Арманыма қол жеткізген ақын

475

0

Кейде адамның жазбасына қоймайтын жағдайлары болады. Яғни еріксіз жазасың. Қазақтың ақиық ақыны Әбділда Тәжібаев жайлы қалам тербеу менің көптен бері ойымда жүрді. Бірақ соның бір сәті түспеді. Дәлірек айтсам жүрексіндім. Өйткені мен әбділдатанушы емеспін, ол кісі туралы зерттеп, ізденген ғалым емеспін. Осылайша он ойланып, жүз толғанып қорқасоқтап жүрсем, бір кісі ақынмен небәрі үш-төрт сағат қана сұхбаттасқандағы әңгімесін қайта-қайта жазып, таусылмайтын жыр қылды. Содан кейін: «Менікі осы не тартыншақтай беру?»  деп түйдім. – Мен ақынның жанында санаулы сағат емес, аттай алты жыл болдым ғой. Оның үстіне бала кезден басталған үлкен арманыма қол жеткізіп, журналист мамандығын алуыма жәрдемдескен бірден-бір қамқор жан емес пе?! Сонымен қатар биыл қаламгердің туғанына – 110 жыл. Ендеше не кідіріс? 

Мен Әбділда ақынды алғаш рет 1960-шы жылдардың басында көрдім. Ол кезде Тереңөзек ауданының Қараөзек стансасында тұрамыз. Жаздың бір жаймашуақ күні көлеңкеде апам айран пісіп болып, күбісін жуып-шайып жатқан. Біз, балалар, сол жерде ойнап отырғанбыз. Бір кезде үйдің алдына бірінен соң бірі екі жеңіл мәшине келіп тоқтады. Ішінен жақсы киінген үлкен-үлкен кісілер түсті де бізге қарай жүрді. Тірлігін тоқтатып оларға таңғалып қарап тұрған апам алжапқышына қолын сүрте салып:

– Көке, Әбділда көке! – деп ілгерілеу келе жатқан кісінің алдынан шықты.

– Уай, Рәзия айналайын, амансың ба? – деп ол кісі апамды бассалып  құшақтап, бауырына басты. Еміреніп біраз тұрды. Сонан соң:

– Ахаңның көзісің ғой сен. Ахмет ағамның көзі. Сендерді қатты сағындым. Менің Төлтай нағашым қайда? – деді мейірлене қарап.

– Ол жұмыста ғой. Жол бойында. Үйге кіріңіздер, төрлетіңіздер, – деді апам.

– Жоқ, айналайын, асығыспыз. Әлі талай жерге барамыз. Ел аралап, халықпен кездесуіміз керек. Бізге айраныңнан бер. Ауылдың айранын ішпегелі көп болды.

Ол кісі осылай деді де сол жерде ойнап отырған кішкентай сіңлім Ботагөзді үсті-басының, бет-аузының топырақ-топырақ екендігіне қарамастан еңкейіп көтеріп алды. Құшағына қысып қайта-қайта бетінен сүйді. Сосын «тіфә, тіфә, тіфә» деп үш рет аузына түкірді. «Мықты боп өс! Халқыңның азамат қызы бол!» – деді. Ал селтиіп, сәл кейіндеу тұрған менің басымнан сипап, маңдайымнан өпті.

Жаңа піскен айранды тамсанып, рахаттанып ішкен қонақтар көп кідірмей жүріп кетті.

– Бұл кісі Әбділда Тәжібаев деген үлкен ақын, Алматыда тұрады, – деді апам маған түсіндіріп. – Менің туысқан көкем. Әкеңнің жиен ағасы. Бізге екі жағынан да жақын. Ал жанында тұрған ақсары кісі ақын Асқар Тоқмағамбетов.     

– Ол кісі де біздің туысымыз ба?

– Жоқ, көкеңнің жолдастары ғой. Әйгілі ақынды сен біле жүрсін деп айтып жатырмын.

Қазір ойлап отырсам, Әбділда ақын 1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған. Сайлауға түскен жері Қызылорда облысының Жалағаш ауданы. Сол жолғы келісі сайлаушылармен кездесуге арналған сапары болар, сірә. Өйткені өзіне сондай жарасып, сұлулық сыйлап тұрған көгілдір костюмінің жағасындағы жалау бейнелі значогы көз алдымда сурет болып сақталып қалыпты.

Айлар ағып, жылдар жылжыды. Мен мектеп бітіріп, Алматыға жол тарттым. Мақсатым – Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факуль­те­тіне түсу. Қайда-ғы-ы. Талабым тау­дай, дәмем зор болғанымен қиын емтихандардан ебін тауып өте алмадым. Иә, мұнда сынақ өте қатал екен. Қайдан оңай болсын. Еліміздегі жорналшылар дайындайтын жалғыз оқу орны. Бір орынға оншақты талапкер таластық. Тауым шағылып ауылға қайттым. Келе сала күрішшілер бригадасына барып жұмысшы болдым. Трактор руліне отырдым. Сөйтіп жүріп өлең, мақала жазуды тоқтатқан жоқпын. Арманым қайткенде де журналист болу. Сол арман жетегінде келер жылы оқуға тағы да бардым. Тағы да жолым болмады. Онан кейін де құлап, ару қаладан ауру адамға ұқсап жүдеп-жадап, үмітім үзіліп құр сүлдерім қайтқанда анау-мынауға сыр бере қоймайтын, жер қозғалса қозғалмайтын мінезі ауыр, аса төзімді анамның шыбын жаны шырқырап кетті-ау деймін.

– Жүр! – деді.

– Қайда? – дедім сіркем су көтермей сүлесоқ қалыпта.

– Әбділда көкеме барамыз. Оқуға түсіріңіз дейміз. Ол кісінің қолынан келеді. Атақты ақын емес пе?!

– Ойбай! Оқудың бәрі бітті ғой. Қабылдау емтихандары аяқталды.

– Барлық инстөттерде бітті ме?

– Иә.

– Әттеген-ай, ә?!

Шешем пұшайман күйге түсіп, ойланып қалды. Менің біртүрлі жаным ашып кетті.

– Апа, – дедім сосын жәймен ғана. – Әбділда көкеме осы уақытқа дейін неге апармадың?

– Өз күшіңе сеніп едім. Өзің де жақсы оқыдың ғой. Өлеңді де көп жазасың. Кәзитке де көп шығасың.

– Ой-бу, апа, оған қарамайды ғой.

– А – а? Қайдан білейін.

– Енді бір жол бар, апа. Күзде, сол мен тапсырып жүрген журналистика факультетінің дайындық курсына қабылдау болады. Бірақ оған ілігу де оңай емес. Түсе алмай қалғандардың біразы барады. Аз ғана бала қабылдайды.

– Жақсы болды. Онда соған барайық.  

Сонымен не керек, қоңыр күзде апам екеуміз ұшаққа міндік. Әкем үлкен бір қойды сойып, басымен, сирақтарымен қоса үйітіп қанар қапқа салып берді. Дорбамызда құрт, ірімшік, қауынқақ сияқты дәмдеріміз де бар. Әуежайдан таксиге отырып, Алматының орталығындағы Интернациональная көшесі №122-үйге келдік. Қазіргі коттедждер тәрізді екі қабатты томпиған жеке жай екен. Есікті ашқан ұзын бойлы, шашы иығына түскен жігіт әкесінің үйде екенін айтып, ішке енгізді. Біз қаптарымызбен тасыр-тұсыр етіп кіріп жатқанымызда ар жақтан:

– Рүстем, кім ол келген? – деген дауыс шықты.

– Қызылордадан, – деді Рүстем ағамыз.

Таяғын тық-тық еткізіп келе жатқан дыбыс естілді. Ол кісі жақындап келді де бізге қарап қалт тұрып қалды. Сәлден кейін барып:

– Рәзиямысың?  Қарағым, сен Рәзиямысың? – деді таңғалған кейіпте.

– Иә, көке. Мен Ахметтің қызы Рәзиямын ғой.

– Айналайын. Түріңнен айналайын сенің!

Екеуі құшақтаса кетті. Неге екенін қайдам, ағалы-қарындас екеуі де жылады. Көкенің даусы дір-дір етіп апамның арқасынан қағып, біразға дейін басыла алмады.

– Сара, көрдің бе кім келгенін? – деді сосын қасында тұрған әйеліне бұрылып.

– Иә, мен де амандасайын енді.

Осылайша мәре-сәре болып қауышқан біз демімізді басқаннан кейін қалта-құлтамыздың аузын шештік. Әкелген қойымызды көргенде Әбділда көкенің қуанғанын-ай! Балаша қуанды.

– Сара, Сара, қарашы, мынау біздің Сырдың қойы! Дарияның жағасында жайылып шөп жеп, суын ішкен малдың еті ерекше дәмді болады, – деп қойды қайта-қайта иіскеді. – Аһ, шіркін, иісін-ай! Туған даланың иісі аңқиды.

Ал құрт пен ірімшік, қауынқақты столдың үстіне қойғанымызда көкем есіне әлдене түскендей ойланып отырып қалды. Біраздан кейін:

– Мынау менің әжемнің құртта­рынан айнымайды екен. Ол кісі құрт қайнатудың да, қауыннан қақ тілудің де шебері еді, жарықтық. Әжем тамақтың қандай түрін болса да өте дәмді дайындайтын. Менің шешем Айманкүлге ештеңе істетпей, үй тірлігінің бәрін өзі атқаратын. Есесіне апам оған «Салсал», «Зарқұм», «Зифнүн», «Төрт дәруіш» деп аталатын қисса-дастандарды оқып беретін, – деді алыста қалған балалық шағын есіне алып.

Мен аузым ашылып ақынға қарап қалыппын.

Шайдың үстінде ауыл-елдің, ағайын-туыстың амандығы мен келген шаруамыздың шет-жағасы сөз болды.

Бізге шай беріп болғаннан кейін Сара жеңгеміз бір бөлменің стол, орындықтарын жинап жіберіп еденге түгі құлпырған қалың кілем жайды. Үстіне көрпешелер төсеп, жастықтар қойды. Сөйтті де:

– Ал, Рәзия, осы жерге жатып демалыңдар, бұл енді Несібелді екеуіңнің (менің есіміме «д» әріпін қосып, көкем де, жеңгеміз де осылай атайтын) бөлмең болады. Саған ыңғайлы болсын деп жасадым. Ұнай ма? – деді.

– Жеңеше, несіне әуре болдыңыз, үстелдерге-ақ отыра берем ғой.

– Жоқ, жоқ, үстелден белің ауырады. Ағаңның өзі осылай, тура ауылдағыдай жаса деген.

– А – а. Алла риза болсын сіздерге! (Апам кісіге ризашылығын осылай білдіретін. «Рахмет» сөзін айта алмайды. Үлкен аталарының аты ғой)

Біз кәдімгі өз үйіміздегідей, көрпеше, жастықта көз шырымын алып жатқанбыз. Бір кезде бағана сыртқа шығып кеткен көке келді дабырлай сөйлеп. Дереу түрегеліп, жинақталып отырдық.

– Міне, тамаша! Мына жерге ауыл қоныстанып қалыпты ғой. Қандай жарасып тұр. Ғажап, ғажап! – деді ол кісі күлімдеген қалпы қолын сермеп. – Рас айтам, Рәзия, сендердің келгендерің бүкіл ауыл көшіп келгендей болды.

Осы сәтте көкемнің жүзі бал-бұл жанып, ерекше нұрланып кетті.

Жеңгеміздің бастап жүруімен сәлден соң жоғары қабатқа көтерілдік. Ақынның жұмыс кабинеті. Мен кірген бойда таңғалып қарап қалдым. Мынандай кереметті кім көрген. Төрт қабырға толы кітап! Еденнен төбеге дейін текшеленген сөрелерде арасынан ине өтпейтіндей болып тізілген кітаптар. Ойпырым-ай, үйдің ішінде де осыншама көп кітап болады екен! Тура кітапхана дерсің. Қабырғадан ілгерірек қаз-қатар қойылған орындықтар. Бұрышта диван. Арқасында ескілеу қара домбыра сүйеулі тұр. Ал төрде үлкен стол. Ортасы жасыл пүлішпен көмкерілген. «Осы бөлмеде, мынау столда отырып ақын талай-талай ғажайып шығармаларын жазды-ау, ә» – деп ойлап үлгердім.

– Несібелді қызым, кел, отыр орындыққа,  неғып тұрып қалдың? Ал, Рәзия, әңгімені мен саған айтайын деп отырмын, тыңда! – деді ағасы қабағын сәл түйіңкіреп.

– Айта беріңіз, көке, тыңдап отырмын. Сол сіздің әңгімеңізді есту үшін елден келдім ғой.

Мен де құлағымды түре қалдым. Жеңгеміз бұл кезде шығып кеткен.

– Сен мына балаға обал жасаған екенсің. Қанша жыл босқа әуре болып, қаншама уақытын жоғалтты. Маған неге бірден әкелмедің? Ахмет ағамның талай жақсылығын көрдім. Басқасын айтпағанда менің алғаш жұмысқа тұрып, нан тауып жеуіме де сол кісінің жәрдемі тиді, – деп ақын үнсіз қалды. Төмен қарап аз-кем ойланып отырды да, жөткірініп алып, әңгімесін жалғады.

– Ол өзі қызық болды. Мен 1927 жылы Шымкент қаласынан жетіжылдық мектепті бітіріп Қызылордаға келдім. Өлең жазып, газет-журналдардың маңайын сағалап жүргенімді білетін Ахаң бір күні қолына шелек толы вино алып, ақын Асқар Тоқмағамбетовке ертіп барды. Асекең ол кезде «Лениншіл жастың» хатшысы. Екеуі түнімен әлгі сиякөк түсті виноны ішіп отырып әңгімелесті. Арасында маған өлең оқытты. Сонан не керек, ертесіне мені Асекең «Лениншіл жас» газетіне корректор етіп алды. 

Міне, қарағым, «Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпес» дегендей, қиын-қыстау кезде қамқорлық көрсетіп, қанатының астына алған ағаларымды мен ешқашан ұмытпаймын. Сенің бір балаңды жеткізу менің міндетім. Түсіндің ғой?

– Түсіндім.  

– Олай болса жүріңдер, Сараның тамағы дайын болып қалған шығар.

Осы жерде апамның әкесі Ахмет атам туралы айта кетудің реті келіп тұр. Өмір тарихынан белгілі, Әбділда ақын 1909 жылы 4 ақпанда Қызылорда қаласында туған. Алты жасында әкесі Тәжібай Қарымсақов қайтыс болады. Сонан жесір қалып жоқшылық күйге түскен Айманкүлді екі баласы, Әбділда және Зылихамен бірге Қараөзек стансасында тұратын әкесі Далдабай қарт қолына көшіріп алады. Енді әңгімені Мұхтар Әуезовтің ақын туралы жазған «Әбділда Тәжібаев» деген мақаласымен жалғастырайын.

«Далдабай өз баласы болмай, жиені Айманкүлді бесіктегі кезінде бала қылып, бауырына салған. Өзі мейірімді, есті әке болған. Айманкүлді 14 жасына дейін ауылдағы молдадан оқытқан. Хатқа жүйрік, парсы, шағатай әдебиетіне өте таныс қанықты оқушы етіп өсірген еді. Айманкүлді оқытушы Ділдәхан молда Бұхарада отыз жыл оқып қайтқан, ескі мед­ресе тәрбиесі бойынша көп білім алған кісі деп саналатын… Айманкүлдің кітап оқығыштық мінезін құптаған Ділдәхан молда өзі әбден қартайған шағында «ең жақсы шәкіртім осы» деп, бар кітапханасын Айманкүлге сыйлайды. Сол кітапханада Низами, Науаи, Хафиз, Сайхали, Бәділ шығармалары болады. Осы шығармаларды Айманкүл өзі оқып, жұртқа тыңдатумен қатар, баласының санасында ақындыққа құмарлықты еге жүреді». (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу том­дық толық жинағы. 29-том, 114-бет. «Дәуір», «Жібек жолы», Алматы, 2014).

Осы айтылған Ділдәхан молданың екі ұлы болған. Ахмет пен Ыбырай. Яғни Айманкүл апамызды оқытқан Ділдәхан молда менің үлкен нағашы атам. Ал індетіп таратсақ Ділдәхан мен Тәжібайдың түбі бір – Бессары қыпшақ.

Сонымен құжаттарымды тапсырып, тиісті сынақтардан өтіп, дайындық курсына түстім. Сара жеңгеміз «бұл қуанышты атап өтеміз» деп бауырсақ пісіріп, арнайы дастархан жайса, Әбділда көкем «жуамыз» деп екі рөмке коньяк  ішті.

Оқудың басталуына біраз уақыт бар. Біз ауылға қайтуға жиналдық. «Төлтай нағашым киіп жүрсін» – деп көке су жаңа әдемі бөрік берді. Кетер кезде:

– Менің Сырыма, елге, ағайындардың бәріне сәлем айтыңдар! Шіркін, сендермен бірге кетіп Сырдарияның суына сүңгіп, ауылдың ақ шаңына аунап, туған жердің жұпар ауасын жұтып, құмардан бір шығып қайтар ма еді?! – деді жанарлары жасаурап.

– Қамықпаңыз, көке, амандық болса жеңешем екеуіңіз ел жаққа қыдырып қайтпайсыздар ма? – деді апам да боталаған көзін саусағымен сүртіп.

– Иә, жаз шықсын, ондай да жоспарымыз бар. Әбекең Қызылорданы қатты сағынып жүр, – деді Сара апа.

Қарындасын құшағынан әзер босатқан ақын бізді аула сыртына дейін шығарып салып, өзінің «Волгасына» мінгізіп жіберді.

* * *

Бұрын Кеңес дәуірі кезінде бала-шағаға, жастарға ата-баба, үрім-бұтақ, тұқым-тек жөнінде айтыла бермейтін. Бұл орайда баспасөз беттерінде, кітаптарда да жарытымды жазылмайтын. Сонан да көп жағдайды түсінбейтінбіз. Әбділда көке менің әкемді неге «Төлтай нағашым» дейді деп басым қататын. Сөйтсем, әкемнің жаздырып қалдырған шежіресіне қарап отырсам, оның жөні былай екен.

Мүгір деген кісінің Дүзелбай, Далдабай, Үргенішбай атты балалары болады. Дүзелбайдан ұрпақ жоқ. Далдабайдың қарындасынан асырап алған қызы – Айманкүл. Үргенішбайдан Оразбек туған. Оразбектен Төлтай.

Хош, сөйтіп дайындық курсының сабақтары басталды. Мен көкенің үйінде көп аялдамай жатақханаға көшіп алдым. Өйткені бұл үйде менсіз де ағайын-жекжаттың балалары жетеді екен. Әрі курстастармен бірігіп сабаққа әзірленген жақсы. Қолым қалт еткенде келіп тұрдым. Бастапқы кезде бір соққанда көкем кураторымызға тілдей қағаз беріп жіберді. Ашып қарасам «Менің  балапаным Несібелдіге көз қырыңды салып жүр. Оқуы нашарлап қалмасын. Ағаң Ә.Тәжібаев» деп жазыпты. Сонан ол мұғалім «Ақынның үйіне мені қашан ертіп апарасың?» – деп көпке дейін айтып жүрді.

Келер жылдың жазында журналис­тика факультетінің бірінші курсына қабылдандым. Бір жағынан дайындықта оқығаным да дұрыс болды. Мектептен кейінгі үзілісте біраз қарайып қалыппын. Көп сабақты қайталап, еске түсірдім. Осы орайда да Әбділда көкеме іштей риза болдым.

Жалпы, менің Алматыда студент атанып білім алғаным, белгілі бір мамандық иесі болғаным бір төбе де, Әбділдадай ақынның жанында жүріп тәрбиесін көргенім, ұлағатты әңгімелерін естіп көкірек көзімді байытқаным бір төбе екен. Ақынның кеудесі алтын сандық-тұғын. Тұнып тұрған шежіре! Ол кісі сөйлеп отырғанда «Апыр-ай, қалай көп біледі, мұның бәрін қалай ұмытпайды, не деген мықты зерде?» деп қайран қалатынмын. Қара домбырасын қағып-қағып жіберіп түйдек-түйдегімен бұрқыратып жазатын өлеңдері өз алдына. Осындай дана адам кейде бала сияқты болатын. Қызық. Қонақ келетін кезде «О, үйде тамақ көп болады» – деп қатты қуанады. Сонда тамақ жоқ емес. Қатарластырылып қойылған тоңазытқыштар аузы-мұрнынан шығып толып тұрады.

Үйден адам арылмайтын. Қазақтың небір танымал ақын-жазушылары, ғалымдар мен өнер қайраткерлері келетін. Ал Сара апаның ағасы, драматург Шахмет Құсайыновтың әйелі, белгілі артист Бикен Римова осы отбасының бір мүшесі сияқты болатын. Болмыс-бітімі бөлек сахна саңлағын көрген сайын мен өзгеше күй кешемін. Шынында, ол кісінің тұрған тұрысы, жүрген жүрісі, сөйлеген сөзінен бастап ерекше, өн бойынан бекзаттықтың, тектіліктің лебі есіп тұратын.

Сара жеңгем мінезі жұмсақ, ақкө­ңіл  адам-тұғын. Екеуміз тез тіл табысып, «дос» болып алдық. Көкем көбіне жұмыста болады. Сондай кездері:

– Несібелді, Әбекең түнімен жұмыс істеді, жүр жоғарыға, не жазғанын көрейік, – дейді.

Сонан тез-тез басып ақынның кабинетіне келеміз. Ұрлық жасайтындай жан-жағымызға қарап қойып столдың үстіндегі ақ қағаздарға үңілеміз. Бірақ… Оқи алмаймыз. Арабша. Төте жазу. Қап, әттеген-ай!

– Иә, ағаңның осындай қулығы бар, қарашы, бізді оқымасын деп әдейі мынаусын қойып кеткенін, – дейді ол кісі өкініп. Сонан соң:

– Жарайды, ендеше саған сурет көрсетейін, – деп үлкен альбомды алып аша бастайды.  

Жалпы, Сара апа өте жақсы отанасы болатын. Сол жақсылығынан ғой, туған-туыс пен жора-жолдастың, студент жастардың үйіріліп келетіні. Ал ерінің жағдайын ойлап, күтімін жасаудағы еңбегін айтып жеткізу қиын. Ол кісі ақынның жары ғана емес, сонымен қатар сырласы, сыйласы, жансерігі еді. Көкемнің өзі де көп жазып, көп оқумен бірге саялы ағаштарға толы бақтарды аралап, таза ауада демалып, спортпен шұғылданып, денешынықтыру жаттығуларын үзбей жасайтын. Осындай игіліктердің арқасы болар, тоқсанның төріне озбаса да, төңірегіне таяды. Бір кем дүние бес айды жеткізбеді.

Қазақтың көрнекті ақыны, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымының докторы, профессор, ал менің сүйікті де мейірімді, қамқор көкем Әбділда Тәжібаев туралы айтар сырымның бір парасы, міне, осындай.

Несібелі РАХМЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<