Жан жылуын аямаған

617

0

– Өзі бір мың болғыр жан екен. Өркені өсіп, еңбегі жансын айналайын!

– Иә, қашанда қамқор, тынымсыз Әсемкүлдей кісі көп болса ғой, шіркін?!

Кент тұрғындарының арасында Әсемкүл Ерғалиева жайындағы осындай жылы лебізді жиі естисіз. Себебі, ол – шындығында да алғыс алуға, өнеге тұтуға, мақтан етуге тұрарлық жан. Әлеуметтік салада 35 жылдан астам уақыттан бері қызмет жасап, құрметке бөленіп жүр. Қарауында 18 жасқа дейінгі – 1, және одан жоғары 5 мүгедек бала бар. Соларға күн сайын түрлі қызметтер көрсетіп, қолдан келген жәрдемін аямай өз балаларындай айрықша ықыласпен қарайды. Олар да Әсемкүл апайларына әбден бауыр басып алған. Әрдайым іздеп, көрген сәтте мәз-мәйрам болып, қуан­ғандарын жасыра алмай, көздерінде нұр ойнап шыға келеді.

– Біздің міндетіміз – мүге­дек жандардың мұң-мұқтаж­дарына жәрдемдесу, мүмкін­дігінше мейірім-шуа­ғына бөлеп, қоғамда өзін жалғыз сезінуіне жол бермеу, өмірге деген құлшынысын арттырып, келешекке сенімін нығайту, – дейді Әсемкүл Ерғалиева. Осы орайда әрқайсысының мінез-құлқына сәйкес жылы қабақ танытып, көмек беріп, көңілдерін көтеріп, күн са­йын өздерін жақсы сезінуіне ықпал жасап отырамыз.

Негізінен әлеуметтік қыз­меткерлер 8 бағыт бо­йынша – әлеуметтік-тұр­мыстық, медициналық, пе­­да­гогикалық-психо­ло­гия­лық, эконо­микалық және құқық­тық бағыттар бойынша қыз­мет көрсетеді. Әр мүгедек баланың денсаулығын қор­ғау, емханаларға апарып, тиісті дәрі-дәрмектерін алу, басқа да түрлі мемлекеттік қызметтерді пайдала­нуы­на жәрдемдеседі. Әсіресе әлеу­меттік төлемдерді уа­қытылы алу жұмыстарына игі ықпал жасап үй ішіндегі тұрмыстық жағдайларына қол ұшын береді. Мереке күндері олардың мәдени-спорттық шараларға қатысуына кө­мектесу, еңбекке баулу, әр баланың қолөнермен, сурет салумен, басқа да түрлі шаруашылықпен айналысуына  жағдай  жасау секілді тірліктер – өз алдына бір төбе.

Өз ісінің маманы Әсемкүл Ерғалиева ұзақ жыл бойы тынымсыз еңбегі үшін түрлі Алғыс хаттармен марапатталған. Өзінің  өмірлік тәжірибесін кейінгі жастарға үйретуден де жалыққан емес. Әлеуметтік саланың қиындықтары мен қуанышты сәттерін әріп­тестерімен бірге және өзі күтімге алған балалармен қосыла көріп жүр. Қоғам алдындағы міндеттерін ат­қарғанына шүкіршілік етеді. Өйткені, жарымжан жан­дардың көңілін табу – өте қиын шаруа. Оларға жан жылуын аямай, өз баласындай көріп, ерекше ынта-ықылас таныту керек. Осы қағиданы берік ұстаған Әсемкүл Ерғалиева өз ісіне сергек қарап, қарамағындағы жандарға жүрек жылуын аямай, жанашыр бола береді.

Мейрамбек

ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<