Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қармақшыда болды

1228

0

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы бұған дейін жұмыс сапарымен облыстың бірқатар аудандарында болғанын хабарлағанбыз. 11 тамыз күні халық қалаулысы Қармақшы ауданында болды. Аудан әкімі Мұса Қалдарбеков сенаторды «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.  

 Мұрат Бақтиярұлы     алдымен Төретам кентіндегі №22 35/10 кВ қосалқы стансасын кеңейту және қайта құрылымдау жұмысымен танысты. Онан кейін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Ақай ауылындағы №17 «Алақай» балабақшасы ғимаратында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын назарға алды.

Сонан соң Байқоңыр қаласындағы көп бейінді аурухана мен оның құрылымдық бөлімі саналатын Төретам кентіндегі аурухананы аралады. Дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттерін, мүгедектерге арналған бөлме жұмысымен көріп, провизорлық стационар мен оның жабдықталуын назарға алды. Мұнан осң жұлдызды қалашықтағы №275 мектеп ғимаратына жүргізіліп жатқан ағымдағы құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінгі күні ғимараттың жылу жүйесі мен қабырғаларын әрлеп-сырлау жұмыстары аяқталған. Есіктері мен терезелері жаңартылған.

Мұрат Бақтиярұлы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын бақылап, кезекші сыныптарды енгізу, мектепте карантиндік талаптарды сақталуы және білім берудің онлайн форматы туралы ой-пікірімен бөлісті. «Педагог мәртебесін» сақтау қажеттілігін атап, білім беру сапасы мен саладағы қазіргі бәсекелестік деңгейінің артқанын жеткізді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде  Байқоңырдың іргесіндегі Төретам кентінде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биылғы жылы кенттегі Абай, Жахаев, Нұртуған жырау, Құлқашев көшелеріне орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары, тренажерлық және стритболдық алаңының құрылысы, Жанқожа батыр көшесіндегі №27, №29 көпқабатты тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру, №80 орта мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сенатор сапарын Жосалы кентінде түйіндеді. Аудан орталығындағы Қорқыт ата көшесінде жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарын да назарға алып, кәсіпкерлермен жүздесті. 

Айта кетейік, бүгінгі күні құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысандарға жергілікті тұрғындар тартылып, құрылыс жұмыстарына өңірімізде өндірілген өнімдер  пайдалануда. Мысалы, құрылысқа пайдаланылып отырған шикізаттар – құм мен шебень, жүргінші жолына төселген бручаткалар бәрі де жергілікті жердің өнімдері. Халық қалаулысы мұның өзіміздің өңірдің тауар өндірушілеріне қолдау екендігін атап өтті.

Мұнан соң Мұрат Бақтиярұлы Жосалы кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. №15 мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының құрылыс жұмыстарымен және балалар кітапханасы ғимараты мен №6 «Айсұлу» балабақшасының ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.

Жалпы, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданы бойынша 3 млрд 550 мың теңгенің көлемінде 40 жоба іске асырылуда. Осы жобалар шеңберінде барлығы 804 жұмыс орны, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы тіркеуде тұрған 409 адам жұмыспен қамтылып отыр.  

Сапар соңында Мұрат Бақтиярұлы орталықтағы жаңадан жұмысы жүргізіліп отырған мал бордақылау нысанында болып, кәсіпкерлермен пікірлесті. Сенат депутаты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп отырған құрылыс жұмыстарына оң бағасын беріп, кездесулерде айтылған өзекті мәселелер бақылауда болатынын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<