Ұмытылмайтын сапар

807

0

Халық ақыны, айтыс ақтаңгері Манап Көкеновтің туғанына 90 жыл толды. Осы уақытқа дейін Мәкеңнің өмір жолы, ақындығы, жеткен жетістіктері туралы республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда көптеген мақала, бірнеше кітап жарық көрді. Ақын мерейтойына орай мен  осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған,  «Клуб и художественная самодеятельность» журналында  жазылған мақала туралы  баяндауды жөн көрдім.

1982 жылдың қыркүйек айы болатын. Облысымызда күріш орағының қызған кезі. Мен облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Түстен кейін есеп бөлімінің қызметкері мені Мәскеуден телефонға шақырып жат­қанын хабарлады. Телефон құла­ғын таңдана көтергенім сол еді, ар жағынан сыпайы үн қатқан әйел даусы естілді. Өзін Мәскеуден шығатын «Клуб и художественная самодеятельность» журналының қызметкері Лариса Ширкомын деп таныстырған ол жақын арада бізге, шопандарға мәдени қызмет көрсету жайлы мақала жазу үшін келетінін айтты. Сапардың билеті де дайын екен, түнде жолға шығатын көрінеді. 

Басқарма бастығы Ж.Үмбетов об­­­лыстық партия комитетіне жи­налысқа кеткен. Келгесін болған жағ­дайды баяндадым. Ақыл­даса келе, Шиеліден автоклуб мең­ге­рушісі Әл­мырза Ноғайбаев және  Жаңа­қор­ған­нан «Қызыл отау» мең­ге­ру­шісі Манап Көкеновтің малшыларға қызмет көр­сету іс-тәжірибесімен таныстыруды жөн көрдік.

Өзім бір аптадан кейін Мәскеуге бір айлық білім жетілдіру курсына бар­уым керек болатын. 23 қыркүйекте Л.Ширконы күтіп алып, алдымен Шиеліге тарттық.  Әлмырза Ноғайбаев  мәдени қызмет көрсететін «Еңбекші» ауылының шопандарын аралаттық. Келесі күні Манап ағамыздың ауылына барып, «Қызыл отауымен» танысты. Жаңақорған ауданының атақты шопаны Ш.Салмырзаеваның үйінде  болып, әңгімелесіп, мейманымыз біраз мәлімет жинады. Одан әрі қонағымызды  тарихи Сауран қаласының орнымен, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен таныстырдық.

Апталық сапар лезде аяқталып, мен Л.Ширкомен  Мәскеуге бірге ұшып барып, оқуыма кірістім. Арасында жексенбі күндері журналистің үйіне соғып, жазып жатқан мақалаларын бірге талқыладық. М.Көкенов туралы  «Манап – акын и культпросветчик» атты мақала 1983 жылдың сәуір айында жарық көрді.  Ал Ә.Ноғайбаев жайлы  мақала кейінгі нөмірлерінде шықты.

Л.Ширко Мәкеңмен бірінші кездес­кен сәтін «Көп адамның түсінігінде ақын – үлкен жастағы  құрметті ақсақал, тіпті мен де Қазақстанның халық ақыны, республикаға еңбегі сіңген қызметкер, «Қызыл отау» меңгерушісі Манап Көкеновті солай елестеттім (ол кезде Мәкең 55 жаста еді). Алайда алдымнан нығыз денелі, қасы мен кірпігі аппақ адам шыға келгенде мен Қызылорда облысында емес, Орлов өлкесінде жүргендей сезіндім. Манап Көкенов менің ойымды сезіп:  «Қазақтың орнына орысты көріп таң қалдыңыз ба?» – деп жымиды. Қасым­дағылар күліп жіберді, сонымен таныстық әрі қарай жеңіл болды» деп баяндапты.

Мақалада Мәкеңнің «Қызыл отау» меңгерушісі ретінде 23 кол­хоз­дың  он­даған, тіпті жүздеген шақырым қа­шық­тықта орналасқан шо­пандарына мәдени қызмет көр­сетудегі ал­­­ғашқы қадамдары жайлы баяндалыпты. Шопандарды қысы-жазы аралау, кітап, газет-журнал­дарын жет­кізу, кино, концерт қою, мәдени-үгіт бри­га­да­ла­рының қойы­лы­мын ұйым­дас­тыру жайы бір бөлек жазылған.

Мақалада айтыс өнері туралы кеңінен мағлұмат беріліп, әрі қарай Мәкеңнің айтыскерлігі айрықша көр­сетілген. Оның көптеген аудан­дық, облыстық, республикалық ай­тыс­тар­дың жеңімпазы екені айтылады.

Сонымен қатар Мәкеңнің халық фольклорын зерттеушілігі, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің кітап­ха­на­сына ел арасынан көне 14 кітапты жинап өткізгенін, ақын Құлан Алда­бер­генұлының шығармаларын жинақ­тап, Қазақ ССР Ғылым академиясына тапсырғаны жайлы баяндалады.

Манаптың аудандық газеттің штат­тан тыс тілшісі ретіндегі қызметі, оның аудандық, облыстық басылымдардағы өлеңдері, айтыстары, өзі қызмет ететін шаруашылықтардағы шопандар туралы мақалалары, олардың мұқ­таж­дықтары туралы сықақ өлең­дері де қамтылыпты.

Ол өзі қызмет көрсететін шар­уа­­­­­­шылықтардың және он­дағы шо­пан­дардың жеке-жеке көр­сет­кіштерін жатқа білетін. Жа­ңа­­қорған ауда­нындағы екінші «Қы­зыл отаудың» мең­герушісі Есіркеп Қоңқабаев аға­мызбен бірге кезекті іс-сапардан келісімен ау­дандық кітапханадағы  газет-журналдармен танысып, шо­пан­дардың сұра­­нысына байланыс­ты келесі са­парға қажетті әдеби кітаптарды жи­нақ­­­тайтын, кос­тю­мінің қалтасында «Социалистік Қазақстан», «Правда», «Известия», «Ленин жолы» газеттері жүретін.

Манап ағамыз өзінің кіші­пейіл­ділігімен халық арасында құр­метке бөленген адам еді. Соның айғағы  ретінде  мына жағдайды  да айта кетсем деймін. Тілшімізді Түркістан қаласына апарып, қайтып келе жатқан кезде жолда милиция қыз­мет­керлері екі ба­ғытта келе жатқан барлық көліктерді тоқ­татып, әр адамға 5 келіден мақта жинауды міндеттеп жатыр екен. Оның бейнетінен хабары жоқ мәскеулік қона­ғы­мыз қызық көріп «Теріп көрейік» – деді. Жүргізушіміз милицио­нерге барып, Манап ағаның мәскеулік қонақпен келе жатқанын айтып еді, сақшы Мәкеңе келіп сәлем беріп, кеші­рім сұрап,  бізді жіберді.

Мәкеңнің айтыскер ақындығы мен  мәдени қызметі жайлы айтылар сөз өте көп. Алда «Бір өзі – бір театр атанған» ағамызбен бірге қызметтес болғандар әлі де жазар деген ойдамын.

 

Айша МЕҢБАЕВА,

мәдениет саласының ардагері.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<