Хайп қуамыз деп қара басып қалмасын

1555

0

Алдымен “хайп деген не?” деген сұрақтың жауабын іздеп көрейік. “Кірісі   мен тәуекелі жоғары инвестиция” және “даурықпа, дүрлікпе, айқайшыл жарнама” деген екі мағынасы бар екен. Трендтен қалмауға бекінгендер қазір хайптың неше  атасын ойлап тауып жатыр. Анасын туған күнімен құттықтап, бетіне торт жапсырған баланың қылығы елдің қызу талқысына түсті. Біраз шулап басылдық. Жұрттың қаңсығы таңсық болған заман ғой. Сырттың салтын ата-бабамыз қалдырған мирастай іліп әкеттік. Оның орнына неге ананың басына ақ шәлісін салып, немерелерін бір иіскетіп, құшағын гүлге толтырмасқа?

Орамал демекші, әлемжеліде тағы бір дүние пайда болды. Бойдақ жігіттің аяғын ала жіппен байлап, үйлі болсын, үйленсін деген ниетпен тұсауы кесілді. О заманда, бұ заман бойдақтың  жолын ашу үшін тұсау кескенді бірінші рет көруіміз. Үйленуге арналған мұндай ырымның бар екенін естуіміз де осы. Желіні шулатқан видеода жігіттің жолына ақ жайма төселіп, алдына ақша, домбыра, орамал қойылған.  Арнайы ырымдап кескен соң, орамалды алатыны анық. Домбыраны алғанда күйші болып кетпесі екібастан түсінікті.

Қазақы салттың өзгелерден артып түсетін тәрбиесі, мағынасы мен мазмұны тұрғанда батыстың дәстүріне иек артқандардың әрекеті мұнымен бітпейді.  Соңғы уақытта жастар арасында “Гендер пати” мен “Хен пати” кең тарауда. Бірі – баланың жынысын анықтауға арналған мереке болса, екіншісі – қызойнақ, яғни тұрмысқа шығатын қыздың құрбыларын жинап өткізетін кеші, қыз баланың балалық шағымен, еркелігімен қоштасуы. 

Әуелі “Гендер патиге” тоқталсақ.  Бұл – америкалықтардың жақындарымен, ­дос-құрбыларымен атап өтетін отбасылық мерекесі. Негізгі атауы – Gender Reveal Party. АҚШ-та көптен бері қолданып келеді. Қазір поскеңестік елдерде сәнге айналуда. Гендерлік кешті жоспарлаған ерлі-зайыптылар УЗИ-ге түскенде баланың жынысын айтпауды, жасырын түрде конвертке жазып беруді сұрайды. Оны кеш барысында ашады. Осылайша, өздері де, қонақтар да баланың жынысын біледі. Оны атап өтудің өзі бір бөлек әңгіме…

Жалпы ұлды да, қызды да беретін Алла. Бұрынғылар баланың жынысы түгіл  УЗИ-дің не екенін білмеді. Көпті көрген әжелеріміз келінге қарап топшылады. Қазір жастар жүкті екенін білгеннен қызу да­йындалады. Арнайы шар, не торт жасатып, тіпті, мейрамхана жалдайды. Мұның орнына неге қазақтың ертеден келе жатқан “Құрсақ шашу” дәстүрін жаңғыртпасқа? Бұл – аяғы ауырлаған келіннің жағдайын жасауға, ене мен келіннің арасындағы байланысты нығайтуға арналған дәстүр. “Құрсақ шашудың” тәрбиесі, өнегесі, мәні тереңде. Біріншіден, ертеңгі күні дүниеге келер нәрестенің алғашқы тойы болса, екінші жағынан аяғы ауыр ананың да қамын ойлап, соған жағдай жасаудың амалы. Думанды дастархан жайылып, үлкен әйелдер жағы жас келінге батасын, ал құрбылары, абысындары білгенін айтып, ақыл-кеңес беріп, келіннің көңілін аулайды. Келген қонақтар келінге түрлі астан тарту жасап, жеріктігін басады. Осы дәстүр арқылы ене мен келіннің сыйлас­тығы артар еді. Ал сыйластық бар жерде тыныштық бар, ынтымақ пен жақсы көру сезімі бар. Ең бастысы, бақыттың болатыны сөзсіз. 

Тарихқа көз жүгіртсек, “қызойнақ” деп жүрген басқосу – Австралия елінің дәстүрі. Бұл кеш Ұлыбритания, Ирландия, Жаңа Зеландия елдерінде кеңінен тараған. Америка мен Канадада “Bachelorette party” деген атаумен яғни, “үйленбегендер кеші” деп аталады. Бұл кеш 60-жылдары кеңінен етек алған. Клубтар мен барларда аталып өтетін басқосудың ең сорақы тұсы қыздар ер адамның жалаңаш күйде билеген биін тамашалайтын болған. Қазақтың жастары мұндайға бармағанмен, жатын киім не суға түсуге арналған киім киіп өткізуде. Бұдан қандай тағылым-тәрбие алуға болады? Қазақы дәстүрдегі түпкі мақсат – ұзатылатын қызға ақыл-кеңес беру, дұрыс жол, бағыт-бағдар сілтеу. Осы бір салт та өзінің мәнін жоғалтуда. Уақыт өткен сайын өз салтымызға, күнделікті тіршілігімізге қалай еніп бара жатқанын байқамай барамыз. Қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалатын кілт – рухани дүниеміз, тәрбиесі мол бабалар дәстүрі, салты мен ғұрпы.

Қазір өкінішке орай елге танылу, арзан атақ жолында “хайп” пен “лайк” жинаудың сан қилы жолы бар. Әлеуметтік желілердің дамуы қоғамға осы олқылықтарды алып келді. Қандай жолмен болса да жұртқа танылу, парақшаңа миллиондаған оқырман жинаудың жалғыз жолы хайп пен пранк па? Рухани әлеміміздің жұтаңдағаны сонша былапыт сөз айтқан, бір-бірін әжуалағандардың қызығына батып отыра беретін болдық.

Хайп қуамыз деп қара басып ­қалмасын.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<