Тұрғын үй құрылысы мәселелері талқыланды

308

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен тұрғын үй құрылысы мәселелері жөнінде жиын өтті. Онда биыл кредиттік тұрғын үйді салу және пайдалануға беру, жалға берілетін тұрғын үйлерді салу және сатып алу, баспанасы апаттық деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс материалдарының қымбаттауы мәселелері бойынша төрт сұрақ талқыланды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масы­ның басшысы Бердияр Пірімбетов пен «Отбасы банкі» Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев кредиттік тұрғын үйді салу және пайдалануға беру бағытында ат­қарылған жұмыс­тарды баяндады.

Осы жылы 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. Облыс бо­йынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2158 пә­терді құрайтын 105 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, жыл аяғына дейін 1608 пәтерді құрайтын 94 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

Қызылорда қаласы бойынша СПМК-70 тұрғын ауданында 940 пәтерлік 19 үйдің құрылысын жүргізу межеленген. Оның ішінде, былтыр 640 пәтерлік 13 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Биыл осы үйлер пайдалануға берілу үшін газ желілерін жүргізу аяқталуы қажет. Арал ауданында 40 пәтерлік 10 үйдің, Қазалы ауданында 40 пәтерлік 10 үйдің, Жалағаш ауданында 10 пәтерлік 10 үйдің, Шиелі ауданында 25 пәтерлік 25 үйдің құрылысы аяқталған. Аудан әкімдіктері мен «Отбасы банкі» арасында меморандум жасалған. Алдағы уақытта кредиттік үйлер пайдалануға беріледі.

Аймақ басшысы қалалық бюджет есебінен СПМК-70 тұр­ғын ауданындағы 13 кредиттік көп­қабатты тұрғын үйді газ желісімен қамтамасыз етіп, 1 қарашаға дейін құрылысын аяқтауды және «Отбасы банкі» Қызылорда филиа­лымен бірлесіп, салынған кредиттік үй­лер­дегі пәтерлерді өткізу бағы­тын­да жұмыстарды жедел­детуді, өт­кі­зілмеген пәтер­ санын анық­тап, апатты үйлер тұр­ғын­­­­дарына қайта бағыттауды тап­­­­сырды. Сонымен қатар, Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі ауданы әкім­­­­­діктеріне 1 қазанға дейін са­лын­­ған несиелік үйлерді өткізуді жүктеді.

Күн тәртібіндегі екінші және үшінші мәселе бойынша атқа­рыл­ған жұмыстарды Бердияр Пірімбетов тізбектеді. Биыл бар­лығы 945 пәтерді құрайтын 54 жалға берілетін үй құрылысына бюджет есебінен қаржы бөлінген. Қызылорда  қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауында 590 пәтерлік 12 көпқабатты тұр­ғын үй, Шиелі ауданында 72 пәтерлік 4 үй, Сырдария ауданын­да 33 бірқабатты тұрғын үй биыл пайдалануға берілмек. 2021 жыл­дың қорытындысымен өңір­де жалға берілетін 695 пәтерді құ­райтын 49 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде, 232 пәтер ха­лықтың әлеуметтік жағынан осал топ­­тарына, 463 пәтер аз қам­тыл­ған көпбалалы отбасыларға бөлінетін болады.

Сонымен қатар, 2021 жылы аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алу мақсатында Ұлттық қордан қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 192, Арал ауданында 35, Қазалы ауданында 35, Қармақшы ауданында 10, Жалағаш ауданында 20, Сырдария ауданында 10, Шиелі ауданында 20, Жаңа­­қорған ауданында 20 пәтер сатып алынады. Бұл үйлердің құ­ры­­­­­лысы жүргізілуде. Айта кету керек, Бай­қоңыр қаласында жалға бері­­­летін 250 пәтерлік 5 үйдің құры­лысы басталады деп жоспарлануда.

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевқа жылумен жаб­дық­тау­дың сыртқы желілерінің құры­лысын 15 қыркүйекке дейін то­лық аяқтап, пайдалануға беру­ді, қысқа мерзімде барлық тұр­ғын үйлерді абаттандыру мәсе­лесін шешіп, қазан айынан бас­тап кезекте тұрған азаматтарды қо­ныстандыруды жүктеді. Сырдария ауданына қарасты елді мекен­дердегі 33 жалға берілетін тұрғын үй құрылысын аяқтап, аз қам­тылған көпбалалы отбасыларды кезекке сәйкес қоныстандыруды 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етуді, Шиелі кентіндегі 72 пәтерлік 4 жалға берілетін тұрғын үй құрылысын аяқтап, желтоқсан айы­на дейін қоныстандыруды тапсырды. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерлік 5 үйдің құрылысын бақылауға алып, аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін пәтер сатып алудың ағымдағы жылғы жоспарын орындау қажет екенін айтты. Тағы бір тапсырма, бір ай мерзімде орын­далмауы мүмкін жағдайлар пы­сық­талып, қаражатты аудан­дарға қайта бағыттау жөнінде нақты ұсыныстар енгізу туралы болды.

Жиында облыс әкімі тарапынан Сырдария өзенінің сол жаға­лауындағы 50 пәтерлік үйдің құры­лысын аяқтау және апатты үйлер тұрғындарына пәтерлерді кезекке сәйкес 1 қыркүйекке дейін бөлуді қамтамасыз ету және несие­лік тұрғын үйлердегі са­тыл­маған пәтерлер санын анықтап, апатты үйлер тұр­ғындарына қайта бағыттау тапсырылды. Сондай-ақ, Арал ауданындағы апат­ты үйлерде тұратын 14 отбасын үймен қамту бойынша ұсыныс енгізу қажет екені айтылды. Еске салайық, жаңа тұрғын үй саясатына сәйкес 2022 жылдан бастап жалға бері­летін тұрғын үй құрылысына қаражат бөлінбейді.

Төртінші мәселе – құрылыс мате­риал­­дарының қымбаттауына қатысты облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқар­масының басшысы мәлімдеме жасады. Соңғы алты айда құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бағасының күн сайын қарқынды өсуі байқалады. Жүргізілген тал­даулар нәтижесінде құрылыс материалдарының бағасы сметалық бағадан едәуір асып түсетіні анық­талды, яғни, материалдардың баға­сы қолданыстағы сметалық баға­лармен салыстырғанда орта есеппен 96% өскен.

Облыс әкімі 10 проценттен астам қымбаттаған барлық салынып жатқан құрылыс нысандарына тал­дау жүргізу, сметалық құнды ұл­ғайтуды талап ететін нысандар бо­йынша қаржылық аудит жүргізу үшін барлық қажетті құжаттарды әзірлеуді ұйымдастыру бойынша тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды орынбасары Серік Сүлейменовке жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<