Бір мектептің тарихы

621

1

Шиелі ауданындағы іргелі елді мекеннің бірі – Балаби бұл күндері сән-салтанаты келіскен, әлеуметтік жағдайы да жақсарған ауылдардың қатарына жатады. Кешегі кеңестік кезеңде де «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы кеңшар озық шаруашылық саналатын еді, сондағы еңбек еткен еңбеккерлердің сабақтастығы әлі күнге жалғасып келе жатыр. Олардың көпшілігі және бүгіндері еңбекке араласқан ұрпақтары нарықтық қатынастың да қыр-сырына қанығып, қатарынан қалмай тіршілік етуде.

Бұған жергілікті атқару орын­дары да барынша қолдау біл­діріп, жағдай жасап ке­леді. Дегенде ауылдан қа­­лаға көшу үрдісінің әсе­рінен туған ауылды тастап, орталыққа орныққандар қа­тары да бұл ауылда аз ­ем­ес. Тура мәліметті алдыға тартсақ, қазіргі кезде ауылда 633 от­басы, 4 мыңға тарта халық өмір сүріп жатыр.   

Округте 1 орта мектеп,  әуез мектебі, 3 балабақша, ауылдық мәдениет үйі және кітапхана, 1 дәрігерлік ем­хана, 1 жеке  дәрі­хана, 1 вете­­ринариялық пункт, 1 пош­та байланыс бөлімшесі, ба­ла­­лар және жасөспірімдер спорт мектебі, 10 жеке дүкен болса, аудан орталығымен де қатынас жолға қойылған. «Балаби – Қызылорда»  бағы­тына 2 қоғамдық көлік ха­лыққа қызмет көрсетеді. Осы мақаламызда білім беру саласын баса айт­қымыз келіп отыр. Оның өзін­дік себебі бар. Өткен жылы №50 Абай  атындағы  орта мек­тебін бітіруші түлектің 32-cі ҰБТ-ға қатысып, оның 20-сы жоғары оқу орнына түсті. Оның ішінде 9 -ы мемлекеттік грантты жеңіп алса,  11-і «Сер­пін» бағдарламасы ая­сында оқып жатыр. Білім – біздің бола­ша­ғымыздың ке­пілі. Ертең бәсе­кеге түсу­дің тірегі. Осы орайда Ба­лаби ауылындағы білім б­е­ру ошағының тарихына шо­лу жасағанды жөн санап отырған жайымыз бар.

Ауыл азаматтарының бел­сен­ділігінің, қайраткерлігінің ар­қасында соңғы сексен жыл көлемінде бұл елді мекенде мек­теп төрт рет жаңалап са­лынды. Соңғысы жаңа типтегі 900 орындық білім ордасы 2015 жылы 1 млрд, 200 млн теңгеге бой көтеріп, оның игілігін ауыл тұрғындары көріп отыр. Оның алдында 1975 жылы салынған 640 орындық мектеп ғимаратын шағын орталық ретінде ел игілі­гіне пайдалануда.

Ал ауылдағы алғашқы мек­­теп қашан салынып еді? Бұл туралы бізге жасы 85-ке тақалған Шиелі кен­тінің тұрғыны Мұқ­тар Шәй­мер­денұлы ақсақал баян­дап берді:

– Өзімнің анам Бибі­­ха­дишадан естіген әң­гімем еді, – деп ақсақал сөзін бастады. – Ауылымыз ол кезде Бәйгеқұм ауылдық кеңесіне қарасты болған екен. «Талаптан» кол­хо­зын­дағы жетіжылдық мек­тептің қабырғасы алғаш рет осы ауылдың түлегі Пах­рет­дин Ашировтың белсене араласуымен асарлатып қала­ныпты. Сол кезде, яғни, 1937 жылы 18 жасқа енді толған балаң жігіт мектеп мұғалімі әрі комсомолдың хатшысы болса керек.

Өмір-өзеннің мың бұра­лаңы секілді қоғамдық өз­герістер де әр жылдары ау­дарылып, төң­керіліп тұ­рары заңдылық. Ол кезде елге РайЗО деген ме­кеме бас­шылық жасайтын-ды. Ауыл­­дағы жетіжылдық мек­тептің қабырғасы қаланып, тө­бесін жабар кезінде оған ағаш жетіспей қалады. РайЗО басшысының алдына барған Пахретдиннің салы суға тү­сіп шығады. «Мектепті өз уақы­тысында бітіріп шыға­сыңдар, қажетті ағашты «Оқ­шы Ата» мешітін бұ­зып аласыңдар», дейді  бас­шысы. Бірдеңе десең, қарсы жауап айтсаң, «халық жауы» аталғандардың, атыл­ған­дар­дың жолын құшып кете беруің әбден мүмкін. Мешіттің дү­ниесіне тиісуге діннен ха­бары бар адам қорқады. Екі оттың ортасында қалды деген нақ осы… Былай тарт­саң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі. Жас жігіт­тің салы суға кететіні содан. Пахретдин мұңға батты. Аллаға сыйынып, күн­­де бір мал құрбандық ша­­лып, айналаға таратумен бол­­ды. Тек жетінші күні ғана бір тоқтамға келгендей болып: – Жеңеше, – дедім анам Би­біха­дишаға. – Басқа сал­ғанды көрерміз, бүгін амал­сыз мешіттің ағашын алуға барамыз, қазаныңызды, ыд­ыс-табағыңызды алыңыз, ба­сында мал сойып, құран оқимыз», – дейді. Мешітке келген соң да ол қатты қиналыс тапса керек. Қайта-қайта Жаратушыға жал­бары­нып, құранын оқып, қо­лына құрал-сайманын ала­ды. Өзі­мен ере барған жас бала­ларды мешіт ағашын бұзуға жолатпай, бұл жұмысты тек жалғыз өзі атқарып шығады. Міне, Балаби ауылындағы №50 Абай атындағы мек­теп алғаш 1937 жылы осы­лай салынған бола­тын. Ке­йіннен осы мек­теп­тің ал­ғашқы директоры болған Әзімхан Исмайлов оны он­жылдық дәрежесіне кө­те­ріп, көлемін ұлғайтты. Ол кісінің інісі Асанхан Бәкірұлы осы білім ордасында 29 жыл бойы басшылық жасап ке­йінгі ұрпақ қолына эс­та­фетаны тапсырды. Ұлғанша Найманбаева да осы білім ордасында айтарлықтай өне­гелі еңбек етті. Қазір мек­тепке білім саласы май­тал­маны­ның бірі Халықбек Әл­­таев басшылық жасап ке­леді.

Ал сөз басында өзіміз де­­регін келтірген Балаби ауы­лында алғашқы мектеп іргесін көтерген Пахретдин Аширов 1939 жылы әскер қатарына алы­нып, Фин соғы­сына қатысады. 1942 жылы Отан қорғауда шейіт болады. Соңында Нәзира, Нағира деген қарындастары ғана қалады, олардан өрбіген ұр­пақтары еліміздің әр сала­сында табысты еңбек етіп жүр.

Француз ойшылы  Жан Поль Сартр «Болмыс және ештеңе емес» деген еңбегінде: «Адам дүниеге келеді, кетеді. Артында ізі қалса – болмыс, соңында ізі қалмаса – ештеңе емес» депті. Сол айтпақшы, Пахретдин Аши­ров ағамыз – Отан қорғауда қыршынынан қиылып, ұрпақ­сыз өтсе де, болашаққа із қал­дырған адам. Әділеттіліктің салтанат құруы үшін ол, әрине, атау­сыз қалмауы тиіс. Әрине, оны әуелі ауылдастары, №50 Абай атындағы мектеп ұжы­мы жүзеге асыруы тиіс деп ойлаймыз.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы,

Балаби ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<