«Жаңажолдың» жарқын белесі

665

0

Сырға бай Сырдария өзенін жағалай қоныстанып, өзінің тыныс-тіршілігін Сыр бойы аталған аймақтың болашағымен байланыстырған Жаңажол шаруашылығы – ынтымақ-бірлігі жарасқан ауыл. Бірлікті ту еткен, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған іргелі шаруашылық. Өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтерген, ата-аналарымыз құрған  шаруашылықтың негізі қаланғанына 90 жылдан асты. Ауылымыз өлеңнің киесі, жүйелі сөздің иесі Дүр Оңғар Дырқайұлы атымен аталады.

Ескі тарихтың куәсіндей «Бұзық қала», «Төрткүл» арқылы Ұлы Жібек жолының бір тармақтары таралған. Керуен жолдарындағы сырын жасырған қалалардың құпиясын ашу – бүгінгі ұрпақ міндеті. Еліміз тәуелсіздігін енді алған елең-алаң кезеңде өзінде іргесін бұзбай, қалыптасқан дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін тұтас сақтауға бел буып, барын базарлы, жайын ажарлы қылған ауыл екенімізді мақтан тұтамыз.

Тарихқа үңілсек, бұл елді мекеннің іргесі 1930 жылы қаланып, майда бес шаруашылықты біріктірді. Содан бері еліміз қанша қиын кезеңдерді басынан өткерді.Шаруашылықтың қазіргі деңгейіне жету, әрине, оңай болған жоқ. 1932 жылғы ашаршылық, 1937 жылғы  қуғын-сүргін, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы жылдары ауылымыз ғана емес, бүкіл елге ауыртпалық  түсті, солардың барлығын  ел жеңе білді. Елдің дамуы мен экономикасының артуына ата-аналарымыз бен аға-апаларымыз өлшеусіз  үлес қосты. Осындай еңбекпен келген ауылымыздың  қазіргі  ажары мен татулығын әрі қарай жалғастыру әрбір азаматтың  міндеті деп есептеймін.    

Менің байқағаным, елдегі жастар құр сөз емес, нақты іспен айналысады.  Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға  көмек беру жағы күннен-күнге  артып келеді. Осындай азаматтарға шаруашылық атынан  алғысымды білдіремін. «Бақ қайда барасың?»  дегенде, «Татулығы мен бірлігі жарасқан  елге барамын» деген екен. Осы сөз жаңажолдықтар айтылса керек.

 Біздің ауыл «Энгельс» атындағы колхоз, «Жаңажол» колхозы, «Жаңажол» өндірістік кооперативі, «Жаңажол» толық серіктестігі атанған. 2004 жылдың 18 ақпанынан «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылдық. 90 жылда ел ағалары ауылымыздың көркеюі мен экономикасының артуына үлес қосты.

Атап айтсам, Аяған Боханов 1963- 1973 жылдар аралығында еңбек етті. Барлық жұмыс өз дәрежесінде атқарылып, елде тәртіпке көп көңіл бөлді. Облыста бірінші болып көркейту-көгалдандыру жұмыстары атқарылып, аймақ халқына үндеу жариялады. Көшелерге тас төселіп ауылымыздың болашақ келбетінің жобалары жасалды. 1973-1988 жылдары Кәрімберді Жақанов көптеген жұмыс атқарды. Ауыл орталығынан үш қабатты мектеп, екі, қабатты шаруашылық кеңсесі, екі қабатты мәдениет үйі, балабақша бой көтерді. Ауыл еңбеккерлері жұмысқа ерте кетіп, кеш келуге дағдыланды.

1988-1994 жылдар аралығында Болатбек Сүлейменов шаруашылық басшысы болып қызмет атқарды. Ауылымыз көркейіп, облыста алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Жаңадан «Спорт орталығы» бой көтерді. Көшелер асфальттала бастады. 1990 жылы шаруашылықтың құрылғанына 60 жыл толып, облыс көлемінде атап өтілді. 1993 жылы облыстық «Алтын күз», облыстық спартакиада өтті.

1994-2017 жылдар аралығында ширек ғасыр Қылышбек Әбішев басқарып, егін саласында ел алдында болды. Ауылда жаңадан мешіт, орталық алаң бой көтеріп, наубайхана, сауда орталығы, «Тағзым» алаңы қайта жөндеуден өтіп, түрлі саябақтар салынды. Әрбір отбасы кемінде 25 түп ағаш егіп, оны күтіп-баптауға қалыптасты.

1986-1994 жылдар аралығында  халық депутаттары Төрткүл ауылдық кеңесі атқару комитетінің  төрағасы болып халықпен тікелей жұмыс жасаған Бақытбек Тәуекеловке тоқталып өтуді жөн көрдім. Ол қоғам өміріндегі өзгерістерге орай 1994 жылдан  бастап Жаңажол ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалды. Ол кез елде жұмыс жоқ, зейнеткерлер зейнетақысын 5-6 айлап кешіктіріп алатын уақыт еді. Басқа ауылдар бөлініп жатқан тұста ауыл ақсақалдары, белсенді азаматтармен сөйлесіп, нәтижесінде іргеміз бөлінбеді. Елдегі атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына да өзіндік үлес қосты. Бір салада үздіксіз 31 жыл қызмет атқарып 2018 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып, ақыл-кеңесін беріп отырады.

Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен ауылда болып, орталық «Жаңажол» саябағының ашылу рәсіміне қатысты. Орталық алаңға арка, стелла, әуенді субұрқақ, балалар ойын алаңы және спорт алаңы салынған. Саябақ ішіне жарықшамдар қойылып, брусчатка төселіп, көпшілік демалатын орындықтар, әткеншектер орнатылды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай осындай демалыс саябағы бой көтерді.

Саябақ ортасында орналасқан стелланың бес жұлдыз болып салынуы, майда бес шаруашылықтың бірігуінің белгісі болса, жоғары жағында «Жаңажол» ЖШС логотипі орнатылды. Оны ұстап тұрған қол елдің бірлігінің символы болып саналады. Стелланың биіктігі – 23,5 метр. Жалпы, «Жаңажол» саябағының құрылысына 250 миллион теңге қаражат «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі есебінен жұмсалды.

Алда атқарылар қаншама жұмыстар бар. Бастысы, елімізде  тыныштық болғай.

Орынбасар ТӨЛЕПОВ,

«Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<