Философия тарихының ажырамас буыны

2687

0

Тарихты жасаушы халық болғанымен тарихи үдеріске басшылық ететін де, оны тұтас ұлттық сана дәрежесі мен деңгейінде танымның объектісі ретінде зерттеп, зерделеп ғылыми айналымға түсіретін де, негізінен тарихи тұлғалар.

Әсіресе, ұлы тұлғалардың ғылыми-шығармашылық мұрасын теориялық талдау философия тарихының ажырамас буыны болып табылады. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин, Абай және т.б. сол сияқты дүние жүзіне белгілі көрнекті тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отырғаны анық.

Бұл бағытта қазақ мәдениеті мен философиясы да әлемдік деңгейдегі ғалымдарға кенде емес. Атап айтсақ, ХХ ғасырдағы қазақтың көрнекті философы Т.Х.Ғабитовтің шығармашылық ой-дүниесі, қазақтың ұлттық өзіндік санасындажәне рухани мәдениетіндемаңызды орын алады.

Талантты ғалым, әлемдік деңгейдегі философ, педагог, кемел ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының  профессоры, философия ғылымдарының докторы, ҚР ӘҒА академигі, мәдениеттану профессоры, Қазақстан Философиялық Конгресінің вице-президенті.

Тұрсын Хафизұлы Ғабитов 1947 жылы 20 қарашада Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Көкпекті ауданы, Биғаш ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.

Ғабитов Тұрсын Хафизұлының ғылыми-педагогикалық қызметі, ассистенттен (1971ж.) профессорға дейінгі ұстаздық жолы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз байланысты. Тұрсын Хафизұлы 1971 жылы ҚазҰУ-дың философия-экономика факультетін үздік бітіріп, кандидаттық (1977ж.), докторлық диссертацияларын ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесінде (1997ж.) қорғады. Кеңес үкіметі тұсында Ауғанстан Республикасына арнайы іс-сапармен жіберіліп, 1986-1988 жылдар аралығында Кабул университетінің кеңесшісі қызметін атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикадағы тұңғыш мәдениеттану кафедрасының ашылуына ұйтқы болып, 1991-1995 жылдар аралығында аталған кафедраға жетекшілік етіп, отандық мәдениеттану ғылымының қалыптасуына негіз қалады.

Тұрсын Хафизұлы Қазақстанның жоғары білімі мен ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007ж.), Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан көрнекті үлесі үшін мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының «Үздік автор» байқауының, «Қазақстан ғалымдары одағының» республиканың ғылым, техника және білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін байқауының лауреаты. Тұрсын Ғабитовтың «Мәдениеттану» оқулығы 2001 жылы өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің байқауында «Қазақстан он жылдығының үздік кітабы», 2006 жылы «Ұлы Жібек жолы» халықаралық кітап жәрмеңкесінің лауреаты атанды.ҚР жоғарғы оқу орындары қауымдастығының шешімімен автордың оқулықтары Қазақстанның ең танымал оқулықтарының қатарына енген.

Тұрсын Ғабитовтың есімі қазақстандық мәдениеттанушылар мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде шетелде де танымал. Ғалым көптеген халықаралық конгрестердің, симпозиумдардың, конференциялардың жұмысына белсене қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. «Ислам және философия» халықаралық симпозиумы (Тегеран, 2001ж.‒«Қазақ философиясы және ислам».);–Тегеран және Хамадан фестивалі (Тегеран, 2009 ж. ‒ «Ибн Сина»); //«Түркі әлемі. Иканос-38». – (Анкара, 2007 ж.‒«Түркі мәдениетінің бірегейлігі»);Түркітілдес мемлекеттер әлеуметтанушыларының II Халықаралық конгресі.‒(Ыстамбұл-Алматы, 2008ж‒«Вестернизация және түркі мәдениеті»); «Ататүрік және түркі мемлекеттілігі» халықаралық симпозиумы (Анкара, 2007 ж. ‒ «Ататүріктің түркі мәдениетіндегі рөлі»); І Халықаралық мәдениеттанушылар форумы (Баку, 2008 ж. ‒ «Қазақтардың ұлттық идеясы және мәдениеттер диалогы»); Философтардың II Азия конгресі (Стамбул-Алматы, 2008 ж.‒«Ұлы Жібек жолы ‒ мәдениет феномені») және т.б. халықаралық жиындардағы баяндамалары мұның жарқын мысалы бола алады.

Ғалым 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 80-нен астам жеке және ұжымдық монографиялардың, көптеген оқулықтар мен оқу құралдарының, энциклопедиялардың, сөздіктердің, жалпы саны 600-ден асатын жарияланымдардың авторы. Автордың философия және этика тарихы бойынша еңбектері АҚШ, Германия, Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан және Түркияда жарық көрді.

Т.Х.Ғабитов «Ұлттық идея ‒ Қазақстанның 2007-2009 жылдарға арналған тұрақты дамуының негізі» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға атсалысты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында «Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің диалогы контекстіндегі Қазақстандық ұлттық идея» жобасының жетекшісі болды. Профессор Т.Х.Ғабитов «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру ісіне белсенді қатысып, «Әлемдік философиялық мұра» және «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әл-Фараби мұрасы» секцияларының мүшесі, көптомдық  еңбектердің авторы, ғылыми редакторларының бірі ретінде 50 томнан тұратын даналық жауһарларының қазақ тілінде жарық көруіне, жинақталуына зор үлес қосты.

Т.Х.Ғабитов Республика энциклопедиялық қозғалысының белсенді қатысушыларының бірі ретінде де танымал. Ол «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының философия жөніндегі кеңесінің төрағасы (1-10т.) ретінде философия саласына қатысты мазмұнның жеткілікті әрі сапалы деңгейде көрініс табуына мол үлес қосты, 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы болды. Сондай-ақ, Т.Х.Ғабитов «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясы, «Мәдени-философиялық энциклопедия», «Мәдениеттану энциклопедиялық сөздігі», «Философия ғылымдарының екі тілдегі түсіндірме сөздігі», «Философиялық энциклопедия» басылымдарының бастамашыларының бірі әрі осы энциклопедияларға енген көптеген ғылыми мақалалардың авторы.

Қазақ халқының рухани мәдениетіне зор үлес қосып келе жатқан Т.Х.Ғабитов – белгілі ғылым және қоғам қайраткері. Профессор «Еуразия диалогы» халықаралық қоғамдық қорының, «Зерде» мәдениет қорының, «Азаматтық білім беру» СЕП Қорының, ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті» грантының мүшесі қызметтерін де абыроймен атқарды.

Ғалымның қатысуымен батыс ойшылдары, Джон Локк, Шарль Монтескье, Жан-Жак Руссо, Карл Поппердің шығармалары мен философия тарихшылары Джованни Реале мен Дарио Антисеридің еңбектері қазақ тіліне аударылды.

Т.Х.Ғабитов «Мәдениеттану», «Философия», «Құқық этикасы», «Мәдени туризм», «Экологиялық мәдениет» атты оқулықтары, «Қазақ мәдениетінің типологиясы», «Қазақ философиясының тарихы», «Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясы» (казақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде), «Қазақ этикасының тарихы мен теориясы» (казақ, түрік, орыс тілдерінде), «Қазақтану: Тарих философиясы» монографиялары республикамызда кеңінен танымал және мәдени-философиялық классикаға айналған. Бұл кітаптарда әлемдік өркениет қазынасына енген қазақ мәдениеті мен философиясының іргелі құндылықтары терең зерделенген.

Еліміздің рухани жолына бет бұрып, қоғам үшін түбегейлі маңызы бар құндылықтарды анықтап жатқан тарихи кезеңде есімі елге рухани үлгі болатындай тұлғаларды айқындау үдерісі де жүріп жатыр. Еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосып жүрген көрнекті азаматтар бар. Міне, солардың қатарында профессор Тұрсын Ғабитов.

Тұрсекеңнің есімі ел арасында, әсіресе Қазақстанның қазақ тілді аймақтарындағы білім беру және ғылыми ортасында қоғамдық ғылымдар мен мәдениеттанудағы әдіснамалық құралдар мен нұсқауларға зәру кездерден бастап кеңінен тарала бастады. Кеңес дәуірінен мұра болып қалған бұқаралық-көпшілік кітаптардың да, ғылыми арнаулы әдебиеттердің де орыс тіліндегі нұсқалары сөрелерде сіресіп тұрып, қазақ тіліндегі ақпарат қат болған кезде, мұғалімдердің де, студенттердің де «Ғабитовтың кітабы» деп іздеп жүрегендерге өзіміз куәсі болдық.

Кеңес Одағы ыдырап, тоталитарлық жүйе құлдырап, идеологиялық шектеулер алынып тасталғаннан кейін, қалыптасқан жаңа дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыру барысында бүкіл ТМД кеңістігінде қол жеткен саяси тәуелсіздікпен қатар, мәдени-рухани егемендікке ұмтылу талпыныстарымен толықтырылды.

Өркениеттіліктің әлемдік озық үлгілеріне ілесу мен ұлттық мәдениетті замана талаптарына сай жаңғырту қоғамдық-әлеуметтік ғылымдар жүйесіне, оның ішінде мәдениеттану саласына да келелі міндеттер жүктейді. Өтпелі кезеңдегі Қазақстан үшін бұл міндеттер төмендегіше сипатталады: ұзақ уақыт бойы бодандықтың құрсауында болған республикадағы тұрғылықты халық – қазақтардың дәстүрлі этномәдениетінің басты архетипін анықтау. Осыған сәйкес дәстүрлі дүниетанымның, ұлттық сипаттамалары мен ментальдық өзгешеліктерінің, рухани салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бітімдік ерекшеліктерін айқындау; замана талаптарымен қатар ішкі-сыртқы ықпалдардың нәтижесін-де мәдениеттің өзгерістік кезеңдерін көрсету.

Қазақ мәдениетіндегі дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдық арақатынасын талдау; өтпелі қоғам тұсында жаппай батыстық ықпал мен бұқаралық мәдениет тегеурінінің төл мәдениетке әсерін, оның салдарларын анықтау; қазіргі қазақстандық мәдениеттің ерекшеліктері мен қайшылықтарын, оның себеп-салдарларын сараптау; қазақстандық қоғамның мәдени әртекті сипатына орай мемлекеттік мәдени саяси және стратегиялық бағдарларын анықтау, оның мәдениеттанымдық негіздерін даярлау; жаңа постиндустриалды ақпараттыққоғамның заңдылықтарын ескере отырып, ұлттық мәдениетті дамытудың келешектері мен бағдарларын ау.

Бұл міндеттер елімізде мәдениеттану пәні мен ғылымын кеңінен дамытудың өзектілігін алға тартады. Осыған орай, мәдениеттану пәні орта арнаулы және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілді.

Әрине қашанда жаңаны бастау, бірден іліп әкетіп, оған тез төселіп кету қиын дүние. Дүниетанымдық бағдарлардың алмасып, еліміз өтпелі кезеңнің қызығы мен шыжығын бастан кешіп жатқан тұста оқу орындарында қоғамдық пәндерді жүргізетін қарапайым оқытушылардың айқын бағыттан айрылып, біраз абдырап қалғаны рас. Гуманитарлық пәндердің, оның ішінде жеке пән ретінде жаңадан енгізілген мәдениеттанудың да бұрынғыдай үйреншікті тәртіпке сай стандарттық үлгісі де, типтік бағдарламасы да болмады. Бір жағынан нарықтың қыспағына ұшыраса да, қалаған кәсібін жалғастырған бар ауыртпалық оқытушыларға түсті. Мәдениеттанудың ғылыми негізін жасау қажеттілігі қатты сезілді. Осы кездері кейбір отандық қоғамтанушы ғалым-дар бұл мұқтаждықтан шығудың жолдарын қарастырып,мәдениеттанудың пәндік ерекшелігін жазуды қолға алды.

Қазақстанда мәдениеттанудың пәндік ерекшеліктерін зерттеу 1990-жылдардан басталды. Т.Х.Ғабитовтың, Б.Ғ.Нұржановтың, С.Т.Темірбековтің, В.Тимошиновтың оқулықтары мен оқу құралдарында мәдениеттанудың пәндік анықтамасы беріліп, ол синтетикалық ілім ретінде қарастырылады. Қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясына деген қызығушылық аталмыш ғылым саласының елімізде жедел қарқынмен дамып, осы уақытқа дейін әртүрлі бағыттағы бірқатар мектептердің қалыптасып үлгеруіне әкелді. Қазақстанда мәдениеттанудың осы мектептері мен бағыттарының қалыптасуының бел ортасында бүгінгі күні жетпіс бес жасқа келсе де, шығармашылық шабыт пен ғылыми жасампаздықтың, белсенділік пен қажымас қайраттың үлгісін көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаз, философия ғылымдарының докторыпрофессор, мәдениеттанушы ғалым Тұрсын Хафизұлы Ғабитов жүрді десек, жаңсақ айтпаған болар едік.

1990 жылдары оның авторлығымен шыққан «Мәдениеттануға кіріспе» оқулығы, «Мәдениеттанудың типтік бағдарламасы» оқытудың осы саласындағы олқылықтың орнын толтырып, әдістемелік жетекшілік ретінде көпшіліктің кәдесіне жарады. Білім мен ғылым саласындағы оқырман қауымның арасындағы бұл танымалдық пен бедел бекерден бекер келген жоқ.

Байқап отырғанымыздай, Тұрсын Хафизұлының ғылыми шығармашы-лығының басты бағыты мен оның халыққа танымал еңбектерінің басым көпшілігі мәдениеттану ғылымына, қазақ мәдениетінің тарихы мен теориясына арналған. Отандық ғылымдағы мәдениеттану саласы бойынша алғашқы профессорлардың бірі ол 24.00.01 – мәдениет теориясы және тарихы мамандығынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы мамандандырылған диссертациялық кеңестің ашылуына және оның жемісті қызмет етуіне атсалысып, ғылыми-ұйымдастырушылық қырынан да танылды.

Философия ғылымдарының докторы, профессор Т.Х.Ғабитов Қазақстанда мәдениеттану ғылымының қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қосқан ғалым ғана емес, дәл осы салада көптеген жас зерттеушілерге жетекшілік жасап, ғылыми бағыт-бағдар беріп, ауыр да абыройлы осы жолға жөн сілтеген ұлғатты ұстаз. Оның басшылығымен 6 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты диссертациялар қорғап шықты. Тұрсын Хафизұлының бойындағы адамгершілік қасиеттерді – үнемі ғылыми ізденіс үстіндегі белсенділігін, адам жатырқамайтын ашықтығын, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете отырып, шәкірттеріне ерекше қамқорлық танытатын абзалдығын – ерекше атап өткіміз келеді.

Ұстаздығы үздік, үлгілі қасиеттері мол, еркін ой, еркін қимыл иесі, Тұрсын Хафизұлының философиялық мектебінің түлектері қазіргі таңда республикамыз бен әлемнің түпкір-түпкірлерінде қызмет етуде.

Тұрсын Хафизұлы! сіздің отбасыңызға амандық-саулық, береке-бірлік, өзіңізге зор денсаулық, мол бақыт шығармашылық табыс тілейміз!

Пірімбек Сулейменов

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті,

          саяси ғылымдарының кандидаты доцент

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<