Бірлік пен келісім – ортақ құндылық

1511

0

«Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен келелі кездесу өтті. Оған «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бауыржан Мастеков, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Кәрімова, облыстық ҚХА құрылымдарының жетекшілері, этномәдени бірлестіктің өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, Аналар кеңесінің белсенділері қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын кеңінен талқылады.

Шарада мекеме директоры Б.Мастеков мақа­­ланың маңызын сөз етті.

– Бүгінгі басқосуымыз еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өткі­зілуде. Тәуелсіздік – тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлт пен ұлыстың берік тұтастығы, Қазақстанның басты жетістік­терінің бірі. Президент мақаласында «Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік» деді. Екпінді дамуға бет алған егемен еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін еңсерілуі тиіс биіктер әлі де алда. Сол асқақ армандардың арайлы таңы атсын десек, бүгінгі бірлік пен берекенің діңгегін берік еткеніміз маңызды. Тереңнен қаузай отырып, бағыт-бағдарымызды айқындай түскен мақаланың өзегі осында болса керек,– деді ол.

Мұнан соң Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Дильфура Байрахтарова онлайн байланыс арқылы өз ойын ортаға салса, «Сырдария әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева «Тәуелсіздік жылдарының тарихы» тақырыбын қозғады. Сондай-ақ, мақаладағы рухани құндылықтарды дәріптеу мәселелері жөнінде облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа, «Біздің ортақ құндылық – бірлік пен келісім» тақырыбында облыстық «Славяне» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова, білім мен технологияны дамыту  жайында қалалық мәслихат депутаты Айгүл Мұсабаева тұшымды ойларымен бөлісті. Жиын соңында қатысушылар да  тіл және жас­тар саясаты, патриотизм тақырыбын тілге тиек етіп, пікірлерін білдірді.

М.ОТАРАЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<