Ұлт көшбасшысының қалтқысыз қамқорлығы

875

0

Тәуелсіз еліміздің дамуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасы Бәсекеге қабілетті қуатты Қазақстанды қалыптастырды.

Тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейінгі кезеңде Сыр бойындағы халық Ұлт Көшбасшысының мейіріміне, қалтқысыз қамқорлығына бөленіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы «Сыр – Алаштың анасы, Сыр елінің дамуы менің ұдайы назарымда» деп айтып жүрді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың біздің аймаққа қатысты жарқын істерінің куәсі болғандардың бірі – қоғам қайраткері Нәжмәдин Мұсабаевпен сырласудың сәті түскен еді.

– Нәжмәдин Түркбенұлы, сіз тәуелсіздік таңы атқан кезден кешегі уақытқа дейін мемлекеттік қызметте болып, оның ішінде Сыр өңірінде басшылық қызметтерді ат­қардыңыз. Тұңғыш Прези­дент Н.Назарбаев Мемлекет басшысы ретінде бүкіл ел, яғни барлық аймақтар мүд­десі үшін жұмыс істегені белгілі. Десе де, соның ішін­де Сыр өңіріне деген ерек­ше көзқарасын қандай көрі­ністерден байқаймыз?

– Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында елімізде өте ауыр экономикалық ахуал қа­лып­тасты. Жұрттың алған ай­лығы апталық талғажау етуіне жетпей, кәсіпорындар мен өн­діріс орындары тоқтап, дала төскейіндегі мыңғырған мал мыңдап пышаққа ілінді, ар­занға сатылды, тауарға айыр­басталды. Осындай сәтте Қы­­зылорда облысын та­рату жөнінде Президентке жа­нын­дағы кеңесшілерінен, эконо­мист мамандардан ұсыныстар көптеп түсті. Облыстың бір бө­лігін Ақтөбе, екінші жар­тысын Оңтүстік Қазақстан об­лысына қосып, тұрғындарды басқа өңірлерге көшіру туралы айтылды. Оны елемеуге бол­майтын. Өйткені, сол кездері Жезқазған, Семей, Көкшетау, Талдықорған, Торғай облыс­тары қысқартуға ілігіп, көр­шілес облыстар құрамына өтіп жатқан кезең еді. Сонда Ел­басы Алашқа – ана, талайға  пана болған құтты да қасиетті өңірді бөлмей, тұтас сақтап қалу жөнінде шешім шығарды. Небір мықты облыстарды қыс­қартуға іліктіріп, біздің об­лысты бөлмей тұтас сақтап қа­луы, онымен қоса көрші Қа­рағанды облысының біз­дің облысқа жалға берген ау­ма­ғының мерзімін ұзартып беруі ол  ерлікке тән іс еді. Ал жалға берілген жер біздің облыстың мұнайлы өлке бо­луына үлкен үлес қосқаны белгілі. Экономикалық құры­лымы жағынан жылдар бо­йына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі еліміз тәуелсіздік алған соң мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жалға берілген мерзімі аяқталған «Құмкөл» же­рін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға ше­шім қабылданды.

Ал Арал теңізі проблема­сына дүние жүзінің назарын аударту ол бір ерекше оқи­ға деп атар едім. 1993 жылы Қызылордада Арал пробле­ма­сы жөнінде алғашқы халық­аралық конференция ұйымдас­тырылды. Осы айтулы үлкен шараның өтуіне де ұйытқы болып жүрген Елбасымыз. Мен ол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарамын. Сол уақытта Арал өңіріндегі экологиялық қасі­реттен зардап шеккен аза­маттарға әлеуметтік қолдау туралы заңын өмірге әкелуде оның алғашқы жұмысшы ко­миссиясын басқардым. Осы­лайша қазіргі кезде халық игілігін көріп отырған эко­логиялық коэффициентті ен­гі­зуге үлес қостым.

Сол кезеңдегі Орта Азия­ның бес мемлекетінің прези­денттері, атақты ғалымдар осы конференцияға қаты­сып, Үндеу қабылдады. Халық­аралық «Арал теңізін құт­қа­ру қо­рының» құрылуы да осы уақытта жүзеге асты. Іс-шарадан кейін Арал теңізі мәселесіне әлем халқы, Мем­лекет басшылары, дүние­ жү­зінің қоғамдық ұйымдары мен ірі ғалымдар назарын бұра бас­тады.  «Арал теңізін құт­қару қорының» атқару коми­теті жыл сайын Орталық Азия республикалары астана­ларында кезектеп құрылды.

Арал мәселесін Елбасымыз ешқашан да назардан тыс қал­дырған жоқ. Қазақстан Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына тө­рағалық жасауына бай­ла­нысты Елбасы өз Үндеуінде бірінші кезекте Арал проблемасын тағы да бір мәрте көтергенін айта кету керек. Елбасы бастамасымен дүниеге келген «ғасыр жобасы» атанған САРАТС жобасы аясында «Көк­арал» бөгеті салынып, теңіздің солтүстік бөлігінің деңгейі көтерілді. Соның нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-эконо­ми­калық жаң­ғыруы орын алды. Кіші Арал өмірге кел­геннен кейін аралдықтар ата кәсібімен қайта қауышып, ба­лық аулауына мүмкіндік туды. Қазіргі таңда балықты ау­лайтыны бар, таситыны бар, өңдейтіні бар, сататыны бар осы Кіші теңізден Арал мен Қазалы аудандары мен об­лыстың кәсіпкерлері бар, қанша мың адам  жұмыс істеп, нәпақасын Кіші теңізден тауып отыр.

– Тұңғыш Президенттің «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген қа­нат­­ты сөзі барша халық­тың есінде. Сол сөз Елбасы аузынан шыққанда сіз ол кісінің жанында болдыңыз…

– Елбасы Арал ауданына 2005 жылдың 27 сәуірінде арнайы іссапармен келді. Мен ол кезде Арал ауданының әкімімін. Сәрсенбінің сәті­не дөп келген бұл күн – Арал та­рихында айтулы күн, ұмы­тылмас сәт еді. Қамқор­шысын ерекше ілтипатпен қарсы ал­ған аралдықтар үшін Елбасы таза ауызсудың тұсаукесерін жасады. Президенттің дида­ры­нан нұр шашып, судың дә­мін татып, «ең таза ауызсу арал­дықтарда» деп ағынан жа­рылды.

«Мен 15 жыл бұрын осы жерге келгенімде, Арал хал­қына бір көмегімді тигізсем деген ойда болатынмын. Сол арманыма бүгінгі күні қол жет­кізгелі отырмын. Қан­шама экологиялық қиын жағ­дайды бастан кешсе де, қалың қазақтың ортасында отырған елдің ажары ашық, жүзі жар­қын екенін сол кездері бай­қағанмын. Амандық болса, ер­тең Кіші теңізден жыл сайын 12 мың тонна балық аулауға қол жеткізілмек. Биылдан бастап Кіші теңіз суға толады. Ол үшін мемлекет кең көлемде қаржы бөліп отыр. Кіші теңізге 30 млрд текше метр су жиналып, бір кездері арман болған жұ­мысымыз өз нәтижесін бе­реді. Бұл аймақтан кең-бай­тақ елімізге танымал әйгілі тұлғалар шыққан. Кешегі күндері көп­теген қиыншылықтарды көр­се­ңіздер де, атамекенге деген адалдықтан айнымадыңыздар. Осы жерде ұрпақ өсіріп, түтін түтетіп Тәуелсіз Отанымыздың одан әрі өркендеуіне лайықты үлес қосып келесіздер» деген болатын Тұңғыш Президент. Ол Сыр өңірін қайта түлетуге 100 млн доллардан астам қаржы бөлдірткенін, оның 14 млн доллары Арал қаласы тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін жұм­салғанын айтып, қуаны­шы­мызға ортақ екенін жет­кізді.  

–  Елбасымен жүздесудің сәті мұнан кейін де болды ғой?

– Иә, болды. 2009 жылдың 15 желтоқсанында Астанада барлық деңгейдегі әкімдердің республикалық жиыны өтті. Сонда еліміздегі аудан әкім­дері атынан сөз сөйлеу мәр­тебесі маған бұйырды. Әри­не, оны да мақтаныш етемін. Мен Арал ауданының барлық салада өсіп-өркендеп, әлеумет­тік-экономикалық жағдайы тү­зеліп, жан-жақты дамып ке­ле жатқанын, қыруар жұ­мыс­­тар атқарылғанын, түрлі нысандар салынғанын жеткіз­дім. Елбасының 2005 жылғы 27 сәуірде ауданға келген са­парында алғаш таза су желісін қосқанын, қазіргі таңда ау­дан халқының 75% таза су ішіп отырғанын, САРАТС жо­ба­сы­ның бірінші кезеңі сәтті аяқталып, «Көкарал» бөгеті бө­геліп, Кіші теңіздің қалаға тікелей 18 шақырым қалғанын айттым. Ата кәсібіміз – балық шаруашылығы өркен жайып, «Атамекен холдинг» қаржы өнеркәсіп тобы күшімен жаңа балық және вагон құрастыру заводтары салынып іске қо­сылғанын, «Қамбаш балық» ЖШС жаңа балық өңдеу цехы салынғанын, 5 жылдан бері 167 маманға тұрғын үй, 12 орта мектеп, 24 медициналық пункт жаңадан салынып, пайдалануға берілгенін баяндадым. «Жол картасы» аясында ауданда жолдар жөнделіп, жабық жүзу бассейні, спорттық-сауықтыру кешені, типтік шағын спорт алаңы, Елбасының өзі ашқан «Тағзым» алаңына, «Тәуел­сіздік», «Жалаңтөс баһадүр», «Балықшылар», «Ақкеме» алаң­дары қосылғанын жеткіздім. Өңірімізде атқарылып жатқан осындай жарқын істерге риза болған Елбасы: «Аудандағы оң өзгерістен хабарым бар, білемін. Бұл туралы облыста болған сапарымда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне атап өткенмін. Аралдықтарға сәлем айта бар. Атқарылып жатқан істерді міндетті түрде барып көремін» деп жылы лебізін білдірді. Бұған қалай марқаймассың?!

– Президенттің Аралға са­парының нәтижесі туралы ауыз толтырып айтуға бо­лар?

– Әрине. Мына жағдайға назар аударыңызшы. Арал ау­данының аумағынан респуб­ликаның басқа аудандарында кездеспейтін бірнеше ірі ме­га жоба өтіп жатыр. Олар – «Жез­қазған-Сексеуіл» темір жолы, «Кеңқияқ-Құмкөл» мұ­най құ­быры.  Ол Ақтөбеден Аралға келіп, Кұмкөлге кетеді. Сондай-ақ Арал мен Қазалы аудандары елді мекендерін 100%-ке жуық таза жерасты суымен қамтамасыз ететін То­лағай су құбырын айтуға болады. Бұл жобалардың Арал ауданы мен облысымыз үшін аса маңызды екені Президент Арал ауданында болғанда жет­кізілді. Мұнан бөлек, әрине басқаларға да ортақ «Ба­тыс Еуропа-Батыс Қытай» ха­лық­аралық автодәлізі мен «Бо­зой-Шымкент» газ құбы­ры бар. Ал осы айтылған инфра­құ­ры­лымдық желілер қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр.

Арал  бұрын теңіз бар кезде елді мекендерге кемемен, ка­термен қатынас болып,  авто­жолы артта қалған облыс­та­ғы бірден-бір аудан еді. Ел­басы келіп кеткеннен кейін қазір Аллаға шүкір, аудан­ның көптеген шалғай елді ме­кен­деріне асфальт жол барды. Елбасы сапарына дейін ауданда типтік жобамен ке­ңестік кезеңде салынған жеті орта мектеп қана болған еді. Содан кейін бұл жұмыс қарқын алып, барлық елді мекенде типтік жобадағы мектеп, балабақша са­лынды. Бұл проблемалар да сол кезде көтерілген бола­тын. Міне, сол кезде айтыл­ған ұсыныстар жүзеге асып, ау­дан­ның, облыстың әлеумет­тік-экономикалық дамуына үл­кен әсер етіп, халық игілігін көруде.

Бүгінде құрылысы созылып кеткен Қызылорда шыны за­уытын салуға алғашқы кезде бастамашы болған Ұлы­брита­нияның белгілі «Пил­кингтон»  компаниясы еді. Олар зауытты жүргізуге ең қажетті шикізат кварц құмы Арал ауданында, дәлірек айтқанда, Шөмішкелде мол қоры болғандықтан, оны жүзеге асыруға талаптанған болатын.

Тағы бір еске аларлық жайт, Елбасы Арал ауданына сапары кезінде «Көкарал» бөгетінде бо­лып, САРАТС жобасын жоба­лаушы «Казгипроводхоз» ме­­кемесі мен бас мердігер  «За­рубежводстройдың» басшы­ла­ры мен мамандарына және жо­баны қаржыландырушы Дү­­ниежүзілік банк өкілдеріне «Сіздер жобалап отырған САРАТС жобасы жүзеге асқан кезде теңіз суы қалаға жақындай ма?» деп сұрады. Олар өз кезегінде «25-30 шақырымдай жетпей тұрады» деп жауап берді. Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы жұлып алғандай: «Ендеше Кіші Аралды бөліп алып, теңізді қалаға келтіруіміз керек. Ол үшін САРАТС жо­басының ІІ кезеңінің іске қосылуын міндеттеуіміз қа­жет» деді. Сонымен бірге оны жүзеге асыруға шетелдік банк қаржысы кешеуілдеп жатса, рес­публикалық бюджет қар­жысын жұмсау қажеттігін айтты. Қан­ша қиыншылықтарға қара­мастан, бұл Елбасының қайт­пас қайсарлығын көрсетсе керек. Сол құлшыныстың нәти­жесінде Кіші Арал теңізі қалаға 18 шақырымға жақындады. Өкінішке орай, қазіргі күні шыны зауыты құрылысы жоба­сы мен САРАТС жобасының екінші кезеңі толығымен аяқ­талған жоқ.

–  Жалпы Елбасымен кез­десулер өзіңізге қалай әсер етті?

– Нұрсұлтан Әбішұлы ­На­зар­баевпен жүзбе-жүз кез­десіп, әңгімелескенімді өмі­рімдегі өте әсерлі сәттердің бірі санаймын. Бір емес, үш рет кездескенім, менің есімде ұзақ­қа қалатын болады.  Сол кездесулерден анық байқа­ға­ным, мүмкін сенерсіз, мүмкін сенбессіз, ол кісінің бойында ерекше бір қасиеттің бар екен­дігіне көз жеткіздім.

Елбасының Меккеге жаса­ған сапарында болған қызықты жайт туралы көпшілік хабар­дар болар. Қағбаға кіріп құ­ран оқып шыққанда ақ жа­уын жауған. Көптен жауын болмаған екен ол жақта. Сон­да сол жерде бастап келген Арабия корольдігінің  өкілдері аң-таң болып, Елбасының қасиетті адам екенін айтып таң­дайын қағады. «Дұғаңыз қабыл болатын болды, не тілеп едіңіз?» деген сұраққа «Елімнің тыныштығын тіледім» деп жауап берген.

Міне, сол секілді  өзімді таң­дандырған жағдайға  ора­ла­йын. Арал ауданына сапа­ры барысында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Көкарал» бөгетінде болып, түс ауа Қамыстыбасқа келді. Сол күнгі жағалауды тынымсыз тепкілеген толқын, күнделікті түс ауа басталатын құм дауылы әп-сәтте сап тыйылып, аспан жарқырай ашылды. Ақжал тол­қын ойнаған көл беті де сәл тыныстап, айдын беті айнадай жарқырап шыға келді. Шыны керек, жиналғандардың бәрі бұл құбылысқа аң-таң қалды. Мемлекет басшысы көлдің осы бір тамаша көрінісіне ұзақ уақыт сүйсіне қарап отырып, әңгіме-дүкен құрды. Содан шы­ғысымен  балық өсіріп жатқан «Қосжар» питомнигіне ат басын тіреді. Қазақы ырым жасап, аралдық зергер Құдайберген Құлмамбетов соққан күміс сыр­ғаны аталық, аналық қос бекіреге салып көлге жіберді. Бір қызығы, осыдан кейінгі уақыттары Арал өңіріндегі су айдындарынан балық аулау көлемі жылдағыға қарағанда өсе түсті. Арал теңізінде бұрын болып, кейін жойылып кеткен 30 түрлі балықтың қазір 18 түрі қайта ауланып жатыр. Табиғат-Ананың кей-кейде тылсым күшін еріксіз мойындауға тура келеді. Сол күні Президент тікұшағы көкке көтерілісімен ұзамай-ақ жел қайта тұрып, Қамбаш көлінің үсті астаң-кес­тең болды. Міне, мұны қасиет, кие демей көріңіз.

Қазақ ауылында қарапайым отбасынан шығып, әлемдік би­іктен танылған, халықаралық сарапшылар мойындаған ық­пал­ды саясаткерге айнал­ған Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ хал­қының бағына біткен жұл­дызды тұлғасы. Ұлт Көш­бас­шысының Сыр еліне жасаған сапарларында өңірімізге оң ба­ғасын беріп, Тәуелсіздік жыл­дарындағы ел дамуын бір ғана Қызылордадан көруге бо­латынын айтқан еді. 

Сөз соңында айтарым, «2021-2025 жылдарға арнал­ған Қызылорда облысын да­мыту бағдарламасы» аясында көптеген жоба жүзеге асы­рылады. Оған республи­ка­лық бюджеттен мол қаржы ресурстары қаралған. Міне, осы бағдарлама да Елбасының тікелей тапсырмасына орай қолға алынған болатын.

– Емен-жарқын пікірлес­тік­ке рахмет!

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<