Ынтымақтастық істі ілгерілетеді

694

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымының өкілдерін қабылдады.

Жиынға Қазақстандағы Бірік­кен Ұлттар Ұйымының гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымының өкілі Мария Доценко, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Ұлттық комиссияның мүшесі Аида Әбибуллаева және тиісті сала басшылары қатысты.

Кездесуде аймақ басшысы гендерлік саясатты дамыту бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына тоқталып, ел Президентінің әйелдер үлесін 30%-ке дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылатынын жеткізді. Сондай-ақ, өңірде әйелдердің тұрмыстық мәселелерін арнайы эксперт мамандармен бірге  кешенді түрде зерттейтін жобаларды пысықтау жұмыстары бас­талатынын тілге тиек етті.

– Биыл қастерлі Тәуелсіз­дігі­міздің 30 жылдығы аясында өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздер ҚР Үкіметімен мемлекеттің ұлттық даму саласындағы бірінші кезектегі міндеттерді іске асыруда, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде ынты­мақтастықтасыздар. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою, әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне кө­теру, сондай-ақ олардың бітім­гершілік процестердегі рөлін күшейту сияқты бағыттарды, ген­дерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша елдің халықаралық міндет­темелерді орындауына қол­дау көрсетіп келесіздер. Бірік­кен Ұлттар Ұйымына қатысушы елдерге гендерлік заң­дарды, саясатты, жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда жан-жақты қолдау көрсеткендеріңізге алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да бұл бағытта бірлесіп жұмыс атқарамыз деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Жиында Мария Доценко гендерлік теңдікті сақтау бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

– Қазақстанда гендерлік сая­сатты дамытып, әйелдердің жоғары лауазымдарда қызмет етуіне мүмкіндік берілгені қуан­тады. Біздің мақсат – гендерлік теңдікті сақтай отырып, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, шешім қабылдау деңгейіне көтеру және осы бағыттағы басқа да маңызды бастамаларды жалғастыру. Әйелдер үшін экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту маңызды. Сіздің бұл саладағы көпжылдық еңбегіңіз бен тәжірибеңізді ескере отырып, алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Бүгінгі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Мария Доценко.

Ал, ҚР Парламенті Сена­тының депутаты, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанын­дағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әлеуметтік мәселелерге қатысты маңызды ұсыныстарды ескеруге дайын екенін айтты.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Caravan of Knowledge» (Караван знаний – Білім керуені) қоғамдық қоры Қазақстанда STEEM бойынша білім беру саласын дамытуды, әсіресе жалпы білім беретін мектептердің оқушылар мен мұғалімдерін қолдау мақсатында «STEM Kyzdar» жобасын өткізді. Жобаға облыс бойынша 600-ге жуық қыз қатысып, олардың 35-і жеңімпаз атанды.

Жиын соңында облыс әкімі «БҰҰ-әйелдері» құрылымының жұмысына табыс тіледі. Еске салайық, «БҰҰ-әйелдері» құ­рылымының өкілі Қызылордаға сапары аясында білім беру ұйымдарын аралап, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, әйелдердің құқықтық және әлеуметтік мәселелері бо­йынша ортақ кездесу өткізеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<