Ашықтық – сенім арқауы

679

0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдің мұң-мұқтажын дер кезінде естіп, кері байланыс орнатудың маңызы зор. Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік мекемелерге кіру, мәселелерді шешу жолын жеңілдету. Бұл ретте мемлекеттік мекеме басшыларының қызметтік бөлмелерін бірінші қабатқа көшіру, жергілікті атқарушы органдар қызметіне «Open space» концепциясын енгізу, тұрғындарды «сервистік әкімшілік» форматында ұйымдастырылған бөлмелерде қабылдау қарастырылған.

«Ореn space» –

жүйелі

қызмет көзі

Тақырыпқа тұздық ретін­де айта кетейік, өңірде кедер­гісіз орта қалыптастыру және мемлекеттік қызмет көрсе­ту­дің ашықтығын қамтама­сыз ету мақсатында 60 мемле­кет­тік мекеме «Ореn space» форматындағы кеңселерде жұмыс істейді, сонымен қатар қазір 10 «сервистік әкім­ші­лік» қызмет көрсетуде. Жа­ңа форматтағы кеңселер әлеу­меттік, құқық қорғау, жас­тар, кәсіпкерлік салалары мен мемлекеттік қызмет көр­сету ме­кемелерінде ұйымдас­ты­рыл­ған. Сондай-ақ, сот төрелігі де өз жұмысын «Ореn space» форматында көрсетуге көшті.

Облыстық, қалалық әкім­шілік сот кеңселері бұл жұ­мыстарды жолға қойды. Әділ­дікке жүгінушілер қара­лып жатқан іс барысы бойынша толық ақпараттарды кеңсе­лерден кедергісіз алуына және кезекші прокурор, адвокаттар мен кәсіби медиаторлардың кеңесіне жүгінуіне мүмкіндік бар. Облыстық сот төрағасы апта сайын ашық кеңестіктегі кеңседе тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қоғам­дық қабылдауды жүргізуде. Іс процестерінің ашықтығын қам­тамасыз етуде тұлғалар іс­терді онлайн көруіне, ба­қы­лауына болады. Мәсе­лен, Қазалы, Сырдария ауда­ны­ның орталықтарында ор­на­ласқан мекемелер үйінде жұ­мыс­пен қамту, әлеумет­тік бағ­дарламалар және аза­маттық хал актілерін тіркеу бө­лімі, жұмыспен қамту ор­талығы, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы бөлімі, ау­дандық құрылыс бөлімі, ав­томобиль жолдары және жо­лаушылар көлігі бөлімдері бір ғимаратқа топтастырылып, «Ореn space»-ке көшкен. Ал, қала тұрғындары қабыл­дау­ларына бекітілген кестеге сәй­кес, жеке мәселелер бойын­ша алдын ала жазылусыз немесе онлайн жазылу арқылы кіре алады. Облыс бойынша сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жер­гі­лікті атқарушы билік орган­дарымен бірлесіп, әділ­дік, па­расаттылық, сенім құнды­лық­тарын және сыбайлас жем­қорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыру, билік органдарының халыққа қызметін ашық кеңістікте ұйым­дастыру арқылы кеңінен на­сихаттау жұмыстарын жыл­дан жылға күшейтіп келеді.

Артық шығынсыз

қызмет алыңыз

Бүгінде халыққа көрсеті­летін мемлекеттік қызмет­тер­ді  алу процесі бұрынғы­дан жеңілдетілді. Оның элект­ронды форматқа көшуі жемқор­лыққа қатысты құқық бұзушылық­тарды азайтуға мүмкіндік бе­ріп отыр. Статистиканы сөй­лет­сек, облыстағы қызмет бе­руші мекемелермен былтыр 372 мемлекеттік қызмет тү­рі бойынша 6155896 қыз­мет көрсетілген. Осыған қа­рап, көрсеткіштің 2019 жыл­мен са­лыстырғанда 2454316 қыз­метке немесе 66,3 про­цент­ке артқанын аңғаруға бо­лады.

Ал, электрондық түрде 3748279 қызмет көрсетілген. Жалпы, мемлекеттік көрсеті­летін қызметтердің, оның ішін­де электрондық қызмет­тер­дің саны атқарылған жұ­мыс­­тардың ауқымын байқа­тып отыр. Азаматтар сұраны­сы­ның өсуі, сонымен қатар пандемия кезіндегі каран­тиндік шек­теу­лердің де әсері мемлекеттік қызметтерді ақылы түрде көр­сететін орындардың көптеп ашылуына ықпал етті. «Аталған орындарда «электронды үкі­мет» веб-порталынан тегін алуға болатын қызметтерге дел­далдық жасағаны үшін тұр­ғындардан 500 теңгеден бастап 3000 теңгеге дейін сұралған. Мысалы, кез келген анықтама алу құны – 500 теңге, электронды цифрлық қолтаңба  алу, мекенжайға тіркелу – 1000 теңге, балабақшаға тір­кеу – 2000 теңге. Бұл қызмет­терді артық шығынсыз алуға мүмкіндік бар», – дейді Мем­лекеттік қызмет істері агент­тігінің облыс бойынша депар­тамент мамандары.

Тақырыпты тарқатсақ, бі­рін­шіден, жоғарыда айтқа­ны­­мыздай, тегін қызметті ақы­лы алады, екіншіден, тұр­ғындар ЭЦҚ-сын құпия сөз­дерімен бірге сол қызмет ал­ған орындарға тастап ке­теді. Одан кейін сіздің ЭЦҚ қандай мақсатта пайдаланы­латыны белгісіз. Бұл мәселе бақылаудан түспеді. Депар­та­мент бастамасы негізінде об­лыс әкімдігінің қолдауымен «Элек­трондық қызметтерді өз­дігінен алу орталығы» жұмы­сын бастап кетті. Орталық осы кезеңге дейін 4500-ге жуық тұрғынға көмекке кел­ген. Аталған орталықта «Аза­маттарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фи­лиалының мамандары ке­ңес беріп, сан сауалға жауап бе­руге дайын. Сондай-ақ, өткен жы­лы департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сала­сындағы заңнаманың сақ­та­луы бойынша 47 тексеру жүр­гізген. Нәтижесінде 222 заң бұзушылық анықталып отыр. Ең көп орын алған факт қатарында стандартта көз­дел­меген құжаттарды талап ету, қызмет көрсету рәсім­де­рін, мерзімін бұзу, құжаттар топтамасы толық болмаса да қызмет көрсету бар.

Тұрғындар

мәселесі «Адалдық

алаңында»

шешімін табуда

Жең ұшынан жалғасқан ке­селдің ұлт қауіпсіздігіне қа­­тер төндіретіні айтпаса да түсінікті. Онымен қазір әлем­­дік деңгейде күрес жү­руде. Елімізде, оның ішінде өңірде жемқорлықпен күрес­те қажетті шаралар іске асы­рылуда. Қоғамдық бақылау жобасы қолға алынған. Соның нәтижесінде «Жасырын сатып алушы» тәсілімен қорғаныс, кеден ісі, әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларына бақылау күшейген. Агенттік бастамасына сәйкес, облыс әкі­мінің қолдауымен «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі де ашылып, тұрмыстық жемқорлықты жою мен оның алдын алу бағытындағы шара­лар атқарылуда. Жоба аясында азаматтардың күнделікті ты­ныс-тіршілігімен тығыз бай­ланыста болатын 10 сала­лық ба­ғыт айқындалған. Жо­­ба­лық кеңсе жетекшісі Жан­дос Тұс­мағамбетовтің ай­туын­ша, жұ­мыстың не­гіз­гі бағыты – қо­ғамдық бақы­лауды қамтамасыз ету, сан­дық тех­нологиялар мен сыбайлас жемқорлықтың ал­дын алу құралдарын енгізу, парасаттылық, адалдық және сыбайлас жемқорлыққа төз­беушілік қағидаттарын, биз­нес-процестерді жетілдіру.

– «Ақмешіт – адалдық ала­ңы» жобалық кеңсесі аза­маттармен еркін форматта тілдесіп, мәселесін тыңдауға, конструктивті шешімдердің қа­­былдануына мүмкіндік бер­ді. Жобаның тағы бір мақ­саты – ашықтық пен жария­лылықты қамтамасыз ету. Өт­кен жылы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова және аудан әкімдері «Antikor.live» жобасына қатысып, тіке­лей эфирде әлеуметтік желі қол­данушыларының сұрақта­ры­на ашық жауап берді. Ашық бюджеттердің интерактивті картасында облыс бойынша 698 мемлекеттік мекеме 802,3 млрд теңгені құрайтын бюд­жеттерін жариялаған болатын. Қоғам өкілдерінің қатысуымен 2 баға өсіру фактісі анықталып, қалпына келтірілді. Биыл әр мекеменің кіреберісіне QR код көрсетілген ақпаратты орналастыру жоспарлануда. Бұл сол мекемеге келген әр азаматқа QR кодты сканерлеу арқылы ашық бюджеттердің интерактивті картасында жа­рияланған бюджетпен тікелей танысуға мүмкіндік береді. Со­нымен қатар кәсіпкерлер па­латасымен де әріптестік бай­ланыс бар. Ендігі кезекте халықаралық сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ISO 37001 стандартын өңіріміздің меке­мелерінде тарату жұмыстары қарқын алады, – деді Ж.Тұс­мағамбетов.

Бұған қоса «Ақмешіт – адал­дық алаңы» жобасы ар­найы мониторингтік топтар­мен бірлескен істерге серпін беруде. Тұрмыстық жемқор­лықты жою мақсатында 2019 жылы әр ауданда жобаны жү­зеге асыруға жауапты қыз­меткерлер бекітілген, ал өткен жылы әр ауылдық округте адалдық елшілері сайланған. Биыл оларды әр елді мекенде қамту жоспарланып отыр. Ол үшін ардагерлер кеңесі, ең­бек ар­дагерлері, еріктілер тарты­лады, яғни жоба шеңберінде облыстағы барлық 146 елді мекен қамтылады. Аталған ша­ралар жемқорлыққа төзбеу­шілікті күшейтуге, оның жолын кесуге үлес қосары анық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<