Кәсібіне адал жан

565

0

Кәсібіне адал жан Мейірбикелік ісі ең бір көзге елене бермейтін, бірақ, өте тынымсыз әрі асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін кәсіп екенін баршамыз білеміз. Кез-келген емдеу мекемесінде алдымен келушілерді күтіп алатын да осы мейірбике. Екпе салдырсак та мейірбикеге жүгінетініміз тағы бар. Сондайда зыр жүгіріп, келген адамның қас-қабағына қарап, жылы сөзімен де тиянақты ісімен де жаныңа жылу сыйлайтын мейірбикелер көпшіліктің ризашылығына бөленіп, батасын алып жүреді.

№3 қалалық емхананың күндізгі емдеу бөлімінің мейірбикесі Жаңагүл Әбілтаева өзінің қызметіне деген адалдығымен, алдына келген науқастарға деген жанашырлығымен, ұқыптылығымен көпшіліктің көңілінен шығып, алғыс арқалап жүрген маманның бірі.

Емхананың күндізгі емдеу бөлімінен қашан да адам арылмайды. Еңкейген қариядан, жасқа дейін қызмет алады. Солардың бәріне тынбай қызмет жасап жүрген Жаңагүл жұмысының ауқымдылығына, қиындығына қарамай үнемі күлімдеп жүреді. Сондықтан болар, келген кісінің оған риза болмай кеткені жоқ.

Жаңагүл Кеңеқызы 1977 жылы 20 желтоқсанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде туған. Сондағы №17 мектептің 9 сыныбын бітірген соң 1992 жылы Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түседі. Оны 1995 жылы «Сестралық іс» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын №1 қалалық емханада мейірбике болып бастайды. Сол емханада аймақтық аяжан болып қызмет атқарады. 2012 жылы №3 емханаға қызмет ауыстырады. Сонан бері осы емханада аймақтық аяжан, бері келе күндізгі емдеу бөлімінің мейірбикесі болып абыройлы еңбек етуде. Жоғары санатты маман жинаған тәжірибесі мен білімін үнемі қызмет барысында пайдаланып келеді. Жаңагүлдің бойындағы еңбексүйгіштігі, кәсібіне деген адалдығы оны ұжымдастары арасында әрдайым құрметке бөлеуде.

Жаңагүл сыйлы маман ғана емес, ол сонымен бірге отбасында адал жар, қос ұл тәрбиелеп отырған ардақты ана және әулетінің үлгілі келіні.

Айнұр БАТТАЛОВА, «Сыр бойы».  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<