өнімнің қыр­ман мен диірмен басына келетіні анық.

Шиелі сапарында біз көрген тағы бір нысан – күріш ақтау зауыты. Аудандағы жеке кәсіпкер Бағлан Әшірбеков осы мақсатта күріш ақтау зауытын ашып, қалдықтарынан мал азығы – құрама жем өңдеуді қолға алған.

110 млн теңгеге жуық қаржы құйып, екі жыл бұрын зауыт ашқан кәсіпкер қосымша күріш шаруашылығымен айналысады. Ол тұрғызған зауыт тәулігіне 80 тоннадан астам күрішті ақтап беруге қауқарлы. Сондай-ақ, 30 тоннаға жуық күріш жармасынан мал азығын дайындап жүр. 12 адам жұмыс істейді. Кең зауыттың қамбасына 12 мың тоннаға дейін астық сиятын көрінеді.

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген

Н.НҰРЖАУБАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<