«Арман» инклюзивті театрының алғашқы премьерасы сахналанды

565

0

Фото: Қызылорда қаласы әкімдігі

Бүгін қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев «Арман» инклюзивті театрының сахналауымен өткен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, белгілі мәдениет майталманы Азиза Іздіқұлованың «Көршілер» спектаклінің премьерасын арнайы барып тамашалады.

Пешенеге жазылған тағдыр адамзат баласына әу бастан-ақ әрқилы сый тартары белгілі. Дегенмен, қамшының сабындай өмірді мәнді өткізу әркімге ортақ мұрат болмақ. Өзгеден ерек жандардың осынау алмағайып әлемде Мейірім мен Ізгіліктен жаралған қос қанаты бар десек, сәуле ғұмырда сол ұлы сезімдер барда мәңгілік махаббат салтанат құрары сөзсіз.

Көршілер арасындағы шиеленісті оқиғалар суреттелген траги-комедияда қозғалыс, музыка, ырғақ пен жарық өте шынайы орындалғаны сонша, артистер сахнада ойнағаннан гөрі шынайы өмір сүрген сияқты әсер қалдырғаны анық.

Спектакль соңында Қызылорда қаласы әкімінің өнер ұжымына құрметі ретінде ықылас гүлі тарту етілді. Қала әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп ұлтымыздың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов айтқандай, бүгін театр әртістері баршамызға керемет әсер сыйлады. Ерекше жандардың театр өнеріне қызығушылығын арттырып, шығармашылығына қолдау көрсету, олардың өнерін халыққа насихаттауға мүмкіндік берген «Арман» инклюзивті театрына өнер жолында толағай табыстар тілеймін» деп өз лебізін білдірді.

«Көршілер» спектаклі инклюзивті театрдың алғашқы ресми қойылымы болып саналады. Бұған дейін осы жылдың ақпан айында А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан үйірме ретінде ашылып, «Қолымнан ұста» спектаклімен қалың көрерменге танылған өнер ұжымының бүгінде жұмысы жолға қойылған.

Өңіріміздегі инклюзивті театр өнерін дамыту, мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында облыстық және қалалық бюджеттен қомақты қаржы қаралып, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап «С.Майқанова атындағы мәдениет Үйі» жанынан мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөлімі жұмыс жасауда.

Қазіргі таңда инклюзив театрында 8 ерекше жан актер болып және мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру бөліміне спектакльдерді сахналау үшін 7 маман 0,5 штаттық бірлікпен еңбек етуде.

Ерекше жандардың дарын-қабілетіне серпін беріп, осы қысқа уақыт ішінде өзінің таңдаған жолының даңғыл екенін, табандылығын дәлелдеп келе жатқан жас театрдың бағындырар биігі алда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<