Алаяқтың арбауы

696

0

Шиелі ауданының 25 жастағы тұрғыны Н.Қитанбаева өткен жылы ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін 4 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасын алса да, қорытынды шығармай, қайталап меншікке қарсы қылмыстар жасаған.


Ол Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен Қылмыс­тық Кодекстің 190-бабы 1-бөлігімен алаяқ­тық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бұрынғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, түпкілікті 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, сот үкімімен Қитанбаевадан жәбірленуші М.Байбураеваның пайдасына 1 млн 540 мың теңге материалдық зиян және мемлекет пайдасына 15 400 теңге мемлекеттік баж өндірілді. Қитанбаева жәбірленушіні алдап, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқырып, яғни, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.


Сот жаза тағайындау кезінде, сотталған Қитанбаеваның жауаптылығы мен жазаны жеңілдететін мән-жайларын, жасаған қылмысының сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, жәбірленушіге келтірілген зиянның өтелмегенін, жеке басын, бұрын ауыр қылмыс жасап, жазаның өтелмеген бөлігі ішінде жаңадан қылмыс жасағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.


Іс бойынша Қитанбаева бөтеннің мүлкін сенімді теріс пайдалану жолымен төмендегі жағдайда жымқырған. Нақты айтқанда, ол осы жылдың 21 қаңтарында өзінің ұялы телефонына ғаламтордан пәтерлердің фотосуретін жүктеу арқылы «OLX» ғаламтор желісіне «Қызылорда қаласы, «Ақмешіт» шағын ауданынан 35 мың теңгеге жалға пәтер беремін» деп ұялы телефон нөмірін жазып жарнама қалдырған. Осыдан ке­йін, қаңтар айының 22-сі күні жәбірленуші Байбураева Қитанбаеваның ұялы телефонына хабарласып, аталған пәтерді ертең көретінін айтқан. Сол күні екеуі Қызылорда қаласы, «Шұғыла» шағын ауданында кездесіп, пәтер үшін 30 мың теңге ақшасын алдап алып кеткен.


Қаңтар айының 23-і күні жәбірленуші Байбураева Қитанбаеваның ұялы телефонына хабарласып, жалға алатын пәтерін барып көргісі келетіндігін айтады. Қитанбаева оған «пәтерді жалға алып тұрғанша, мен саған Қызылорда қаласындағы «Арай» шағын ауданы немесе «Ақмешіт» шағын ауданынан 12 жылға 55 мың теңгеден төлеп тұратын етіп ипотекаға үй алып берейін» деп алдап, жәбірленушінің ұялы телефонына бірнеше пәтерлердің фотосуреттерін жібереді. «Үй алу үшін кезекке тіркеймін» деп тағы 50 мың теңгесін сұрап, қаңтардың 25-сі күні ақшасын алдап алып кеткен.
Осыдан кейін Н.Қитанбаева алаяқтық әрекетін жалғастырып, жәбірленушіге хабарласып, «ипотекаға үй алып, 12 жыл бойы төлеп жүргенше сізге Қызылорда қаласы, «Мерей» шағын ауданы №23 үйден 3 бөлмелі пәтерімді 2 млн 500 мың теңгеге сатайын» дейді. Пәтердің кепілде тұрғанын, кепілден шығару үшін 1 млн теңге ақшасын алдын ала төлеу керектігін жеткізіп, ақпанның 4-і күні Байбураеваның 1 млн теңгесін алдап алып кеткен.
Бірнеше күн өткен соң, алаяқтық әрекетін жалғастырып, пәтерінің паласы өртеніп кетті деп жалған айтып, 100 мың теңге беруін талап етіп, «бұл ақшаны пәтердің ақысынан шегеремін» деп ақпанның 14-і күні 100 мың теңгесін тағы алған. Содан соң «OLX»-тан Қызылорда қаласы, «Ақмешіт» шағын ауданында орналасқан пәтердің 60 мың теңгеге жалға берілетінін көріп, пәтер иесі Мажденмен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, пәтерді алатынын айтқан. Ақпанның 15-і күні Қызылорда қаласы, «Ақмешіт» шағын ауданы №23 үйдің алдында Мажденмен кездесіп, пәтерді аламын деп алдын ала ақысы ретінде 60 мың теңге берген. Сол күні жәбірленуші Байбураеваның мекен-жайына барып, өзіне күдік келтірмеу үшін көшуіне көмектескен. Тағы 400 мың теңге керектігін, оны пәтерақыдан шегеретінін айтып, алдап алып кеткен. Салдарынан, жәбірленуші Байбураеваға 1 млн 580 мың теңге мүліктік шығын келген.
Қитанбаеваның бұл кінәсі сотта өзінің мо­йындаған жауабымен, жәбірленушінің, куәнің жауабымен, фотосурет бойынша тану туралы хаттамамен және қылмыс­тық іске тіркелген басқа да іс-құжаттарымен толық дәлелденді.

Ол сот үкімімен келіспей, жеңіл жаза тағайындауын сұрап, шағым келтірді.


Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 25 тамыз 2020 жылғы қаулысымен ол шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.


Сот үкімі заңды күшіне енді.


Облыстық прокуратура тұрғындарды алаяқ­тардан сақ болуға шақырады. Кез келген жағдайда құжаттарды тиісті мемлекеттік органдар арқылы тексеріп алу қажет.

Сая ТЕМІРБЕКОВА,

облыс прокурорының
аға көмекшісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<