Аспаз жігіттер аз емес

580

3

Бүгінде сапарлап барған елдің ұлттық ас мәзірімен танысатын гастрономиялық туризм дами бастады. Мұны әр ұлттың тағамын татып көруге деген талпыныс десек те болады, яғни, әлем тұрғындары тамаққа деген талғамын жиі өзгертуде. Гастрономиялық туризм дамуы, асты ұлттық, еуропалық, азиялық деп жіктеуімізден бөлек, тағы бір өзгеріс – асүйден жігіттерді көп байқаймыз.

Ел арасында бұған қатысты пікір екі түрлі. Бірі – «жігіттер тағамды әйелдерден дәмді пісіреді, ас әзірлегенде тұрған не бар?» десе, «қазан-ошақтың жұмысы енді ер адамдарға қалып па?» деген стереотип те бар. Аспаз жігіттердің саны неге артқанын өздерінен артық ешкім білмес. Сондықтан оларды сөзге тарттық.

Үлкен асханаларда жұмыс істеу оңай емес

Азамат Қарағұлов,

«Bella Vista» мейрамханасының аспазы:

– Бала кезімде аспаз боламын деп ойламаппын. Мамандығым – мұнайшы, тіпті өзімнің асханадан қалай шыққанымды білмей қалдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң тағам әзірлеу бойынша 3 айлық курс оқыдым. Ең алғашқы жұмыс орным – Қызылордадағы «Bella Vista» мейрамханасы. Мұнда мықты аспаздардан сабақ алудың сәті түсіп, тіпті Германияның үздік маманынан ас әзірлеуді үйрендім. Соның арасында Атырауда мұнай компаниясында, Алматыда бургер, стейк-хоуста жұмыс істеп көрдім. Кейін Қызылордаға қайта оралдым. Аспаз бола жүріп, тұрғындардың талғамына қарап ой түйемін. Біздің облыста балық өнімдеріне, азия­лық тағамдарға сұраныс бар. Мұның бір себебі – еуропалық тағамдар қалтаға ауырлау. Айталық, бір стейк 3500-4000 теңге аралығында болса, осы қаржыға 3-4 порция лағман алуға болады. Ал, ұлттық асты қызылордалықтар үйде жақсы әзірлейді.

Меніңше, үлкен асханаларда 12 сағат бойы тік тұрып жұмыс істеу әйел адамдарға оңай емес. Ауыр заттарды көтеруге тура келеді. Физикалық күштен бөлек, тапсырыс көбейгенде сабыр сақтап, алдағы әрекеттерді ойша жоспарлайтын психологиялық төзімділік те қажет.  Аспаз – сырт көзге оңай көрінгенімен, қиын мамандықтың бірі. Мұнда жұмысты ақылмен істеу маңызды, ал аспаздың екі қолы оның құрал-жабдығы секілді. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, ас әзірлеу де – өнер. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Өкінішке орай елімізде, оның ішінде Қызыл­ордада аспаз еңбегі дұрыс бағаланбайды. Басқа өңірлерге қарағанда Қызылордада табыс көлемі аздау. Бірақ, қазір отбасымды асырауға табыс көзім жеткілікті. Жұмыс кестесінен басқа уақытта тойларға тапсырыс аламын. Алдағы уақытта, шет елге барып, тәжірибе алмасқым келеді. Еуропа елдерінде мейрамхана бизнесі өте жақсы дамыған, бізден ондаған жылға алда десем болады.

Тағы бір айта кетерлігі, анам маған қарағанда тамақты жақсы әзірлейді.

Орташа айлық табыс – 300 мың теңге

Асхат Шайхысламов,

«Esperanzo» кафесінің администраторы:

– Бала кезімде тағамның дәмін татып, баға беретін дегустатор болғым келетін. 12 жасымда үйдегілер тойға кетіп, ата-анам берген қаржыны жұмсап қойып, нан жауып, макарон жасағаным есімде. Мектеп бітірген соң Алматыда технолог мамандығын алдым. Рецепт бойынша ас әзірлеуді сол жақта үйрене бастадым. Өзім оқыған оқу орнының асханасында үш ай жұмыс істеп, кейін тойханаларда, Қызылордада «Fashion» лаундж-барында шеф-аспаз болып еңбек еттім. Меніңше, адам қатып қалған стеротипті бұзып, өмірде жаңа мүмкіндіктерді іздеп, тынымсыз еңбек ету қажет.

Әйел адамның әзірлеген асы қашанда дәмді, бірақ үлкен асханаларда ер адамдардың да тағамды ерекше етіп дайындайтыны байқалады. «Тамақ пісіру  тек әйелдердің жұмысы әрі табысы мардымсыз» деген көзқарас ескірді. Қазіргі жағдай басқа. Аспаз болып, табыс таба бастағанда-ақ мұны түсіндім. Біздің елде ер адамдар қазан, ожау ұстауға ұялады. Шетелдік фильмдерде байқасаңыз, аспаздардың көбі ер адамдар әрі олардың айлығы да  жоғары. Қазір орташа есеппен алғанда айлық табыс – 300 мың теңге. Аптасына бір күн демаламын. Болашақта, аспаз болғысы келетін жастарға білгенімді үйретсем деймін.

Түйін. Байқасақ, аспаз жігіттер санының арту себебі айқындалып қалған секілді. Нарық заманы, жоғары табыс жаңа кәсіпке ­бейімделуге жол ашты. Қазір түрік аспазы, ресторатор Нусрет Гекче әлемге әйгілі. Нусрет дайындаған стейк пен оның етті өз әдісімен бөлшектеп, ерекше етіп тұз сепкен сәтін көру үшін Түркияға келетін туристер, атақты адамдар саны өте көп. Әрине, оның танымал болуына әлеуметтік желі ықпал етті. Қазір оның Instagram-дағы қолданушыларының саны да 31 миллионнан асты. Иә, ас әзірлей алуы оны ірі  кәсіпкерге айналдырды. Демек, жігіттер үшін аспаз болу әйелдің жұмысына араласу емес, бизнеске айналып келе жатқан секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Пікірлер:
  • Асхат Шайхысламов поистине готовит прекрасно, без преувеличения. Молодец! Искренне желаю, чтобы каждое начинание было блестящим и успешным!

  • Асхат Шайхысламлов керемет аспазшы!! Молодец! Улкен жетистиктерге жете бер. Алемге айгили аспазшы болуына тилектеспин.

Пікір жазыңыз