Болат Нұрхожаев: «Жем-шөппен айналысатын жергілікті кәсіпкерлерді жазғырудың қажеті жоқ»

541

3

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Болат Нұрқожаев аймақ басшысына өңірдегі жем-шөпке тапшылық мәселесін шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

 Жақында ғана Арал ауданындағы жағдайға қатысты төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттік деңгейде көмек көрсетілетіндігі белгілі болды. Дегенмен, қызылордалықтар да қарап қалмай, қолдарынан келген көмектерді жасауда.

Өткен аптада өңірлік кеңестің мүшелері, кәсіпкерлер өздері бастама көтеріп, Аралдағы ағайынға бірнеше машина шөп жеткізген болатын. Осы аптада Қармақшы ауданындағы III Интернационал ауылының тұрғындары қолдау ретінде шөп оруға шықты. Басы-қасында ұйымдастырып жүрген кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев.

Кәсіпкер Болат Нұрқожаев облыс әкімінен мұндай шаралармен қоса, қабылданатын шешім барысында келесідей жайттардың басшылыққа алынуын сұрайды.

«Арал ауданында қуаңшылық жайлаған ауылдарға жем-шөп жеткізуде әлеуметтік осал топтардың қорғалуы мақсатында ауылдағы жағдайды нақты көргеніме байланысты ұсынамын. Біріншіден, әр ауылдағы шөпке мұқтаж отбасылардан бөлек, бір-жар сауын малымен күнелтіп отырған мұқтаж отбасылар тізімі жасалып, шөп бірінші кезекте соларға үйлестірілуі керек. Бұл тізім ауылдың қоғамдық қауымдастық, ауыл ақсақалдары, әділеттік айтатын кәсіпкер азаматтарымен бірлесіп шешілуі керек және шөп жеткізілген кезде әділетті үлестірілуін қадағалау қажет. Мұқтаж отбасыларға шөп тиіспей қалса жағдайлары одан да төмендейді. Қазір олар қорасындағы бұзау-боталарына беретін шөп таппай отыр. Жақында ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталғалы отыр, бірақ қызметтегі ауыл әкімдері осы кезден тізім нақтылауға қысқа мерзімде кірісуі қажет», – деген өңірлік кеңес мүшесі өзге де ұсыныстарын айтты.

Назарларыңызға толық нұсқасын ұсынамыз:

«Қуаңшылық бойынша қызыл аумақтағы ауылдарды әр ауданға мүмкіндігіне қарай және ауылдың ірілігіне, егістік пен шабындық көлеміне қарай шефтік бекітіліп берілуі керек. Ол шефтік аудан, ауыл тұрғындарына қуаңшылық жағдайындағы елге көмек жасап қиындықтан бірге шығу қажеттігін түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек, әйтпесе сыртқа сатып жатсыңдар дейтін наразылар болып жатыр.

– Облыстан тыс келетін шөп (жем) мал санына қарай ауылдарға әділетті бөлінуі үшін штабтарға қоғам белсенділерімен қатар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы ұсынысымен кәсіпкерлерді қосу қажет, себебі тәуелсіз кәсіпкерлер әділеттілікті қамтамасыз етуде тиімдірек.

– Ауыл әкімдері мұқтаж отбасылардың шөп сатып алатын қаржысы бар-жоғын, ол үшін сататын малдарын, одан шөпке қаржы жинақтауын немесе ауылдағы ірі кәсіп иелерінен шөп алуға қарызға болса да меценаттық көмек көрсетуді реттеуі керек. Олай болмаған жағдайда жолы нашар, алыс ауылдар мен осал топтарға жем-шөп жетпей қалуы мүмкін. Бәрі солай дей алмаймыз, бірақ барлық ауыл әкімдері бұл жұмыстарды ауылдағы өз деңгейінде атқара алмауы мүмкін. Сенім мен бедел болмауы мүмкін. Ал оның соңы айқай-шуға ұласатынын білесіз. Сондықтан қазірден алдын алу керек.

– Әрбір жіберіліп жатқан шөптің үлестірілуі туралы ақпарат жария, әділетті болуын қамтамасыз ету керек. Қай ауылға, қанша шөп, кімдерге және қалай, қанша бағамен, ол туралы аудандық штабқа ақпарат түсіп отыруы және ол сұралған жағдайда берілуі керек. Қазіргі таңда, осынша шөп жіберілді деп айтылғанымен оның қай ауылға, кімге, қанша бағамен үлестіріліп жатқаны туралы еш ақпарат жоқ, оны бір адам сатып алып жатыр ма, әлде жолдағы бір ауылға ғана барып жатыр ма, қалай үлестіріп кім шешіп жатырғаны туралы ақпарат жоқ. Жалпы облыс бойынша күнделікті дайын жем-шөп жөніндегі ақпарат болса бос көліктерді(попутный) тиімді пайдалануға болады

– Шөп тасуға бейімделген көліктер тізімі жасақталып, төтенше жағдайда оларға жанар-жағар май шығыны субсидиялану ақпараты да ашық болуы керек. Облыс бойынша ниет білдірген шөп тасуға бейімделген көліктер тізімі жасақталуы тиіс, себебі Арал ауданындағы көлік иелері Қарабұтақ жақта жүр, кейбірі Жалағашта шөп ала алмай жатып қалып жатыр, оларға ақпарат бөлісе отырып штабтан тиімді пайдалану керек. Еріктілермен дайындалған шөп трасса бойына бір шаруашылықтың базасына жиналып, ауылдарға жөнелтілуі тізіммен реттелуі керек, кез келген уақытта жедел желі (горячая линия) бойынша трассадағы попутный көліктерді пайдалану мүмкіндігін қарастыру керек, шөп тасымалында транспорт құны шөп бағасының 50%-ын құрайды.

– Аудан, ауылдарда мұқтаж жандарға үлестірілетін шөп келгенде түсіріп тарататын орын және адамдар (ауыл еріктілері) тізімі болуы керек».

Болат Нұрқожаев жоғарыдағы ұсыныстарын айта келе:

«Гүлшара Наушақызы, бұндай шаралар қарастырылмаса күші барлар ғана алып, әлеуметтік осал топтардың жағдайы одан да төмендеуі мүмкін. Бұл шаралардың орындалуы ауыл әкімдеріне, қоғамдық қауымдастық төрағаларына қатаң тапсырылуы керек және штабпен күнделікті қадағаланса. Шөп үлестіруде рулық пен тамыр-таныстық орын алса, әділетті жасалмаса, ауылдағы бірлікті бұзып алуымыз мүмкін. Барлық мәселелер ашық, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат ауылдағы штабпен талқыланып, әділетті болуы тиіс.Біз қазір ауылдар бойынша тіпті нақты мал санын (статистикалық емес) білмейміз. Ауыл тұрғындарына мал санын нақтыламаса, жем-шөптен құр қалатыны түсіндірілуі керек», – деді.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде өзге облыстардан шөпке осы кезден алдын ала тапсырыс беруі салдарынан облыс тұрғындары тапшылықты сезініп отырғанын да баса айтты. Ол үшін жем-шөппен айналысатын жергілікті кәсіпкерлерді жазғырудың қажетті жоқ деп санайды. Тек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жұмысты ұйымдастыруға кәсіпкерлерді де, жергілікті атқарушы органды да шақыруда.

Қызылорда облысы  кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер:
  • Болат Нұрхожаев мырзаның ұсынысын толық қолдаймын.Сонымен қатар шаруаларға мал өсіруіне байланысты берілетін суббсидияның бағдарламасының еределерін үшке бөліп қарау керек деп ойлаймын.Олар;
    1.Ірі шаруашылықтар(мүйізді ірі қара саны қазіргі белгіленген мөлшерден (50 бас аналық,оның ішінде түйеде бар) асатындар
    2.Қазіргі суббсидиялау ережесінде көрсетілген мал басы санына жеткізе алмай отырған,кәсібін енді бастаған талапкер(талапкер деп атаған дұрыс шығар) шаруаларға.
    3. Үй ауласындағы қорада 5 басқа дейінгі малын бағып,сүтін сатып күн көрісін айырып отырған жеке тұрғындарға.Сонымен қатар аудан орталықтарында үй қораларында 5 бастан артық мал ұстауға тиым салынуы керек деп ойлаймын.Себебі олардың көрші,көлемге жалпы айналасына іиістенуі,кене,т,б салдарларынан зияндары тиеді.
    Сонымен қатар биылғы жұтқа байланысты шаруалардың алда болашағы жоқ малдарын,оның ішінде қысқа түсе алмайтын малдарын етке өткіздірту,ол үшін арнайы ет қабылдау пунктерін ашып,қабылданған ет бағасын суббсидиялау.Болмаса олар шаруа үшін босқа шығынды талап етеді немесе босқа өліп қалады.Арық еттерді арнайы орындарда еттен жасалынатын өнімге пайдалану(хайуанаттар паркіне,колбаса, консервілер)

  • Әрине Нұрқожаевтың ұсынысы өте дұрыс, шаруашылықты білетін адамның, қазіргі кездегі мына тығырықтан шығудың жолдарын көрсетуі. Әрине бул ұсыныстарды орындаса барлық сұрақтар шешілер еді. Алда қыс келе жатыр, бұдан да қиын жағыдайлар болуы мүмкін. Халықтағы мал бұл халықтың болашақ тамағы ғой осылай түсіну керек.

  • Болат Нұрхожаев су ресурстарын қойып, енді ауылшаруашылығы маманы болыдыма?, акимге ақыл айтып кетіптіғой)))Қызылордада мұндай белсенді жоқ шығар))

Пікір жазыңыз