Тұңғыш Президент күні: Елордада I республикалық жас патриоттар форумы өтті

903

0

Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты жабылу шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Егемен ел ертеңі – жас сарбаз» атты I республикалық жас патриоттар форумының аясында «Айбын-2021» әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Шараға «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері әр аймақтан онлайн режимде қосылды.

Форум барысында түрлі салада өз орнын тауып, жемісті білім алып жүрген жас патриоттар өз жетістіктерін паш етіп, ұсыныс-тілектерін айтты. Сның бірі – Алматы облысының тумасы, «Жас сарбаз» қозғалысының үздік тәрбеленушісі, бокс пен дзюдодан республикалық жарыстардың жүлдегері, акробат, оқу озаты Әли Досман.

«Мен 5 жасымнан халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанды әлемдік деңгейде таныстырып жүрмін. Мен де ел ағалары секілді көк туымызды әлем ареналарында желбіретуді армандаймын», – деген жас акробат «Жас сарбаздың Қажымұқан күші» атты көрсетілім қойды.


Форумға ҚР Парламентінің депутаттары, Қорғаныс, Білім және ғылым, Төтенше жағдайлар, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты. Ал «Айбын» жиынына белсенді қатысып, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын сапалы ұйымдастырған үшін берілетін «Патриоттар мекені» ауыспалы кубогы Түркістан облысына табысталды.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<