Жан саясы – жасыл желек

1395

0

ХХ ғасырдың басында яғни, 1925-1928 жылдары Қызылорда еліміздің астанасы болып тұрғанда, біздің қаламыз – Қазақстандағы ең жасыл қала аталған екен. Сондықтан әр қызылордалық өз қаламыздың сондай мәртебесін қайта қалпына келтіруге атсалыссақ деймін. Қазір «Южный» ауданынан жаңа мешітке дейін көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Тек соны уақытылы суарып, қарап тұрса болды. Ол үшін төмендегі талаптарды ескеріп, жұмыс жасасақ, әрмен қарай табиғат өзі реттеп алары сөзсіз.

Қаланы көгалдандыруға пайда­ланатын ағаштар олардың негізгі қа­сиеттеріне және көгалдандырудағы мақсатқа орай таңдалып алынуы шарт. Айталық, қала халқының де­ма­лыс орны болатын жерлерге осы ағаштардың белгілі бір түрлері ға­на жарасса, тұрғын аудандарды жел­ден қорғау, өнеркәсіптік кәсіпорын­дардан, транспорт шуынан бөлу үшін басқа ағаш түрлері пайдаланылады. Осыған байланысты қалаларды кө­галдандыруға арналған ағаштарды жалпы, шектелген және арнайы мақ­сатта егілетін деп үш топқа бөледі.

Жалпы халық тұтынатын ағаш­тарға парктер, бақтар, скверлер, бу­ль­варлар мен көшелердегі жасыл желектер жатады. Олардың әрқай­сысының өзіндік функцио­налдық ерекшелігі бар және елді мекендерді көркейтудегі маңызы зор. Бұл ағаш­тарды халықтың тығыздығына қарай пайдалануға тиімді етіп отырғызу қажет.

Қала халқының белгілі бір бөлігі ғана пайдаланатын өсімдіктерге оқу орындарының, ғылыми-зерттеу инс­­титуттарының, балалар мен ем­деу-сауықтыру мекемелерінің, өнер­кәсіп орындарының төңірегіне және тұрғын аудандардың ішіне отыр­ғызылатын ағаш-бұталар, гүл­дер жа­тады. Бұлардың түрлерін таңдап алу кезінде олардың функционалдық ерек­шеліктерін есте мықтап ұстау қажет. Мәселен, мектеп маңына егі­летіндерінің түрлік құрамы таби­ғаттану мен өлкетану мақсатына орай барынша бай болуы тиісті. Ал емдеу-сауықтыру және балалар мекемелері үшін санитарлық-гигиеналық қа­сиет­тері басым өсімдіктер қажет бол­са, басқа бір орындарға сәндік өсім­­діктерді отырғызған тиімді. Өнеркәсіптік мекемелер еңбекші­лерінің жұмыс істеуіне, дем алуына қолайлы орындар жасауға қажет өсімдік түрлерін таңдап ала білу шарт.

Қандай мақсатта отырғызыла­тынына қарай әрі биологиялық ерек­ше­ліктеріне байланысты ағаш-бұталар таңдап алынады. Мы­салы, су эро­зиясын тоқтату үшін тамыр жүйесі барынша тар­мақ­талған әрі қуатты ағаш тұқым­дарын пай­да­ланған аб­зал. Батпақты жерлерді құрғату үшін буландырғыш қабілеті жоғары, ал автомобиль жолдарының бойына газ, түтін және шаң ұстағыш ағаштар отырғызудың қажеттігін жоғарыда айтып өттік.

Баққа оранған парктер салу үшін әртүрлі безендіру, гүлден­діру (клумбалар, бордюрлар, миксбор­гер­лер, партерлер, пергольдер са­лу) жұмыстары жүргізіледі. Олар парк­тер мен бақтарды, скверлер мен бульварларды, балалар үйлері мен қоғамдық мекемелердің, мектеп­тер­дің, зауыт-фабрикалардың терри­то­рияларын сәндендіріп, сұлу ғима­раттардың архитектуралық бейнесін аша түседі. Гүлмен безендіріп, көр­кейту жұмыстарына орай оған тар­тымды рең беретін түсті таңдап ала білудің де маңызы зор.

Клумбаларға жолдармен бөлін­беген, әртүрлі геометриялық фор­ма­­дағы, шағын, небәрі 10-15 шар­шы метр болатын бөліктер жата­ды. Оларға негізінен топырақ бетін жа­уып тұратын әртүрлі гүлді өсім­діктер, жапырақтары сәнді самшит, юкки тәрізді бұталар да егіледі. Клумбалардың құрамына газондар да кіреді. Рабаткалар деп ұзақ гүл­дейтін көпжылдық өсімдіктер егіл­ген, пішіні төртбұрышты бөлікті айтады.

Бордюрлерге  қандай да болма­сын бір көгал алаңды сыртынан қоршап тұратын, гүлдеп тұрған не­месе жа­пырақтары сәнді өсімдік­тер­ден тұ­ратын жіңішке алаптар жа­тады. Бор­дюрлер гүлмен бе­зен­діру жұ­мыс­та­рында жиі қолданылады.

Қаланы көгалдандыру жұмыста­рын оның алдын ала ойластырылған бас схемасына сәйкес жүргізу ке­рек. Сонда ағаштарды кездейсоқ отырғызуға жол беріл­мейді, оны ғылыми негізде және жос­парлы жүргізуге, сондай-ақ са­ни­тарлы-гигиеналық тұрғыдан ат­қа­руға мүмкіндік туады. Тұр­ғын квар­талдардың ортасына ойластырылып салынған сквер қалаға көрік беріп қана қоймай, ауадағы шуды басып, шаңды және басқа да қоспаны бо­йына тартады. Одан тарайтын сал­қын ауаның қозғалысы арқылы сол төңіректің температурасы төмен­дейді, ауа өсімдіктер сүзгісінен өтіп, тазарып, қоңыржай климат, яғни, жергілікті жердің мик­роклиматы қалыптасады.

Қала-селоларды көгалдандыру жұмыстарына қойылатын негізгі та­лаптардың біріне жердің рельефіне, топырақ жағдайларына сәйкес ке­летін сәндік өсімдіктердің түрлерін таңдап ала білу жатады. Жер жағ­дайы өсімдіктің биологиялық қа­сиеттеріне неғұрлым сәйкес болса, онда отырғызылған ағаштар оңай жерсінеді және олардың сәндік қа­сиетінің ашылуы соншалықты жо­ғары болмақ. Сондықтан да сәндік өсімдіктердің түрлік құрамы егістік жердің физикалық жағдайына тә­уелді болады. Аридті (қуаң) аймақ­тардағы елді мекендерді көгал­дан­дыру, олардың сәулеттік кейпіне жер­гілікті рең беру, бүлінген жер­лерді рекультивациялау, кен қазу барысында пайда болған, күл үйін­ділерін бекіту жұмыстарын жүргізу. Сондай өңірлерге барынша ыңғайлы, жергілікті жердің климат жағдайына бейімделген өсімдік түрлерін таңдап ала білуді қажет етеді.

Республика территориясының көп­шілік бөлігіндегі қолайсыз кли­мат жағдайлары,  антропогендік фак­тор­лардың табиғатқа кері әсері­нің жылдан жылға күшейе түсуі бұл жерлердегі елді мекендерді көгал­дандыру принциптерін түбірінен қай­та қарауды қажет етеді. Ол ең ал­дымен, өсімдіктің қажетті түрлерін ала білуден, олардың экологиясын зерттеп, жергілікті климат жағдай­ларына бейімделгіштігін анықтаудан басталуы тиіс.

Ағаштар мен бұталарды Қазақ­стан­ның қуаң аймақтарына жерсін­діріп тарату топырақ жағдайына, әсі­ресе өсімдіктің сумен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Сон­дықтан жаңа мекенге жерсіндірілген өсімдіктерді олардың биологиялық ерекшеліктеріне сай күтіп-баптау қа­жет. Мұның өзі олардың жақсы жерсініп, ұзақ уақыт өсуін қамтама­сыз етіп, сәндік және санитарлық-гигиеналық маңызын арттырады.

Ағаштардың қоршаған ортаны жақсартудағы маңызы өте мол. Ауа райының да өзгерісі қоршаған ортаға үлкен кері әсерін тигізеді. Мысалы, 1987 жылы аптап ыстықтың салда­рынан Грекияда 1300-ге тарта адам өмірімен қоштасқан еді. Оның 1200-і Грекия астанасының тұрғындары.

Афина қаласы өте тығыз орна­ласқан қалалардың бірі және жасыл желек бірен-саран ғана сақталған. Бұлардың  жалпы  көлемі  қала ау­мағының жалпы көлемінің 36%-не тең. Ал негізінде мұндай жерлерге жасыл желек қажет-ақ.

Өсімдіктер жарық жібермейтін экран қызметін атқарады, яғни, күн­нің жарығын бойына сіңіріп, кері шағылыстырып бәсеңдетеді, спектр­лік құрамын өзгертеді. Жа­нармайдың қалдықсыз, то­лық жа­ғылуын қамтамасыз ету, ауа­ның ауыр металдармен, шаңмен, аэ­розольдармен, улы газдармен лас­та­нуына жол бермеу, қалдықсыз тех­нологияны игеру сияқты өзекті экологиялық мәселелер негізінен техникалық жолдармен шешілуі тиіс. Дегенмен, орта жағдайын жақ­сартуда жасыл желек те ма­ңызды роль ат­қаратынын айтқан жөн, әсіресе, оның санитарлық-гигиеналық қызметінің мәні өте зор. Қазіргі кезде қала са­лу жұмыс­тарында міндетті түрде қо­йылатын талаптардың біріне құрылыс аймақ­тарын көгалдандыру жатады. Бү­гінде Қызылорда қала­сындағы са­лы­нып біткен Арай-2, Арай-3 шағын аудандарында аяқ су жүретін арықтар салынған, бірақ оған ке­летін су жолы қарас­тырыл­маған. Ал оған қаншама бетон латоктар, қаражат бөлінді, барлығы бос, құм басып кеткен. Оны тексеріп жатқан кім  бар? Соған қарамастан тұрғын­дар ауланы өз бастамаларымен жа­сыл желектендіріп жатыр. Ендігі мәселе, осы жасыл желектерді суа­ратын суға төлемді жеңілдетсе екен деген тұрғындар ұсынысы бар. Өйт­кені суды бірінші қабаттағы үй­лерден алып жатыр.  

Жасыл көшеттің жан-жақты ма­ңызы бар. Экзотикалық (ландшафты архитектура, жолдардың жағалаула­рын, демалу орындарын түрлендіру, т.б.), қалаларды көркейту, қаланы қорғау (шаңнан, газдан, шудан, күн­нен),  санитарлық-гигиеналық. Қала ішіндегі шудың 60%-ін ұстап қалады. Өсімдіктер көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, оны ыдыратып, ауаны оттегімен және жеңіл ион­дармен байытады, шуды азайтып, қаланы желден, шақырайған күннен сақтайды, ауадағы шаңды, ыс-кү­йені, транспорттың улы газдарын жұтып, олардың мөлшерін азайтып отырады.  Бір гектар жасыл алқап 1 сағатта ауадан 8 келі көмірқышқыл газын сіңіреді екен. Ол 200 адамның осы уақыттың ішінде (тыныс алу кезінде) бөліп шығаратын СО2 -ге тең. 25 жылдық терек жазғы 5 айда 44 келі, емен 28 келі, ал жөке ағашы 16 келі көмірқышқылын сіңіреді.

Жаздың ашық күндерінде 25 м2 көлеміндегі жапырақ беті бір адамның тәулік бойы дема­луына жеткілікті 17,3 м2 немесе 23 келі оттегіні бөліп шығарады. Бір ағаш оншақты адамды оттегімен қам­тамасыз ете алады. Ал бір авто­мобиль 100 шақырым жол жүру үшін бір адамның 1 жылда де­малуына жеткілікті оттегісін жағады екен. Сондықтан қазіргі автокөлік ғасырында қалаларда жасыл көшет­терді барынша көбейтудің қанша­лықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Қалаларды көгалдандыру кезінде пайдаланылатын көшеттердің фи­тон­цидтік қасиеттеріне көңіл аудар­ған жөн. Өсімдіктерден ауаға тарай­тын фитонцидтер ауаны зиянды мик­роорганизмдерден тазартып, ион­дық құрамының тұрақты болуы­на ықпал етеді, атап айтқанда, адам­ның денсаулығына қолайлы ион­дар­мен байытады. Ағаштардың фи­­тон­цидтілік белсенділігінің ең жо­ғары болатын кезі – шілде айы. Кей­бір қылқан жапырақтылардың, сон­дай-ақ теректің көптеген түрлерінің фитонцидтік белсенділігі қазан айы­на дейін кемімейді.

Г.М.Илькунның тәжірибесінде ат­қарған вегетация кезеңінде 1 ке­лі құрғақ жапырағына шаққанда 69 грамм, кәдімгі шегіршін 39 грамм, сүйрік жапырақты жиде 87 грамм, қара терек 57 грамм, (SO2) күкіртті газдарды жұтатыны көрсетілген. Кү­кіртті газдар (SO2)  өсімдіктің жер бетіндегі бөлігімен тамыр жү­йелеріне қарай жылжиды. Одан әрі күкірттің қосылысы топыраққа өтеді. Осылайша өсімдік құрамындағы күкіртті қажетті шамада сақтап, ал уыттың мөлшерін топыраққа бө­ліп шығарып отырады. Жасыл же­лек атмос­ферадан күкіртті газдан басқа фенол, хлор, эфир, фтор аро­матты көмір сутектері тәрізді әртүрлі заттарды бойына сіңіреді. Газ­жұт­қыштық қасиеті жоғары ағаш түрлеріне Канада терегі мен пи­рамида тәрізді теректер, шетен жапырақты үйеңкі, сүйрік жапы­рақты жиде, майда жапырақты жөке, ақ тұт, кәдімгі бирючина, қанқызыл долана жатады.

Сөзімнің басты да маңызды мәй­егі, осы жоғарыда айтылған ағаш түрлері біздің Қызылорда қала­сы­ның климаты мен топырағына бе­йімдеу келеді. Сондықтан осы атал­ған  ағаштарды қаламыздың көр­кін көркейтіп, ауасын тазартуға пайда­ланып, жасыл желекті молайтуға пайдаланған жөн деп санаймын.

О.АЙДАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<