Кие

1428

0

Қазақ киеден қатты қорқады. Киесі ұрады дейді. Адыраспан, аққу, ақбөкен, жаулық, жылқы, қобыз, ат тағасы, батаның киесі (теріс бата), ұстахана… Осылайша киелі дүниені жұрт тізбектей береді. Расы керек, шынымен жоғарыда айтқан ұғымды бойға сіңіріп өскен сіз бен біз де осыларда әлдебір күш барына сенеміз. Адамдар арасын жалғайтын да осы. Мейлі, ол адам өлі болсын, тірі болсын. Аруаққа тіл тигізуден қорқатынымыз да сол. Онда кие бар деп түсінеміз. Демек, кие дегеніміз – сенім. Сол арқылы жақсылыққа ұмтылып, жамандыққа тосырқай қараймыз. Әсілі, кие ұғымы арқылы ата-бабамыз ізгі­лік жолын осылай әспеттейді. Бір сөзбен айтқанда, кие – сенің жүрегіңді жақсы қасиетке бастайтын күш екенін байқамайсың да.

Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерін де кие тұтады. Киелі мекен дейді. Шыны керек, өзің жүрексіз не селт етер сезімсіз болмасаң, қай жерде жүрсең де өз туған жеріңді ұмыту мүмкін емес қой. Бұйырған дәмің басқа жақта болса да сол киелі мекен тартып тұрады. Аңсайсың, асыр сап ойнаған құмы мен балық аулаған көлі еске түседі. Мен туып-өскен орта орман мен тауы, бұрынғы шалқыған теңізі болмаса да, бүтіндігін сақтаған бауырмал халық еді. Кең жазық дала,  өркеш-өркеш құм, бірінен соң бірі шыға келер жусанды белес, мұның бәріне тіл бітіп сөйлесе, тылсым тарихтан сыр шертер еді-ау. Жоғарыда айтылған туған ел мен жердің киесіне қатысты айтсақ, бұл өлкеде өнеге болар өзгеше хикаяттар жетіп жатыр. Киелі мекеннің құлпын ашып, құпиясына үңіліп көрсек қайтеді?

Топ баланың мекені –  

Тораңғыл тал

Киелі орын кезінде көшпелі қазақ үшін жайылымды төбе, тау, өзен немесе тал сияқты орындар болғанымен, ол жерде белгілі бір тұлғаның мәңгілік жайы немесе оқиға өткен орын болуы ғажап емес. Бекарыстан биден Жаңа­құрылысқа қарай 7-8 шақырым асса­ңыз, әулие Тораңғыл талына кезі­гесіз. Көлікпен әрі-бері өткенде бет сипап, дұға қылатын жердің киесін бала­лықпен онша пайымдамағанымыз рас. Ер жете бұның сырын түсіндік. Есіткеніміздей, ертеректегі шап­қын­шылық кезінде қалың жау (мүмкін қалмақ, мүмкін беріректе Хиуа бас­қын­шылары, ол жағы белгісіз – авт.) тұ­тас­тай ауылға басып кіріпті. Ақсақал-қара­сақал демей өлтіріп, жас жігіттерді алдына сап айдап әкетеді. Ақ жаулықты аналар мен қаракөз қарындастарды қынадай қырып, бесіктегі сәбилерді аяусыз суға атады. Сол лақтырылған 40 сәбидің бесігі сол жердегі Қотан атты көлдің сағасына келіп тірелген деседі. Ыққан бесіктегі қырық сәбидің шырқырып жылаған даусы күн бата тынып, қою қараңғылық түсе Құдайдың құдіретімен Тораңғыл талы өсіп шығады. Бұл – көнекөздер айтқан аңыз. Шын мәнісінде көп жаугершілікті өткізген қазақ даласы талай мүрдені қойнына тығып, тылсым сырын құм арасында бүгіп жатыр емес пе?!

Тораңғылдың тегін ағаш емесін жақсы білеміз. Терек туыстас, шөлді жерлерде, ескі өзен арнасында сирек кездесетін тал. Біз баяндап отырған, әулие Тораңғыл тал немесе Бала әулие деп аталатын киелі жердің нақты шығу тарихын жоғарыдағы аңыздан бөтен ешкім де дөп басып айта алмайды. Нақты деректер не архивтік құжаттар да жоқ. Бұның себебі, бұл оқиғаның өткеніне талай уақыт өтіп кеткендігі де шығар. Әйтсе де, №24 Ү.Түктібаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Майра Елбосынова ауыл ақсақалдарының өз аузынан жинақтап, ол туралы біршама зерттеу жасап та үлгерген. Соған сүйене отырып, киелі жердің куәсі болған кісілердің оқиғаларын баяндасақ.

– Жас кезім, – дейді 80-нен асып,  өмірден озған ауыл ақсақалы Қаржау кө­кеміз. – Ол кезде Тораңғылдың жа­нында бастырма қазып, ел отырған. Үй соғып, қазіргідей тізбектей көше салып отыруға заман көтермейді. Бар жұмысымыз – жер тырмалап, егін егу. Күн кешкіріп қалған. Мал айдап,  Тораң­ғылының үстімен келе жа­тыр­мын. Жақын маңнан 10-15 бала асыр сап ойнап, шуласып жүр екен. Апыр-ай, күн кешкіргенде мыналарды әке-ше­ше­сі іздемей ме екен деймін. Бір ойым, біз орналасқан он-онбес үйлі шағын ауылда мұндай бала жоқ еді-ау деген күдікке кеп тіреледі. Жаныма онша жақындамай, сонадайда ойнап жүрген балалар даусы үйге жеткенше естіліп тұрды.  Шешеме айтқанымда, ол қорқып, киелі жерге қадірлі қариялардың басын қосып, құран оқытып жібергені бар. Тораңғылдың тегін емесін содан бері түйсінгем…

Амангелді ағамыз ауылдың сыр­тындағы «Қарамұрын» деген жерге күріш еккен. Ағамыздың шешесі, Ырза апа кешқұрым егіске түскен малдың алдын қайырмақ болып, одан дәніккен қарасан келгірлер қайта айналып соғып жүрер деген күдікпен елге қарай біржола айдап тастауға шығады. Күн батып бара жатқан уақыт. Алдындағы аз ғана сауынды сиырды ауылға кіргізіп, егіске қайтарда апамыз жолдан шатасыпты. Әбден адасқан, қалжыраған анамыздың жанына сақылдап күлген, жастары 6-7 жас шамасында бір топ бала жүгіріп келіпті.

– Апа, ауылды іздедіңіз бе? – дей­ді екен ересектеуі.

–  Иә, – дейді ғой түн жарымында жүр­ген көп баладан қорыққан Ырза апа.

– Апатай, адасып жүрсіз ғой, мы­нау жолдан шықпай, тура салыңыз. Үйге же­тесіз, – дейді де әлгі балалар шы­бықты ат қып ойнаған күйі кері қарай жосылта берген…

Жаздың қысқа түні тез атып, ауылға балалар нұсқаған жолмен әзер жеткен апамыз үлкендер айтқан аңыздың түпкі негізіне иланып, құдай жолы тараттым дейтін.

– Жайылым жер ауылдан әрірек жатқан Тораңғыл тал жақ болған соң көбіне жоғалған кейбір мал-қарамызды сол жақтан қарайтынбыз. Бірде кел­мей қалған сиырдың ізін суытпай қа­рап, төңіректі сүзіп шықпаққа солай қарай аяңдадым. Барсам Қотанкөлдің жие­гіндегі Тораңғыл маңында бес-алты ірі қараның сұлбасы байқалады. Сиырлардың қасында жас балалар ойнап жүр. Үлкен жолдан түсіп, солай қа­рай барғанымша балалар көз­ден ғайып болды. Әрі-бері дыбыс шы­ға­рып, төңіректі шолып шықсам да әлгі кішкентайлар көзге түсе қоймады. Бойымды үрей биледі. Оның үстіне шаңы бұрқыраған май топырақты жал­ғыз аяқ сүрлеуде жас баланың көп ізі сайрап жатты. Күн тал түс. Сонда қалай? Тораңғылдағы Бала әулие жай­лы бұрыннан үлкендерден естігенім есімде. Үрейлі сезіммен жоғалған мал­ды әрі қарай қарауға мұрша болмай ауылға қайтқанмын. Содан бері сол маңнан қорқынышпен өтемін, – дейді ауыл тұрғыны Нұрқабыл Атабаев ағамыз.

Иә, бұл жолы ауылдағы ағайынның ойдан шығарған аңызын емес, көзбен көргенін тізбектеп бердік. Шынымен де, балалар мекен еткен қасиетті талдың киесі кез келгенге көрінбейтіні анық. Біраз жылдар бұрын жақын ауыл тұрғындары, ескерту тақтасын орнатып, арнайы белгі де қойған. Қасиеті үлкен қарапайым талдың киесі көпшілікті осылай тәубесіне келтіріп жүр.

 

«Қызкеткенде» шынымен 

қыз кет­кен бе?

 

Арқадан дауыл тұрып желдеткенде,

Дарияның нар қамысын тербеткенде.

Сүйгені Беркімбайға қосыла алмай,

Ақбалыш суға кеткен Қызкеткенде…

Аралдық ақын Серік Есетовтің 

«Ел мен жер» өлеңінен

Әжайып – әңгімешіл ақсақал. Қара­тереңге барар жолдың бойында «Жы­ланды» каналына жақын Қызкеткен ат­ты киелі жердің тарихы мені көптен қызықтыратын. Өтініш етіп сұраған осы бір аты да, тарихы да қызық «Қыз­кет­кен» жайлы Әжайып қарттың әңгі­месіне құлақ түрсек.

Қазалының қазіргі Қожабақы, Өр­кендеу жерін жайлаған Асан-Мәме­тек­тің байы Болат жаз жайлауын Сырдарияның төменгі ағар тұсында жайлайтын көрінеді. Қазіргі Қаратерең, Ақбөгетті жайлаған Айдарбек-Таты­ранның белді адамы, саудагер Орын­байдың ықпалымен Болат бай Сары­лайдың (жер аты) ұлтанынан жер алып, егінін егіп, малын өрістеткен. Сол төңіректі мекендеген Өтеген байдың ерке қызы Ақбалыш сұлудың есімі  қалың Шектіге жайылған тұс еді бұл. Әдетте, көркі мен тәрбиесі келіскен аруға талай мырза сұқтанып, сыр тартып көрсе де сырт айналған. Оған себеп болған біріншіден, атастырылған жері кедергі болса, екіншісі Болат байдың сал-серілікке жақын, ат құлағында ойнайтын үлкен ұлы Беркімбайдай бозым жігіт қыз жүрегін шоқтай қарып, мазасыздыққа әкелген шығар-ау.

Расымен, әйел заты ажарлы болса, не сор, не бақ болып жабысатыны белгілі ғой. Қалыңмалы төленіп, баталасып қойған соң кейбір мырзасымақ, әулекі көп жігіттің дымы іштен тынып, ал дүйім ел қыздың ұзатылуын күтіп жүре береді.

Шағын ауылдың ішінде сыбыс жата ма?! Беркімбай мен Ақбалыш арасындағы алып-қашпа әңгіме қыз ауылына да, Беркімбайдың әкесі Бо­латқа да жетеді.

– Тілеуің кесілгір, төңіректе қыз құрығандай. Баталасып, біреудің батам деп отырған қызығына көз салғаның не еткенің?! Елге бүлік әкелгелі жүрсің бе, сен құрғыр? – деп Болат ақсақал ашу шақырып, ұлының қылығына ренжиді. Аралас-құралас сыйласып отырған екі рулы елдің арасына жік түсерін тереңнен түйсінген ақсақалдың ойын ессіз ғашықтардың бұл қылығы сан-саққа әкетті. Бата бұзу қарғысқа апаратынын дәстүрге озық әке мықтап түсіндірсе де, бозбала Беркімбай да бас тарта қоймаған секілді.

Ақбалыштың ауылы да сабыр­сыз­данып, сары майдай сақтаған «қазы­на­сына» көрінгеннің көзі түсіп жүргенін хабар етіп, құдаларға ат шаптырыпты. Көктем шыға, жер қарайып, мал ерні көкке тиетін кезге уәделескен құдалық шарты нілдей бұзылып, қақаған қара­шаның суығында қызды жөнелтуге қам жасайды мұндағы жұрт.

Қош, сонымен қосыла алмаған қос мұңлықтың жағдайы қалай болған?! Өз шешімін өзгертпей, қызды алып қашуға әрекет жасап, онысы білініп қалған Бер­кімбай қатаң қарауылға ілінеді. Әкенің қатал тапсырмасымен қалың күзетте қалған Беркімбайдың жағдайы қиын болғанмен, Ақбалыш сұлудың ақыр­ғы шешімі тым басқа еді. Сүймеген адамына теліген өз әке-шешесіне налы­ған ару, бүгін-ертең ұзатылады деген уақытта қолына қос шелегін алып, ауыл іргесінен ағып жатқан Сырдарияға беттейді. Соңғы рет жалғанға «қош-қошын» айтып, зар илеген арудың өксігін өзінен басқа ешкім де естімеген шығар. Мойнына ілген қалың орамалын жиде талға байлап, Ақбалыш осылайша дарияның тік жарынан секіріп кете береді. Әлі мұз ұстаса қоймаған, көбік шаша жағаға ұрып жатқан лайлы  қара су қыздың нәзік денесін әп-сәтте жұтып жіберді…

Міне, махаббатқа деген жолда бақыт­сыз­дыққа душар болған Ақбалыштай сұлудың ақырғы демі таусылған мекен – «Қызкеткен» тарихын жергілікті халық осылай жыр қып айтады.

 

Барымташының ажалы

(Киелі ұл туралы хикая)

Жанындағы бес-алты жолдасымен денесі енді ірілене бастаған бойшаң, қарасұр жігіт Жаңабай қалың жылқыны ауыл сыртына екі-үш қыр қалғанда алдын қайырып тастады. Сенімді екі жігітіне осынау мол қазынаны қайта-қайта нығыздай тапсырып, ауылға қарай таң біліне қозғалып еді. Көзге түртсе, көргісіз қараңғы түнекте, қара жердің қалың отынан инедей нәрсені көзі шалатын қырағы жігіттер жолы болғандарына аса қуанышты. Арасында ыңылдап ән сала бастағаны да бар. Әсіресе, Жаңабайдың бақыршысы Мәм­бет­жұманың жүзінен осы көңілділіктің табын айқын аңғаруға болады. Сүліктей кіл қараны таңдап мінген жортушылар ауылға тақағанда, шығыстан күн маң­дайы да көріне берді.

Бозбала жасынан қарулыға дес, ауыз­дыға сөз бермей, жоқтың жоғын жоқтайтын Жаңабай сырт елдердің бай­ларын  барымталайтын. Кейде Ырғыз, Ақтөбе жақты торуылдаса, мойны алыс жерлерді тіптен көп көздейтін. Әсіресе, қарақалпақ байларының көп үйірін құмға сіңіргендей жоқ қылатын. Осы шағын топтың басшысы да өзі. Қасына ерген нөкерлері де өзіне сайма-сай, жігіттің төрелері. Жасынан кедейліктің қамытын кисе де, ешкімге иығын бастырмаған Жаңабай өзінің бұл ісін жөн деп санайтындай. Адал кәсіптен гөрі, оңай олжаны жақтайтындай. Осы жортуылдан-ақ кәсібі көзге көрініп тұр. Бірақ күншілік жерден өзі тұрғылас кедей сорлыға көмектесу үшін осылай жортып, сойыл сілтесетін күндері де аз емес. Жаңабай тек байларды ғана нысанасына алатын. Қара халықтың тышқақ лағына да тиіспейді. Бай-мыр­за­лардың астамсыған қылықтарына осы іс-әрекетін қарама-қарсы қойған Жаңабай да, жігіттер де шын мәнісінде оларды жек көретін. Бәрі байлардан қағажу көріп, өмірдің тәлкегін ерте татқан кек қуған жігіттер, кек қуған Жаңабай. Сондықтан қуалай айдап әкел­ген қалың жылқының ендігі тағ­дыры осы бір қарасұр жігіттің қолында.

Арада екі-үш күн өтті. Бәрі сәтімен болып жатса-дағы көп жылқыны сің­діріп үлгірмеген жортуылшылардың бұл іс-әрекеті ел арасына білініп қалды. Жоқ іздеп келген ешкім болмаса да жұрт ішіне бар жағдай өрт тигеннен кем болған жоқ. Сірә, қос бауыры Ша­ла­бай да, Балабай да Жаңабайдың осы суыт жүрісінен талай секем алса да, қолға ілігер ешбір дәлел таба алмай діңкелері құрыған. Байқалып қалған жүз қаралы тай – жабағысы аралас осы жылқыны  тез ел асырып жібермегеніне Жаңабай да іштей қынжылды. Кімнен кү­діктенерін және білмеді. Әлде кез­бе жолаушылардың бірі сүйкетіп ке­ліп айтып салды ма, әйтеуір қалың жыл­қының әлегі ауылды әп-сәтте дүр­ліктірді. Бұл елдің өзінде ауыз тол­тырып айтар бай да, бағлан да жоқ. Тілге көсем, байыпты сөз айтар би-шешен бұрын болғанмен, қазір таба алмайсың. Бірақ ел сыйлар ақсақалдар аз емес еді. Айдарбектің бір баласы Та­ты­ранның ақсақал-қарасақалы жина­лып, Жаңабайды ортаға қысты.

– Шырағым, ел аман, жұрт тынышта сырттан жау шақырғаның не еткенің? Бұл кәсібіңді өзіміз көрмесек те, іштей сезіп, біліп жүрміз, – деп сөз бастады төрде отырған қариялардың үлкені. Жанындағы жарамсақтау біреуі киліге кетті.

– Әлде мына жұртты құрбан етпек­пісің? Оныңа біз көне қойман. Ел асып жылқы әкелесің, зияны кімге, пайдасы кімге? – деп ірілене бастады. Сірә, қо­лын­­дағы екі-үш үйір көк аласын уа­йымдағаны болса керек.

– Іздеген жау болса, мені табар. Менің басым кетеді. Өзім жақтым, өзім түсермін сол отқа. Оған бола даурықпаңдар, түге, – деді Жаңабай. Тағы біреуі ашу шақырды.

– Сонда да сен бізді отқа итеріп отырсың, шырақ. Сен бері қара, осы тірлігіңді тастамасаң…. Осылай дей бе­ріп еді, сөзінің аяғын жұтып қойды. Барымташы жігіттің қызылдана бас­та­ған көзінен қорықса керек.

– Қарағым, ойлан, таста, осы кәсі­біңді, – деп қысқа қайырды бірінші сөз алған ақсақал.

Жанындағылар шуласып, ағалары да бастарын шұлғи қостап, дабырап кетті.

– Жоқ!!!

Батыр жігіттің даусынан қараша үйдің ішіндегілер селк ете қалды. Бағанағы шу сап тыйылған. Көбісі Жаңабайға түңіле қарайды. Ол  бір сөзді адам еді.

Ертеңіне кешегі қауым тағы ой­ласты. Бұл кезде барымташылардың екеуі қалың жылқыны батысқа қарай Адай арасына өз адамдарына айдатып жіберген. Жаңабай өз үйінде жатқанда бұл кәсібін қойдыру үшін кешегі топ тағы да кеңесіп, кеу-кеулесіп жатқан.

– Қорқытайық, – десті біреулер. 

– Суға батырып қорқытайық. Қазір дария ұстасқан кез, ойыққа салып батырайық.

Бұл ұсыныс бәріне ұнаса да, батырды одан әрі ерегістірерін білген жоқ. Бәрі осыған уағдаласты. Жаңабай сонда ғана ұрлықты, барымташылықты қояр деген ой барлығының басында тұр.

Қыс мезгілінің алғашқы айы. Сәске түске дейін ұйықтаған Жаңабайды жа­бы­лып жатып он жігіт тұзаққа түсірді. Әрі-бері қарсыласып болмаған соң, жанындағы атақты түрікмен батырынан алған қанжарын іздеп еді, қолына түспеді. Бұның көзі ұйқыға кеткенде қаруының бәрін үптен кеткен сияқты. Әрі-беріден соң сөзге тоқтамаған бұл жазғанды қарулы жігіттер байлап-матап, дариядағы аузы кісі сиятындай мұз ойығына салған. Қол-аяғы матаулы, екі иықты аша ағашпен басып, мойнына арқан салғаны және бар Жаңабайды төрт жігіт күштеп суға батырғанда да райынан қайтпады. Екіншісінде де сөйтті. Үшінші рет батыруға бет алғанда Жаңабайдың осы кәсібін тоқтатуға тырысқан ауыл ақсақалы ақырғы рет сұрады.

– Қоямысың, тастаймысың осы барымташылықты?

– Жоқ!

Беті көгіс тартқан қайсар жігіт солай деп жауап қатты.

– Мені өлтіріңдер, өлтірмесеңдер біреуің де жер басып жүрмейсіңдер. Бұл сөзді естігенде көпшіліктің санасындағы Жаңабай әлі де барымташылықты қояр деген үміт өшкен еді. Дәл осы сәтте жұрт екіге айырылды. Өзі тұрғылас жас жігіттердің көбісінен Жаңабайды жақтап, араша сұраушылар көбейді. Үлкендері керісінше кері кетіп, кесір­лікке салынды. Осылай дай-дай болып тұрғанда, ақырғы сөзді сұраған әлгі шал Жаңабайды мұз астына салуға қайта бұйрық берді. Ағашпен иығын бастырып, мұз астына қайта салды. Мойнындағы арқанмен ғана ағыстың екпінімен ағып кетпеу үшін денені екі жігіт суырып алуға дайын тұр. Бағанадан бері осы арқанмен батыр жігіттің басын мұз астынан су бетіне шығарып ауа жұтуына мүмкіндік беріп тұрған. Арқан осы сәтте керіле берді. Не ойы бар екені белгісіз, әлгі ақсақал келді де, кездікпен қиды да жіберді. Жұрт шу ете қалды. Мұз астында кеткен Жаңабайдың денесі әудем жерге дейін күңгірлеп бара жатты. Барымташы жі­гіт осылай мұз астында кете барды…

Көктем салым мұз еріген тұста Жаңа­байдың денесі табылған. Бәлкім елден шыққан ерен тентекті жөнге салар істің басқа жолы бар ма еді, кім білсін?! Әйтеуір, біздің білетініміз, барым­ташы батыр жігіттің денесі та­былған дарияның қайыр тұсын кейін­гілер «Жаңабай қайы­ры» деп атап кеткен. Мына құдіретті қарасаңызшы! Сол Жаңабайдың денесі табылатын көктемге дейін барымташы жігіттің ажа­лына себеп болып арқан кескен ақсақал да, оның қасындағы желбуаз шалдар да бірінен соң бірі дүниеден озған еді. Жас батырдың киесі ұрды ма, әлде жасы жетіп қалжыраған соң үзілді ме, ол жағы беймәлім.

ТҮС НЕМЕСЕ БАЗАР ҚОЖА ХАҚЫНДА

Қазалыдағы Бекарыстан би ауы­лында жатқан Базарқожа баба туралы аңызға бергісіз әңгіме ел арасында жиі айтылады. Оның талай кереметтерін білген жұрт баба басына жиі тәу етеді.

Бірде жақын ағайыным өзінің бала күнінде басынан кешкен жайды баяндады.

– Мектепке бармаған кезім. Біл­мей­мін, үлкендердің айтуынша, лас, жаман жер басқандыкі ме, әлде басқа ма, әйтеуір медицина түсіне бер­мейтін дертке шалдықтым. Түн ішінде түс көрем. Үлкен бір трактор басатындай жақындап келеді.  Мен қорқып, шырқырап жылап оянам. Үлкен шешемді «апа» дейтінбіз. Өзің білесің, ол сол бабаның ұрпағы, яғни қожаның қызы. Сол апамның жанына ұйықтайтынмын. Әлгіндей жағдай күнде қайталанады. Апам білген дұға­сын оқып, далаға алып шығады, қайта жуындырып, жылы төсекке жатқызады. Баламын ғой, күндіз ойнап жүріп ұмытып кетем. Түнде қайтадан сол шошып ояну, сол түс. Есім кіресілі-шығасылы. Тек жылай берем. Осылай біраз уақыт өтті. Апам шыдамады білем, көрші ауылда тұратын туған әке-шешеме хабар салды. Ананың аты қашаннан ана емес пе, ертеңіне-ақ жетіп келген. Келе Қазалы, Арал аралатып, тамыр ұстайтын тәуіп, бақсы-балгер, әйтеуір көрсетпеген емшісі қалмады. Соңында Қазалыдан бір емші қария «ауылдарыңа жақын жерде жатқан атақты, әулие кісі бар. Яғни, өз аталарың. Баланы сонда түнетіңдер» деген көрінеді.

Шешем екеуміз кейін қайттық. Апам емшінің сөзін естіген соң бірден «Базар атам басына барамыз, дайындалыңдар» деді. Кешке керек-жарағымызды арқа­лап, жаяулап атаның басына тарттық. Ауылдан 10 шақырымдай жерде орна­ласқан Базарқожа басына күн батпай жеттік. Апам, әкем, шешем, сосын мен.

Хош, сонымен сол күні біз бабаға арнап салған түнеухана ішінде жаттық. Біразға дейін елегізіп жатқаныммен, ұйқы жеңді. Түс көріппін. Жалғыздан-жалғыз үй сыртындағы арықта шомы­лып жүрмін. Судан шыққым келмейді. Өңімде ол  каналға шомылмақ түгілі, жақындауға қорқатынмын. Ертеңіне апама түсімді айтып бердім. Ал әкем болса, түсінде бiреулермен алысып шығыпты. Бірде жеңген, бірде жеңілген. Апам бұған үндемеді, қабағын шытты да қойды. Бәрінен де шешемнің түсі әсерлі әрі қорқыныштылау болып шықты. Түс деуден гөрі тап бір өңінде болған сияқты.

– Түн жарымында оянып кеттім, – дейді шешем сонда. – Әрі қарай көзім ілінбеді. Әлдене түнеухананың сыртқы есігі жағынан тысыр еткендей болды. Аяқ дыбысы естіле ме? Тұрып қарасам. Шашы жалбыраған кішкентай қыз. Түн жарымында мынадай айдалада не қылған қыз бұл деп ойлағанымша болмады, маған жақындай түсті. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз секіріп келіп, екі иығымды баса мені құлатпақшы. Дереу күшімді жинап, құламауға тырысып, өзін кері итердім. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз ғайып болды. Апам бәрімізді тыңдап болды да, тағы да үндемеді. Қайтуға жиналдық. Ауылға келген соң, апам мені шешеме қосып, Қазалыдағы тәуіп шалға қайта жіберді. Бабаның басында болға­ны­мызды, көрген түсті түгелдей айтуды қада­ғалап тапсырды. Біз жолға қайта шықтық.

Шешем келе тәуіпке көрген түсімізді санамалап айтып шықты. Қабағы түксиген қара шалдың көзі қорқынышты еді. Тыңдап болған соң:

– Күйеуің іше ме? – деді. Шешем қи­пақ­тады. Әкемнің ішетінін мен де білетінмін. Шал жауап күтпестен сөзін жалғады. – Күйеуіңнің түсінде алысып жүргені, арақтың кесірі. Оларды жеңгені, демек келешек ащы суды біржола доғарып, дін жолына түседі. Ал баланың суға шомылғаны,  тазаланғаны, енді ұйқысы да тыныш болады. Дерттің бетін қайтарған Базарқожа бабаларыңның рухы. Бұл дертті жазудың кілті менде емес, сонда жатқанын білдім. Ал, саған көрінген әлгі  қыз жын болатын. Егер ол қыз ұмтылып сені құлатқанда балаң өмірбақи сол дертпен кетер еді. Алла қалап, бабаларың  қолдап, сен оны жеңдің, – деп әңгімесін аяқтады. Міне, содан бері көп жыл өтті. Аллаға шүкір, бабаның басына қонып, дертіме шипа тапқан осы бір оқиға есімнен кетпейді. Содан кейін шешем «Сауда атам» дейтін, былайғы жұрт Базарқожа атайтын аруақты кісі туралы үлкендерден шежірелі әңгімелер де есіттім, кітаптар да шықты.

Базарқожа баба ХVІІІ ғасырда өмір сүрген кісі. Қылыш бабаның Әззер деген ұлынан тарайтын оның шын аты – Ыбырайым екен. Жаугершілік заманда қазіргі Қызылорда қаласының маңын мекен еткен Әззер ахунның ауылын хиуалықтар шабады. Сол шабуылда 12 жасар Ыбырайым тұтқын болып кетеді. Көп ұзамай бала Қазалы өңіріндегі қаракесек руының атақты байы Шойдың қолына түсіп, ол баланы қой соңына салып қояды.

Бала Ыбырайым қой бағып жүрсе, байдың кішкене тәлпіш екі қызы баланың басынан жанып тұрған шырақты көрдік дейді. Екі қыз көргенін бәйбішеге айтып, шешелері баланың басындағы бөркін шешсе, басында айдары бар екен. Ерке қыздары үшін баланың жылағанына қарамастан, шешесі жарқыраған айдарын кесіп алғанға ұқсайды. Сол күні бала да жылай-жылай ұйықтап қалады. Бәйбіше сол күннен бастап қол-аяғы тартылып, жаны кетіп ауырады. Дәулеті тасып тұрған бай жан-жақтан емші-бақсыларды жинағанмен, ем қонбаса керек. Сол кезде үш жүзге пір болған, Тәуке ханның тұстасы Мүсірәлі қожаның баласы Қосым қожаға хабар жіберіледі. Аттанған хабаршы Қосымды әкеле жатса, алыстан қой бағып жүрген баланы көзі шалады. Баланың басынан шырақ жанып тұр. Қосым қасындағы серіктеріне бұрылып:

– Анау бала тегін емес. Басынан шырақ жарқырай ма? Сендерге көріне ме? – деп сұрапты. Серіктері басын шайқайды.

– Онда балаға бұрылайық.  Бала да аттылардың алдынан шығып сәлемдеседі. Қосым баланың астындағы тайдың ақсақ екенін байқап, әдейі сынамаққа, жарысуға қолқа салады. Баланың астындағы ақсақ ала тай сонда аруақтанып, ауылға қарай бірінші келген. Содан кейін бұлар жөн сұраса келе, бала әкесінің Әззер екенін, сүйегі Қылыш қожа екенінен хабардар болады. Бай бәй­бі­шесінің ауруының кілті осы балада жат­қанын түсінген Қосым қожа байдан қой соңынан босатып, өзіне бір бала етіп асырап алуды бұйырып, сол елге қожа етіп кетеді. Тегін адам тек жатпайды, әйтеуір оның бір қасиеті, наласы соғатынын бай да түсінсе керек, келісіпті дейді сонда көнекөз қариялар. Қосым қожа айтты дейді сонда, «Біз қожа деген халықтың пешенесіне елге иман мен дін хақын түсіндіру жазылған. Жан-жақта жүретініміз де сондықтан. Сен енді осы елге қожасың! Өзіңді иең базарлап жүріп қолға түсірген екен, сенің ендігі атың «Базарқожа» болсын» депті. Ыбырайым аты осылай ұмытылып, Базарқожа аталған. Сол заманда көріпкелдікті сынаудың бір тәсілі болса керек, Қосым атамыз аттанар алдында балаға байдың көп сиырының ішінен біреуін көрсетіп, «осы құнажын буаз ба, буаз болса, ішіндегі бұзау қандай?» десе, Базарқожа бабамыз «иә, буаз, ішінде меңсіз қара бұзауы бар, көп ұзамай  бұзаулайды» десе керек. Айтқаны айна-қатесіз келген.

Қосым қожа батасын берген Базар­қожаның емшілік, көріпкелдік қасиеті жөнінде кеңінен таралған әңгімелер көп-ақ. Көріпкел, әулие, тарыққанға, қиналғанға аян беретін киелі, аруақты адам болған. Дүние-мүлікке қызықпаған. Ел арасында үлкен сенімге ие болып, қарапайым күн кешкен. Дүниеден көшер алдында балаларын жиып, өзінің мәңгілік жатар жайын қарабайыр төрт құлақ етіп салуды бұйырған. Бірақ баба дүниеден қайтқан соң балалары бейітті күмбезден тұрғызған көрінеді. Бейіт қалай салынып бітті, солай таң ата көк қошқар ғайыптан пайда болып, үлкен мүйізімен сүзіп құлатып кететін көрінеді. Осы жағдай екі-үш рет қайталанады. Амал жоқ, балалары аруақты әкенің айтқанын істеп, басын төрт құлақ етіп тұрғызған. Құдіреттілігі сол, екі ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі құламай, қаз-қалпында тұр.

–  Өзім мына кереметке таңғалдым, – деп ағам сөзін жалғап. – 2004 жылы баба ұрпақтары басына үлкен ас беріп, биік ескерткіш-кесене тұрғызды. Үш мыңнан астам халықтың алдында бабаның бейнесі ақ жылан болып көрініп, қорымнан шықты. Базарқожа бабамыздың өз бейітінен шыққан жылан, кесененің басқышымен өрмелеп, басын тік көтерген бойы елмен сәлемдескен. «Аруақ! Аруақ!» деп шуласты халық. Ақ жылан сол бойы қайта төмен түсіп, қорымға қайта кірді. Сондағы ел көрген ғажайыптың тегін емесін білдік.

Иә, Базарқожа баба өзіне тәу етіп келген ұрпақтарын әлі де жамандықтан қорғап, аурудан жазылу жолдарын нұсқайды. Оған еш күмән болмасын.

 

Әулие түскен төбе 

Әулиетөбе. Аңыз бойынша, жеті әулие кеңес құрған жер. Бегім ана мұнарасына барар жолда қалың ақ шеңгел басқан сол биік әлі де бар. Қарабура әулиенің қызы Бегім ана туралы әфсананы екінің бірі біледі. Жазықсыз қан төккен қатыгез Санжар хан… Бейкүнә жазаланған сұлу­дың наласы… Жылан жұтқан Жанкент…

Халықтың айтуында, Бегім сұлудың Жанкенттен (Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының тұсы) құс болып ұшып, қонған жері о баста Ұзынтам деп аталған. Ол қазіргі Арал теңізіне жақын жер. Сол жерде қайтыс болған сұлудың денесін ел жиылып алып шығайын десе, қаптаған қалың құс бір адамды маңына жолатпаған. (Тіпті кейбір аңыздарда Бегім ана мұнарасын құстар тұрғызған деген де айтылады-авт.) Біз естіген әңгімеде жеті рудан жеті ақсақал шығып, сол жерге жазықсыз жапа шеккен аруды жерлеген. Ал әлгі жеті қария аттан түсіп, кеңес құрған жердің «Әулиетөбе» аталуының бірден-бір себебі де осы.

Құр төбеде қандай қасиет, қандай кие бар?! Шынымен де жанындағы Шаң­ды­көлден ба­лығын аулайтын жергілікті жұрт­қа да, қара жерге дән сеп­кен диқаншы ағайынға да біз атап кеткен киелі жердің берері көп. Әйтеуір, жер қасиетін түсінетін жұрт сол жерден мол өнім алатын. Мәселе онда емес. Бірақ, кеңес заманы кезінде қасиет қонған жерге, қасындағы Шаңдыкөлдің та­ба­нына күріш егілген. Бұл 70-ші жылдардың нақ ортасы болуы керек. Ел аузындағы әңгімелер бойынша мол күрішті жинап алуға техникадан бөлек, адам күші де көп тартылған. Олардың қатарында жоғары сынып оқушылары да бар екен. Жақын маңда орналасқан түрлі ауыл мектептерінен келген оқушылар арасынан бір топ қыз әлгі тұтастай ақ шеңгел шыққан төбенің қалқасына барып түзге шыққанға ұқсайды. Арада көп өтпей-ақ, аузынан ақ көбік атып, аласұрып жынданған әлгі топ қызға елдің шамасы кел­мей, тіпті қарулы деген жігіт­тердің өзіне ие бермеген соң, аудан орталығынан дәрігер ша­қыртып, кеш батқанша қалаға аттандырған. Дінге сенбейтін, атеистік көзқарас қалыптасқан заманда бұл тылсым жағдай құпия қалды­рылып, ел арасына тарап кетпеу жағы да қатты қадағаланған. Бұдан әрі қарай сол қыздардың жай-күйін де ешкім білмейді. Құпиясын іш­ке бүккен төбеде әлдебір қа­сиет барын маңайдағы жұрт со­дан кейін мойындады. Ақ шең­гелдің де кез келген жерге шықпайтынын білетін қаймана қазақ құпия бүккен төбеден әлі қорқақтайды.

 

 

Түйін. Бала күнгі, одан берірек уақытта ел қариялары мен түйгені көп азаматтардан естіген ел мен жердің киесі жайлы әңгіменің бірсыпырасы осы ғана. Өз түсінгенім, киені ұмытуға болмайды, онда бәрінен айырылғаның. Киесіз жыл­дарға килігіп, рух әл­сі­реу­мен бүгінгі күнге ілік­ке­німіз тағы бар. Қасиеті мол қа­зынаны ақтарар кез жетті. Же­тіспегенін хатқа түсіру – бізге міндет. Жетесіне түю кейін­гіде. 

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<