Қарашада қыс келді

655

0

Қыс ерте түсіп, жаңбырдан соң қар жауды. Салдарынан облыс орталығының біршама бөлігі жарықсыз қалды. Тұрғын үйлердегі жылу өшіп, ауызсу да тоқтапты. Қаланың іші көктайғаққа айналды.

− Көшелерге құм мен тұз себу жұмыстары жүргізілуде. «Қызылорда тазалығы» ЖШС-ның 100-ден астам қызметкері және арнайы техникалар түнгі сағат 01:00-ден бастап қала көшелеріндегі қарды тазалау жұмыстарына жұмылдырылды. Қазір де тиісті мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Ауа райының қолайсыздығынан туындаған электр желілеріндегі ақауды қалпына келтіру үшін 14 бригада жөндеу жұмыстарын жүргізуде, − деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов.

Жарық жалп етсе, оған тәуелді тіршіліктің аяғы тұсалатыны сөзсіз. Күні кешегі, әсіресе, таңғы уақыттағы көлік қозғалысының қиын­дығы жұртты әбігерге салды. Деректер бойынша облыста 17 жол-көлік оқи­ға­сы тіркеліп, салдарынан 1 адам дене жа­рақатын алған. Республикалық маңызы бар жолдарда көктайғақтан көлігінің басқару жүйесіне ие бола алмай, жолдан шыққан 15 автокөлік иесіне патрульдік полиция рота қызметкерлері көмек көрсеткен.      

− 200-ден астам патрульдік полицей жұмылдырылды. Олар осындай жағдайларда қандай әрекет жасау керек екендігін біледі. Көлік құралдары тоқтап қалғанда эвакуаторды шақыру, қажет болса елді мекенге жеткізу, көлік құралының қозғалтқышын жылыту, эвакуациялау жұмыстарын жүргізеді. Біз қызметкерлерімізді кез келген қиындыққа дайын болуға үйретеміз. Азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтарын қорғауды үнемі назардан тыс қалдырмаймыз, − деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.

Инженер-синоптик Мағжан Сәдуақасов­тың айтуынша, қараша айының 20-на дейін қалада суық ауа райы сақталады. Ауа температурасы күндіз −05, кешке −10, −15 градусқа дейін суытпақ.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<