Нейрохирург

677

0

Рәміздер күніне орай Қазалы ауданаралық ауруханасының нейрохирург дәрігері Кенесары Баспаев облыс әкімінің «Алғысымен» марапатталды. Ол нейрохирургиялық, травматологиялық оталарды сәтті жасап, көптің алғысына бөленіп, ұжымдастары арасында абырой биігінен көрініп жүген жас маман. Ол бірнеше рет жол көлік апатынан «мидың қарбызша жарылуы» диагнозы қойылған ауыр науқастарға ота жасап, оларды ажал аузынан алып қалған.
Қазалы ауданының тумасы Кенесары Айтуғанұлы  2006 жылы орта мектепті бітірген соң «дәрігер болсам» деген асқақ арман жетегінде Астана медициналық институтына түсіп, оны 2012 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын кіндік қаны тамған жеріндегі апаттар медицинасы Қазалы теміржол ауруханасында бастайды. 2018 жылдан бастап аудандық ауруханада дәрігер болып қызмет атқаруда.
Медицина күн сайын жаңарып, жылдам дамып келеді. Осыған орай мамандар да үнемі ізденіс үстінде жүріп, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жаңалыққа ілесіп отыруы тиіс. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» дейтін нақылды үнемі естен шығармайтын Кенесары да ізденуден, білім алудан шаршамайды. Сәті түссе білімін жетілдіру курстарынан өтіп, біліктілігін арттырып жүреді. Мәселен, ол 2014 жылы Алматы қаласында «Ересектер мен балалар хирургиясы» циклы бойынша қайта даярлау курсынан өтсе, 2015 жылы облыс орталығында «Шұғыл жағдайлардағы нейрохирургия» циклы бойынша және сол жылы Астана қаласында «Гипербарическая оксигенция» , «Травматология» тақырыптарында қайта даярлау курсын аяқтаған.
Дәрігерліктің қай саласы болса да оңай емес. Соның ішінде нейрохирургия, яғни, бас, мидың түрлі ауруларын емдеу, ота жасау екінің бірі тәуекел етіп, бара бермейтін күрделі де аса жауапты сала. Ал осы қиындығы мен жауапкершілігі ауыр саланы меңгерген Кенесары аймақтың денсаулық сақтау саласында болашағынан зор үміт күттіріп жүрген жас маман. Ол сонымен бірге отбасында екі перзентінің ардақты әкесі, жарының асыл азаматы. Өзінің кішіпейіл, қарапайым қалпымен ұжымдастары арасында сыйлы жан. Талай жанды ажал тырнағынан арашалап, қайта өмір сыйлаған абзал жанға жұрт ықыласы да ерекше.
Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<