Сынақты кезеңнен ширығып шығу қажет

629

0

2020 тарихта ерекше жыл ретінде есте қалғаны анық. Алқымнан алған індет көптеген салаға салқынын тигізді. Әсіресе, білім беруде бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алып, қашықтан оқыту тәсілі қолданылды. Ол – мұғалімдер қауымына, ата-анаға үлкен сын болды. Телефон мен компьютерге телмірген оқушы мектептің қадірін ұғынды. Бірінші сынып оқушылары үшін ұстаздың жүзін көрмей, қаріп тану қиынның-қиыны болғаны да рас. Қысқасы, онлайн мен дәстүрлі білімнің айырмашылығы жер мен көктей екенін мойындадық. Қуантатыны, биыл балалар мектепке барады және эпидахуалға байланысты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде. Бұл туралы «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі»  тақырыбындағы облыстық дәстүрлі тамыз кеңесінде жан-жақты баяндалды.

Дәстүрлі тамыз кеңесіне облыс әкімі Гүлшара Әбді­қалықова, Парламент Се­на­ты­ның депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақ­марал Әлназарова, ҚР Пар­ламенті Мәжілісі төр­аға­сының орынбасары Балайым Кесебаева, «Talap» ком­мер­циялық емес акционерлік қоға­мының вице-президенті Санжар Тәтібеков қатысты. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының пре­зиденті Ғани Бейсембаев пен Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарының 400-ге жуық өкілі онлайн платформа арқылы қосылды.

Облыс әкімі алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі форматта оқуға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырғанын, бұған дейін өзі де облыстағы білім ошақтарын аралап, жағдайды саралағанын жет­кізді. Салада жүзеге асып жатқан ре­фор­маларға тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қарқын алғанын, мұғалімдердің еңбекақысы артып, қосымша функциялардан босату бойынша шаралар қабылданғанын баяндады.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзде­ріңізбен дәстүрлі тамыз кеңе­сінде кездесіп отырмыз. Шараны алқалы жиын емес, білім саласының кешенді даму жоспарын айқындап, тың ой мен ерекше идеяларды ортаға салатын алаң деп есептеймін. Көптен күткен сәт жетті. Биыл жаңа оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алмақ. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады. Қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды. Сондықтан облыстық білім басқармасына, барлық білім ұйымдарында санитарлық та­лаптарды қатаң сақтауды тапсырамын. Оқу дәстүрлі форматта басталғанымен, қа­шықтан оқыту кезіндегі білім сапасы кемшіліктерінің орнын толтыру да назарда болуы тиіс. Соған сәйкес негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзетуге негіз беріледі.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы білікті кадрлармен қамтамасыз етуді тапсырды. Жаңа оқу жылынан бастап алғаш рет бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде директорларды ротациялау жүргізіледі. Педагогтар да жұмысқа конкурстық негізде қабылданады. Егер бұрын-соңды мұғалімдерді жұмысқа директор қабылдаса, ендігі кезекте қабылдау нақты және біліктілік талаптары бойынша конкурс арқылы электрондық форматта өткізілмек. Бұған қоса келер жылы балабақша, мектеп және колледж педагогтарының еңбекақысы тағы 25 процентке артады. Президенттің тапсырмасы бойынша төрт жылда еңбекақы 2 есе өседі. Осы шаралардың барлығы салаға серпін берері анық, – деді облыс әкімі.

Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева білім экономикасының негізгі факторы – адами капитал, ал өркениет талабына сай болу үшін балаларды жан-жақты дамыту маңызды екенін алға тартты. Инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыруға қатысты ұсынысын ортаға салды. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы халық қалаулыларының осыған дейін ауыл-аймақтарды аралап, білім саласының ахуалымен танысқанын жеткізді. Сонымен қатар депутат «PISA-2018» нәтижелері ауылдық және қалалық мектептер арасында білім сапасында алшақтық бар екенін көрсеткенін алға тартты. Сол себепті алдағы уақытта ауыл мектептеріне кешенді шаралар, ресурстық орталықтар әдістемелік көмек көрсететін болады.

Қазір кәсіптік-техникалық білім берудің дамуында, жұмысшы маман­дығының насихатталуында «Жас маман» жобасының септігі зор. Оның мақсаты – 180 колледжді және 20 жоғары оқу орнын 100-ден аса талап етілетін мамандықтар бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Бұл ретте Санжар Мейірханұлы қоғам қажет ететін, сұранысқа сай мамандықтардың қатарында жұмысшы мамандығы барын ескеруге шақырды. Жалпы, облыстағы 30 кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнында 97 мамандық, 163 біліктілік бойынша 19775 студент білім алуда.

Кеңесте Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының прези­денті Ғани Бейсембаев цифр­ландыру трендтері, жаһандану жағ­дайындағы білім беру мазмұнын транс­формациялау тақырыбын тарқатты. Сондай-ақ, коронавирустың  білім саласына әсері айтарлықтай болғанын және одан шығудың жалғыз жолы – жаңа жағдайға бейімделу екенін баса айтты. Расында індет білім саласындағы жауапкершілікті еселеді. Бірақ, коронавирустың кедергісімен қатар, пайдалы тұсы жоқ емес. Мұны ұстаздардың ІТ құзыреттілігінің арт­қанынан байқауға болады. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, қазір ұстаздар жаңарған әдістер арқылы сабақ берудің тиімді тәсілін меңгерген. Мәселен, өткен жылы басқарманың YouTube арнасында 500-ден аса телесабақтар топтамасы әзірленіп, қолжетімді ресурс қалыптасты. Онлайн оқыту мектептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізіп отыр. Компьютерлер паркін 100% жаңарту нәтижесінде бір оқушы санына шаққандағы компьютерлер көрсеткіші 14-тен 5-ке дейін төмендеген. Пан­демия уақытында оқушылар бел­сенділігі бәсеңдеген жоқ. Бүгінде оқушыларды олимпиадаға дайындау нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте облыс ІІІ-орында тұр.

– Балалардың тұлға ретінде қа­лыптасуында қосымша білім беру ұйымдарының ролі ерекше. Алдағы уақытта тірек мектептердің тәжірибесі әрбір ауданға таратылатын болады.

Биыл «Кәсіпкерлік мектебі» мен «Мектеп обсерваториясын» қолға алатын боламыз. Пилоттық негізде «Мектеп театры» жобасы енгізіледі. Ал, ойын арқылы оқыту қағидаты негізінде мемлекеттік стандартты әзірлеу күн тәртібіне көтерілгендіктен үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралуда. Талантты, сыни тұрғыда ойлай алатын жастарды қалыптастыру мақсатында «Сыр дарыны» білімділер академиясын ашуды жөн деп таптық. Академия арқылы өңір абыройын асқақ етуге асық 100 оқушы іріктелді. Президент айқындап берген тағы бір маңызды мәселе – қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтық. Бұл ретте білім айырмасын төмендету назарымызда. 2019 жылдан бастап ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларға арналған «Мың бала» олимпиадасына Сыр өңірінен 27502 оқушы қатысып, 174 оқушы жеңімпаз атанды. Ресей, Беларусь мемлекеттерінде өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жа­рыс­тардан 8 оқушы жүлделі орын иеленді. Биыл 7004 бітірушінің 5730-ы, яғни 82 проценті ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Нәтижесінде құжат тапсырған 5184 талапкердің 3849-ы мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізді. Пандемия шектеулеріне қарамастан 4 оқушы білімін SAT халықаралық стандартталған тест сертификаты негізінде дәлелдеп, тесттен 140 балл алып, беделді университеттердің студенті атанды. Ал, жуырда Түркияның Стамбул қаласында география пәнінен өткен халықаралық олимпиадада №9 «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ерасыл Сапарбеков қола жүлдені иеленіп, мерейімізді еселеді, – деді басқарма басшысы.

Жүлдегер Ерасыл Сапарбековтың атасы Сапарбек Кемелбайұлы орайлы сәтте оның Сырдариядағы Н.Ілиясов ауылында білім алғанын, 6 сыныптан кейін №9 «Білім-инновация» лицей-интернатына оқуға түскенін айтты. Ауыл балаларын жан-жақты қолдап, үздіктер қатарынан табылсам деген мақсатын ұштауға атсалысып жүрген облыс басшылығына, ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

Шара соңында педагогика саласында еңбегі сіңген бірқатар ұстаз Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, облыс әкімінің «Үздік орта білім ұйымы» грантының иегері атанған Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіне 34 млн теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.

Кеңес мақсаты – өткеннен қорытынды шығарып, жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтарды пысықтау болатын. Ол бұл мақсат үдесінен шықты. Ең бастысы, саланы алға сүйреуде жүйелі із бар. Жоспар жеткілікті. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында 28 мектептің құрылысын жүргізу көзделуде. Биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның қатарында Президент тапсырмасымен іске асқан Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пен инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп бар. Қалған 3 мектеп жыл соңына дейін аяқталады. Бұдан бөлек, бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет еткен Жалағаш ауданындағы 2 білім беру нысаны жаңармақ. Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы жол картасы да жасақталған. Биыл 47 мектепке дейінгі мекемеде логопункт ашылып, олар логопед маманымен қамтылады. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында студенттерге қажетті жатақхана салу күн тәртібінде. Ал, биыл 400 орындық жатақхана пайдалануға беріледі.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<