«Ұлы Отан соғысы» деп аталған қан кешкен қырғында оққа қалқан болған батыр аталарымыздың атын тарихта қалдыру – ер болмысты елшіл ұрпақ тәрбиелеудің бір жолы. Бұған ешкімнің таласы болмаса керек.
Ресейлік «Бессмертный полк» сайтында 9 миллион соғыс солдатының дерегі тізімделген. Біреулердің «көне коммунистер» идеясы деп жүрген бұл дәстүрде ел үшін отқа түскен ерлік иелерінің өлмес бейнесі, өшпес ізі бар. Осы сайттан біз Ерәлі Серікбайұлы Бедебековтің есімін де кездестірдік.
Жалпы, Бедебек әулетінен бес азамат бірдей Ұлы Отан соғысына аттанып, төртеуі елге оралмаған. Олар туралы «Боздақтар» кітабында да майдан даласында ерлікпен қаза тапты деп көрсетілген.
Олар Бедебек баласы Серікбай атаның екі ұлы және інісі Бәкірдің екі баласы. Оларды жеке-жеке атап өтейік.
Мерғазы Бәкірұлы, 1916 жылғы. Қызылордадағы совхозтехникумында оқып, агроном болып қызмет істеген. 1940 жылы әскерге шақырылған. Соғыс басталғанда аға лейтенант шенінде майданға түскен. 1941 жылдың ішінде хат келген, көп ұзамай хабар үзілген.
Бақберген Бәкірұлы, 1920 жылғы. Ол да Қызылорда совхозтехникумын бітірген. Ағасымен бірге әскерге кеткен. Соғыс басталған жылы хат келген, онан арғы тағдыры белгісіз.
Мерсұлтан Серікбайұлы, 1918 жылғы. Теміржол техникумын бітірген. 1940 жылы әскерге алынып, 1941-1945 жылдың қаңтарына дейін соғыстың барлық ауыртпалығын көрген. Дәл осы уақыттан кейін хабар-ошарсыз қалған.
Мерәлі Серікбайұлы 1921 жылы өмірге келген. Қызылордадағы транспорт техникумын бітірген. Облыстық сотта қызмет еткен. 1940 жылы Қызылордадан әскерге шақырылып, содан әрі соғысқа кірген. 1942 жылға дейін үйіне хат келіп тұрған. Одан кейін мүлде хабарсыз қалған.
Серікбай атаның үлкен ұлы Ерәлі Бедебеков майданға 1943 жылы желтоқсан айында аттанды. Әуелі ол Ташкенттегі жаяу әскер училищесінде үш айлық курста оқып, сол жерден 2-Беларусь майданына келіп кірді. Тарихта тажалмен айқас бейнесінде қалған бұл майдан жауынгерлері Рейхтың ең күшті «Орталық» аталған армиясының 800 мыңнан астам адамын, 900 танк, 1300-ден астам ұшағын жойып жіберді. Осы қырғында жалын кешкен жауынгерлердің бірі Ерәлі еді.
Ол 33-атқыштар полкі, 96-атқыштар дивизиясы құрамындағы миномет взводының командирі болды. Миномет көздеп ататын мылтық емес, алыстан есептеп ататын қару. Оны бірнеше адам арқалап жүреді. Осыдан-ақ оның соғыстағы қиындығын білуге болады. Командир Бедебеков басқарған минометшілер әр шабуылда қарсы ұмтылған жаудың күшін әлсіретіп отырды. Қаншама дұшпан жер жастанды. Қасап майдан қызық әңгіме емес, сондықтан болар, Ерәлі әке соғыс туралы көп айта бермейтін.
Бұл Беларусь майданының соғыста шешуші рол атқарғанын тарихтан білеміз. Жеңіске жол ашқан сол сұрапылдың соқпағында Ерәлі Бедебеков от жалаған оқтан жараланып, госпитальға да түсті. Қайта тұрып, қолына қару алды. Ешқашан шегінбеді, ерлікке ұмтылды. Сталиннің өзі «темір генерал» деп атаған атақты Сабыр Рахымовпен бір майдан сапында соғысты.
Соғыста екінің біріне аға лейтенант шені берілмеген. Бұл шен Ерәлінің жауынгерлерді рухтандыра білген көшбасшылығын көрсетеді. Ал жеңіс жауынгерінің кеудесіндегі І дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» медалі оның батырлығы мен айбынды болмысының белгісі.
Соғыстың сойқанын бастан кешіп, ағайын арасына аман оралған Ерәлі Серікбайұлы Ташкенттегі өнер институтында Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановпен және Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірге оқыған.
КСРО Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған. Кеңестік кезеңде бұл ұйымдарға қазіргідей жазу-сызу білетін кез келген адам қабылданбайтын. Бұл кісінің жазу талантына тәнті болған үлкен жазушылар оны талай мәрте Алматыға шақырған. Егер Ерәлі әке Алматыға кеткенде сөз жоқ, Қазақстанға белгілі қаламгерге айналар еді. Ақындық, жазушылық, драматургтік дарынның қызметпен араласқанда алдыға оза шаппайтыны бар. Ол кісінің том-том кітап жазып қалдыра алмауында осындай сырлар жатыр. Ағамыз Тереңөзек аудандық газетінде, облыстық газетте, облыстық радиокомитет редакциясында тілшілік қызметтер атқарды. Облыстық филармонияны, облыстық музейді басқарды. Осындай қат-қабат тіршілікте жүріп-ақ қанмен келген сөз өнеріне барынша қызмет етті. Көптеген мерзімді баспасөздерде Ерәлі Бедебековтің көркем туындылары әр кезде жарияланып, талғампаз оқырманмен қауышып жатты. Н.Бекежанов атындағы драма театрында А.Тоқмағамбетовпен бірге бірнеше драмалық шығармасы сахналанды.
Белгілі ақын Мұқтар Сақтаповтың мына бір естелігі де ол кісінің талантын танытады: «Екеуіміз 1963 жылы аудандық «Еңбек майданы» деп аталатын қазіргі «Тіршілік тынысы» газетінде қызметтес болдық. Ірі денелі, болымды, толымды, сесті кісі еді.
Редакцияда менің әйелім әріп теруші болып жұмыс істеді. Ерекең жедел мақалаларды ауызша айтып тергізетін. Оны «диктовка» дейді, кез келген тілші диктовка жасай алмайды, өйткені, диктовкадан дайын мақала шығуы тиіс. Мақала көркем түрде дайын шығу үшін оған ойлану керек, бір жазғаныңды өшіріп екі-үш қайтара жазасың. Ал мақала Ерекеңнің аузынан дайын күйінде түсе береді…»
Ерәлі нағашысы жайында Әлмағанбет Таңсықбаев былай дейді:
«Нағашымыздың атын құжаттағыдай емес, бәріміз де Ерғали аға деп атайтын едік. Кішкентай кезімізде қалада тұратын ағаның үйіне көп келетінбіз. Ол кісі мектепте менің әкем Дербісәлімен бірге оқыған, мектептен соң Ташкенттегі өнер институтына түскен. Оқу бітіріп келіп, мәдениет саласы жұмысына араласқан. Кейін сол саланы басқарған. Биші қыз Рахила Ережепқызымен бас қосты. Бұл үйге көптеген атақты жазушылар, әншілер ат басын бұратын. Олардың ішінде Роза Бағланова, Сәбира Майқанова болатын. Зейнолла Шүкіров те жақын, көрші тұратын. Жастау кезімізде сол үйге барып жүргенде көретінбіз. Әнші апалардың жүзіктері, әшекейлері көз арбайтын. Олар үйдегі дастарқанда сызылтып ән салатын. Сол кезде бұл үйде пианино болатын. Сол күйсандық қазір баласы Шыңғыстың үйінде тұр.
Ерғали ағаның қыздары Сакина, Әсиялар кішкентай кезінен сол әшекейлі әншілерді, олардың мәдениетін көріп өсті. Сондықтан бұл үйдің қыздары эстетикалық талғамы жоғары болып бойжетті.
Ағаның Ерденбек, Темірбек, Мерәлі есімді үш ұлы да дүниеден өтті. Темірбектің баласы Мейірислам қазір Мәскеуде тұрады. Жақында бізге Мәскеудегі «Патриоттар паркінде» Ерәлі аталарына тағзым еткен немере, шөберелерінің бейнежазбасын салды. Қуанып қалдық.
Ал Шыңғыс Ерәліұлы қазір Қызылордада тұрады, кәсіппен айналысады. Нағашымыздың арты жақсы, саналы ұрпағы майдангер аталарының атын ұлықтап өсіп-өніп жатыр».
Міне, біз бүгін бейбіт күннің бақыты үшін ауырды арқалап, қиынды жеңген тағы бір тамаша тұлғаны еске түсірдік. Мұндай мұзарт болмысты жандардың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»