Қазақстан мектептеріне арналған оқулықтар шығарып, оқушылардың білім сапасын арттыруға өз үлесін қосып отырған жетекші баспалардың бірі – «Алматыкітап» баспасы. Баспаның Web-платформасы республика аумағында орналасқан серверлерде жұмыс істейді. Электрондық оқулықтар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №131, №216 және №286 бұйрықтарына сәйкес білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған.
Айта кетейік, баспаның мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне арналған ресми сайты жұмыс істейді. Бұл сайтта мектеп оқулықтарының PDF форматындағы электрондық нұсқалары, тест тапсырмалары, сондай-ақ балаларға арналған ертегілер, әңгімелер, әдеби хрестоматиялар және қазақ халқының ұлттық құндылықтарына негізделген тәрбиелік маңызы бар кітаптар қолжетімді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының «Әке туралы ой-толғау», Б.Оспанованың «Балаларға Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы», Ә.Бірмағанбетовтің «Шоқан Уәлиханов – географ және саяхатшы», А.Оразақынның «Балаларым – бақытым» кітаптары, сондай-ақ ұлы ақын Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің шығармалары ұсынылған.
Бұған қоса сайтта бастауыш білім беру деңгейінің 2-сыныбына арналған жаратылыстану, әдебиеттік оқу, цифрлық сауаттылық және көркем еңбек пәндері бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар мен әдістемелік нұсқаулықтар орналастырылған. Бұл материалдар мұғалімдерге оқу үдерісін тиімді жоспарлауға, сабақтарды оқу бағдарламасына сәйкес ұйымдастыруға және оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек аталған баспа цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мақсатында TopIQ білім беру платформасын іске қосқан. Бұл платформада мектеп бағдарламасына сәйкес әзірленген электрондық оқулықтармен қатар интерактивті тапсырмалар, бейнесабақтар және түрлі цифрлық оқу материалдары ұсынылған. TopIQ платформасы оқушылардың оқу материалын терең меңгеруіне, өздігінен білім алуына және цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Платформаға мектептің келісімі арқылы немесе жеке ақылы жазылым негізінде қосылуға болады.
TopIQ платформасы мен жасанды интеллект (AI) технологияларын үйлестіре пайдалану мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай оқыту үдерісін қызықты, жүйелі әрі нәтижелі етеді. Бұл білім сапасын, оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттырады. Цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану – қазіргі заман мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін арттырудың және білім беру сапасын жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі.
Жалпы «Алматыкітап» баспасы білім беру саласын цифрландыруға және сапалы оқу-әдістемелік ресурстармен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да баспаның шығармашылық табыстары артып, жаңашыл жобалары көбейіп, оқушылар мен мұғалімдерге сапалы білім беру ресурстарын ұсынудағы қызмет аясы кеңейе беруіне тілектеспіз.
Ақалтын СЕЙСЕКЕЕВА,
№285 мамандандырылған мектеп-лицей
интернатының география
пәнінің мұғалімі.





