Бейбітшілік – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі

1008

0

Президент Жолдауы қашанда маңызды. Себебі, онда әр саланың алдында тұрған мақсат тағы бір айқындалып, өзекті деген мәселелер пысықталады. Бұл жолы да елдің ертеңіне алаңдайтын әрбір азамат межеленген уақытта теледидар алдына жиналды. «Достық» үйінде де облыстағы этномәдени бірлестік мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері Жолдауды қызу талқылады.

Әр Жолдаудың өзіндік мәні бар, ал бұл Жолдауда пандемиядан кейін тұралап қалған көптеген саланың дамуына жағдай жасалуы басты назарда. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біртұтас ел ретінде жұмылуға тиіс екенімізді айтты. «Дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы. Мықты мемлекет болу үшін ұйыса білу керек. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, тұрақтылық пен тыныштық» деді Президент. Бұл ретте этномәдени бірлестік мүшелері пікірін білдірген еді.

«Славяне» этномәдени бірлестігінің белсендісі, Сырдария ауданындағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицей мұғалімі Елена Мясцова келісім мен толеранттылық өмірдің мәні екеніне тоқталып, бірлестік мүшелерінің атынан Жолдауды біркісідей қолдайтынын жеткізді.

– Ұлттың ұйысуы – дамудың басты факторы. Қазір Қазақстан мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес, қоғамдық өмірдің барлық саласы түбегейлі өзгеруде. Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. Президент айтқандай, «Біздің бірлігіміз – әралуандықта», – деді ол.

Елена мәртебелі мамандық – ұстаздықты серік еткен жандардың қатарында. Сондықтан ол Жолдаудағы мұғалімдерді қолдау саясатының жалғасуы одан әрі жігерлендіргенін айтты. Салада жүзеге асып жатқан реформаларға тоқталып, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның іс жүзінде көрініс табуын, мұғалімдердің еңбекақысы артып, қосымша функциялардан босату бойынша шаралар қабылданғанын жеткізді.

Облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Манзура Абдуғафарова да тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жеткен жетістіктерді жіпке тізіп, халқына қауіпсіздік пен жарқын болашағы бар өмір сыйлаған, демократиялық дамудың мығым іргетасын қалаған еліміздің даму қарқынын күшейтуге бірлесе атсалысу керегін атады.

Ол үшін Жолдауда жаңашылдыққа бастайтын жоспар мен жоба жеткілікті. Президент білім-ғылымды дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру, еңбек өнімділігін арттыру, салаларға серпін беру жайын жан-жақты қозғады. Мәселен, медицина саласына қомақты қаржы бөлінеді, білім саласында ілгерілеу бар, ұстаздардың жалақысы артуда, ең төменгі еңбекақы көлемі өседі, ал мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 20 процентке көбейеді, азаматтарға тұрғын үй алу қолжетімді болу үшін «Бірыңғай тұрғын үй» бағдарламасы да іске қосылмақ. Бұдан бөлек, көптің көңілін күпті еткен азық-түлік бағасының негізсіз өсуі назардан тыс қалмағаны қуантады. Президент мұны сынға алып, тауар өндірушілердің баға тұрақтылығын сақтау үшін бірыңғай бақылау керегін айтты. Көтерілген мәселе көп. Жолдау осынысымен де жұртшылықтың ықыласын ерекше аударып отыр.

М.СНАДИН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<