Жетекші партия ел сенімін ақтайды

535

0

Бүгінде қоғамның саяси өмірі мен мәдени шаралары жыл көлемінде көптеген мүмкіндіктерге жол ашып, еліміздегі жетекші партияның жаңа бастамаларына дем берді. Бұл бағыттағы жұмыстар әр жылдың басында нақтыланып, бағдарламаларды орындау мақсатында арнайы жоспар құрылады. Бұл жылы да осы үрдіс партияның басты ұстанымына айналды. Арал ауданы бойынша алдағы 5 жылды қамтыған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы әзірленіп, ондағы міндеттерді орындаудың нақты іс-шаралары қамтылған Жол картасы бекітілді.

2021-2025 жылдар аралығын қамтитын аудандық Жол картасында бекітілген жоспарда 7 бағыт бойынша 98 шара қамтылған.

Осы аталған шаралардың ішінде биыл орындалуы қажет 74 шара бойынша ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды.

Бүгінде өңірдің тұрақты экономикалық дамуын және ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін ауылшаруашылық құрылымдарына қолдау көрсету, еңбек өнімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Бұл үшін мемлекеттік бағдарламалар және жеке инвесторлар есебінен жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын, 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар ас тұзын өндіретін жаңа Испан цехының құрылысы салынып, таяу күндері іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек келесі жылға өтпелі негізде түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау, кальцилендірілген сода өндіру зауыттарының құрылыстары жүргізілуде. Аталған зауыттар толық іске қосылғанда 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Алдағы бесжылдықта азық-түлік қауіпсіздігін қатамасыз ету мақсатында ауданда ірі қара мал санын 54074 басқа көбейту арқылы мал шаруашылығының дамуына және жем-шөп базасын құру мақсатында жоңышқа  алқаптарын ұлғайту жұмыстары атқарылатын болады. Қосымша балық өнімдерін тереңнен өңдеу зауытын, қоғамдық тамақтану (50 адамға дейін) орнын салу жобалары жүзеге асырылып, аудан орталығынан әлеуметтік дүкен ашылады деп жоспарлануда.

Партия алға қойған міндеттердің бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Өндіріс пен қайта өңдеу және қызмет көрсету салалары бойынша жобалардың жүзеге асуы үшін «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 377,9 млн теңгенің 37 жобасы субсидияланса, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылды.

Аудан тұрғындарын таза ауызсу, сапалы жол, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету – жетекші партияның сайлауалды бағдарламасында алға қойып отырған негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта 2020 жылы басталған 68 шақырым болатын облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автожолының 32,9-42 шақырым аралығына орташа жөндеу, Арал қаласындағы бірнеше көшелердің автомобиль жолын салу, қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» (15-98,4 шақырым аралығы), Тоқабай елді мекеніне кіреберіс (2 шақырым) автожолдары орташа жөнделуде.

Бағдарламада қамтылған негізгі міндеттердің бірі – халықты баспанамен қамту. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында Арал қаласынан 4 пәтерлі 40 тұрғын үй құрылысы салынып, жерлесіміз, белгілі меценат Болат Өтемұратов қоры есебінен бөлінген қаржыға тұрғындарға тегін табысталды. Сонымен бірге аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларға арнап, тұрғын үй сатып алуға  республикалық, облыстық бюджеттен 388,05 млн теңге бөлініп, 18 тұрғын үйдің (36 пәтер) құрылысы аяқталды. Жуық арада осы тұрғын үйлердің кілтін табыстау жоспарда тұр.

Бұған қоса, осы жылы 4 пәтерлі және 10 пәтерлі тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жол картасында ауданда таза ауызсумен жабдықтау мәселелерін шешу де көзделген. Бұл жұмыстар аясында Арал қаласының №5 шағын ауданы, Қарашалаң, Аққұлақ елді мекені сапалы ауызсу желісіне қосылды. Келесі жылға Арал қаласының №6, №7, №8 шағын аудандары мен Ақбасты, Абай – Тоқабай және Көктем елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Тұрғындарға табиғи газ жеткізу жұмыстары бойынша Сексеуіл кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясын орната отырып, «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы кентке «көгілдір отын» жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.

Ал, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау» жобасының ІІ кезеңін жүзеге асыру және «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің атырабын қалпына келтіру» жобасын іске асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Жол картасындағы медициналық қызмет көрсету, білім беру сапасы бойынша ауданда тиісті шаралар атқарылуда. Қазір аудандағы денсаулық сақтау саласының базасы заманауи үлгідегі жылжымалы медициналық кешен және компьютерлік томография орталығымен толықты.

Биыл Сексеуіл кентінде 300 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Аудандағы білім саласындағы 2489 педагог кадрдың 2-уі – педагог-шебер, 267-сі – педагог-зерттеуші, 685-і – педагог-сарапшы, 454-і – педагог-модератор, бұл жалпы мұғалімдердің 52%-ін құрайды.

Мектептерді жаңа модификацияланған пәндік кабинеттермен (химия, биология, физика) жабдықтауда жақсы көрсеткіш бар. 2020 жылы 11 химия, 13 биология, 12 физика кабинеті жабдықталған. Жол картасы аясында қазіргі таңда облыстық білім басқармасынан қосымша қаржы бөлінуіне орай  жаңа модификацияланған пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғасын тауып, физика кабинетімен қамту 56%; химия кабинетімен 61%; биология кабинетімен қамту 61% құрады.

«Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында нақты істерді орындауда бірқатар нәтижелерге қол жеткізді және бұл жұмысты жаңа бағыт – «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының жиынтығы аясында жалғастыратын боламыз. Бұл тұрғыда жетекші партияның өкілдері сенім үдесінен шығу үшін жұмыс жасайды.

Серік СЕРМАҒАНБЕТОВ,

«Nur Otan» партиясы  Арал аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<