Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 мәдени іс-шара

890

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 30 мәдени іс-шара ел назарына ұсынылмақ. Алғашқы шара «Нұрлы таң» атты халықаралық, республикалық, конкурстардың лауреаты Сымбат Тасбергенованың шығармашылық кешімен басталды. Сондай-ақ, Тәуелсіздікке тарту ретінде «Сыр өңірі фольклоры антологиясының» І томы «Жанқожа батыр» деген атпен жарыққа шығып, оқырманға жол тартқаны баршаңызға мәлім.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама бас­қармасының басшысы Асқарбек Есжанов баяндады.

– Тәуелсіздікті ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл көлемінде өткізіліп келеді. Ең ауқымды шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін қорытындылауға арналады. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 рухани-мәдени шара» атты жос­пар бекітілді. Атап айтсақ, 18-19 қараша күндері республикаға белгілі өнер иесі, ақын, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықованың әндерін орындаушылардың «Жасай бер, Қазақ елі!» атты республикалық конкурсы мен гала-концерті өткізіледі. Бұған қоса, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Сыр әзілі» атты әзіл-сықақ отауы 26 қараша күні көрерменге жаңа бағдарлама ұсынбақ.

Ал 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай «Көш бастаған Елбасы», «Кемеңгер көшбасшы», «Елбасы жолы», «Тұлға. Елбасы. Тарих» атты мерекелік шаралар, 4 желтоқсан күні республикамызға белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейін Әмір-Темірдің «Тәуелсіздік төріндегі театр» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде қол бастаған қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіші ашылса, Жосалыда жырау Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдығына арналған «Жүрегі жауһар жампозым» атты театрландырылған қойылым-концерт өтеді. 15 желтоқсан күні Н.Бекежанов атындағы театрда «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – елімнің еркін жолы», «Әлем таныған Қазақстан» тақырыптарында фото, кітап көрмелері, музей залдары бойынша экскурсиялар, желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу шаралары, мерекелік концерттер өткізіледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<