Нұрым ишан

877

0

 Жаңақұрылыс жақтағы Пұсырман ауылында 1881 жылы өмірге келген Бекмырза баласы Нұрымның руы Кішкененің Дәулетиярынан тарайтын Есімбегі болып келеді. Көзкөрген жандардың айтуына қарағанда жауырынды келген орта бойлы, қалың қара сақалды, кішіпейіл кісі болған. 1891 жылы Бөгендегі Тәжімбет ишанның мешітінде оқып, мұсылмандық білім сатысының алғашқы деңгейінде, 1894 жылы Сырдария өзенінің  Әлсейіт  өткеліне  таяу  жердегі  Жиенбай  ишанның  мешітінен  дәріс алған. Жалпы Сырдың төменгі ағысындағы ел арасында алғаш мешіт ашқан  қазалылық Рамберді және Жиенбай  ишандар деген дерек  бар. Соған сәйкес аталған ишандардың білім  деңгейінің жоғары  екені,  ел-халықтың оларға деген айрықша ықылас-құрметі туралы  жағымды пікірлер  қалыптасқан. Бала Нұрымның осындай рухани орталыққа тап болуының өзінде айрықша  бір заңдылық, ерекшелік жатқанын пайымдауға болады. Осының  негізінде 1898 жылы Орта Азияның аса беделді жоғары оқу орны – Бұқарадағы Көкілташ медресесіне қабылданды. Медресені 1905 жылы  үздіктер қатарында бітірген Нұрым арнайы шатырхат негізінде  ишандық атақ алып аяқтап шықты. Сонымен қатар Хорезм қазіретіне қол  тапсырып, арнайы білім сынақтарынан өткеннен кейін, қажылық парызын өтеу  мақсатында Меккеге баруға рұқсат  алып елге  оралды. Ел ішінде  ишанның бұл сапарына бір кездері Жанқожа батырдың сарбаздарына басшылық жасаған Әйімбеттің балалары Құтмамбет пен Құлымбет  қаржылай  қолдап,  көмек  жасаған.

Назар аударатын басты мәселе Нұрым мұсылмандық білім жолына 14 жыл өмірін арнаған. Осыншама  жыл ішінде білім  алу  оның  жан-жақты болып қалыптасуларына айрықша ықпал жасағанын  мойындауымыз  қажет. Мұндай  деңгейде білім  алуға екінің  бірінің  төзімі  мен қабілет -қарымы жете бермесі де  анық жағдай. Медресе қабырғасында жерлесіміз  Тұрмағанбет Ізтілеуовпен кездесіп, осы  арқылы  тәжіктің  ұлы ақыны  Садридин  Айни тәрізді  белгілі тұлғамен танысады. Ой-пікірлерінің  үйлесулері, ақыл-ой деңгейлерінің теңдестігі, олар­дың белгілі бір мақсат жолында  бірлесуіне  негіз  қалады. Атап  айтар болсақ, сол кездің өзінде екі бірдей білімпаз жанның бастамасымен медресе шәкірттері (студенттер) арасындағы әдебиет үйірмесіне қатысады. Осындай ғажайып тұлғаларымыз туралы  мәліметтер өте жұтаң, тапшы. Егер сол дәуірдегі құймақұлақ, зерек, есті  аталардан осындай асылдарға  қатысты дерек көздерін толығырақ қамтып қалғанымызда, ғұла­малардың  адамдық  бейне-болмысы  саф  алтындай жарқырай түсері сөзсіз еді. Амал не, бардың өзіне қанағат жасауға тура  келеді.                                      

Нұрымның бойындағы ерекше  қабі­лет, киелі қасиет, мұсылмандық  білім, кісілік деңгейіне әкесі Бек­мыр­заның  үлкен  әсері  болған. Оған  дәлел, ел ішінде Бекмырза үлкен беделге ие  жан екен. Себебі, қалың бұқара оның  айрықша білімді жан екеніне сеніп, әулие тұтқан. Қара  басы  хан  ұлына  тең­герілетін  дәрежеде  сыйлы  болды.

Бір жылдары ел мен жерді қуаң­шылық  жайлап, малдың  жайымен сулы қоныс іздеп көшулеріне тура келді. Екі-үш күн  жүргенімен жердің реңі өзгермеді. Төбеден күйдірген күннің ыстығынан көшкен  халықпен  қоса мал  да  азан-қазан  күйге  түсті. Ең  шыдамды түйелердің өзі боздағанында, адамдардың төбе құйқасы шымырлай  түсіп, көш басы саналатын Салмырза  ақсақал  Бекмырзаға  қарап  өтінішпен  тіл қатты: «Бекмырза қарағым, хал­қыңның  жағдайы  қиынға  айналды, малдың  түрі  мынау. Сенің  мұсылманша  ілім-білімің  бар ғой, мүмкіндігін  тауып  дұға  оқымасаң,  халіміз  мүшкіл. Ендігі  үмітіміз  өзіңде ғана» деген базынасына, «бәрі  бір  Алланың  құзырында, мен  көпшіліктің  уәжіне  байланысты  ғана  тілек  тілей  аламын»  деп  жауап  қайтарды. Осыдан  кейін  «Салмырза  аға, мал  мен  жанды  сонау  тақырға  жинаңыз» деп ыңғай білдірді. Ал өзі құбыла бетке  қарай жүзін бұра тізерлей отырып, дұғаларын сарната жөнелді. Мына құдіретке қараңыз, аспанда бір шөкім бұлт пайда болды. Іле-шала  нөсерлетіп жаңбыр жауды. Нөсердің  күшті болғандығы соншалықты тақыр  суға толып, мал мен жанның мейірі  қанып, тыныс  тапты. Адам  таңғаларлық оқиға Бекмырзаның  әйелі  Ақтамақ анамыз арқылы немересі  Жарболға мәлім  болды. Әке  айтқан  киелі  тарих  балалары  Сәбит  пен  Сүндетке  жетті.

Осыдан кейін Бекмырза ата туралы ойлануға тура келді. Ол кісінің білім деңгейі қандай, қандай оқу  орынын бітірді? Себебі, жоғарыдағы  іс-әрекеттері қарапайым дін қызмет­керлерінің қолынан келетін шаруа  емес. Дәулетияр  аталығынан  тарайтын  Қожағұлдан  Пұсырман, Лабақ, Бектемір және Тұрманқұл  туады. Төрт  ағайынды  жігіттердің  үлкені  Пұсырман  өсе  келе  еліне  елеулі  би атанса, Лабақ Қыдырды үш  рет  көрген  киелі  жанға  айналыпты. Тұрманқұлдың кіндігінен  Бекмырза  тараған. Ағалары  Пұсырман  би  ел  ішіндегі  беделі мен  үлкен  дәулетінің  күшін  пайдаланып, Бұқарадағы Көкілташ медресесінен  ғұлама молда алдырып, інілері Тұрманқұл  мен  Бектемірді  оқуға  берді. Қанша  жыл  оқығаны  белгісіз, арнайы  білім  сатыларын  меңгергеннен  кейін  сынақ  тапсыруына  тура  келді. Бектемір  барлық  сынақтардан мүдірмей  өткенде,  ағасы  Пұсырман  «сен  діннің  екі  жағын  бірдей  меңгерген  екенсің» деп  бағалапты. Өз кезегінде Тұрманқұл  ілімінің күшін көрсетті. Құдірет күшінің кереметті көзімен көрген  Пұсырман «осы  сен  мұсылманша бала  оқытатын  ұстаз  боларсың» деп  батасын  берген көрінеді. Осыдан кейін ғана Көкілташ секілді  атақты  білім ордасының өкілі ғұлама  молда «мен  інілеріңе бойымдағы барымды, бар білген білімімді беріп  болдым»  деп  ризалықпен  еңсесін тіктепті. Сол дәуірден бізге дейін жеткен осынау  мәлімет, ауызекі  деректерге  қарап  Бекмырзаның  бойындағы  білім  негіздерінің  әкесі  Тұрманқұлдан  тарағандығына көз жеткіздік. Сонымен  қатар, Қожағұлдан  өрбіген  әулет мүшелерінің бәріне де кие қонып, Қыдыр  дарығандығына, бақ құсының төбелерінде айналып жүргеніне  куә  болдық.    

Жерлестері 1910 жылы Пұсырман ауы­лынан мешіт  тұрғызып  берді. Ишан  осы  мешіт  үйінде  талай  жас  буынның  көкірек көзін ашып, жүректерінде иман­дылық шуағын маздатып өмірге даярлады. Оның тәрбиесінің шапағатын көп­теген шәкірттері көрді. Солардың ішін­де көрнектілері – Аққоян сопы, Қайыпназар, Саймұрат, Бақидың Бақ­бер­гені, Матайдың  Алдашы  және Аққоян­ның Бөгенбайы. Мешіт үйінде Баймұрат інісі шырақшы болып  қызмет  жасады.

Бірақ,  өкінішке  қарай, 1930 жыл­дың қуғын-сүргінінде ишанды да  Қызылорданың түрмесіне апарып  қа­мады. 1932 жылы  үлкен  әйелі  Рысқал  жеті жасар  ұлы Жарболды ертіп апарып дидарласады. Көп ұзамай  Қызылордадан  Сібірге  айдалып бара  жатыр  деген  хабар  тарады. Нұрым  ишан туралы  Сырдың  төменгі сағасындағы  ағайынға  жеткен  соңғы  хабар осы  болды. Бұл  сапардан ишан атамыз  оралмады. Қайда  кетті, алтын  басы қайда  қалды?  Бұл  сауалдарға  бүгінгі  күндері  жауап  беретін  адам  жоқ.

Нұрым  ишан  ұсталып  қамауға  алынарынан  бір  күн  бұрын, барлық  діни кітаптарын сандыққа салып, оның сыртынан  су  өтпейтіндей қалың  киізбен  орап, жасырын түрде мешітінің  маңайына көмген екен. Ертеңіне  бір  малын  сойып құдайы садақасын  береді. Ишанның  бұл  әрекетіне  таң  қалған  ағайындарына дастархан  басына  жайғасқаннан  кейін, бұның  бәрі  жол  жүрудің  қамы  екенін, өзін  алып  кетуге  арнайы  адамдардың  келетініне  дейін қолмен қойғандай баяндап берді. Жаратушыға  деген  шексіз  сенім, сол  ғұламаларды  хақ  жолынан  тайдырмады. Келген  нәубетті  де, Алла тағаланың  ақ  бұйрығы  ретінде қабылдаған. Болмаса, соншама  құдірет  күшіне  ие  болған  киелі  де аруақты  жан  алдын ала  шара  қолданып  бой  тасалануына  болатын  ба  еді  деп  ойлаймыз. Бірақ, олардың  бұлай  жасауына алған  білімі, өмірлік көзқарасы, дүниетанымы мүмкіндік  бермейтін  еді. Осы  орайда аманөткелдік  Рамберді  ишанның  «бір  саусағың  екеу болғанша  дұғаның күшін  өзіңе  қолдануға  болмайды»  деген сөзі  ойымызға еріксіз  түрде оралады. Неге  бұлай? Өмірдің  неше  түрлі  сынақтарына  тап  болып  қиналған  жандардың  тілектері  ескеріліп, адам  сенгісіз  мүмкіндіктер жасалынады, ал  өздеріне  болмайды. Бұл  да  –  қасиетті дін Ислам ілімдерінің  тылсымға  толы  тағы да бір  ой  саларлық  құдіреті.

Нұрымның үлкен әйелі Рысқал он  бір құрсақ көтергенімен, балалары  тұрмаған. Осыдан кейін Рысқал анамыз отағасы Нұрымға «сен әулие  адамсың, ұрпақсыз өтуге тиісті емессің, менің кеуіліме қарамай үйленуің керек» деген талабын алға тартты. Ер азаматының тегінің жойылып кетпеуіне, киелі әулеттің ұрпақ жалғастығына деген осыншама құрмет пен сенім тек қана қазақ әйелдерінің қанында бар. Қазалы уезіне танымал, белгілі  Бекетай бидің інісі Бекше сопының  қызы  Зияшқа құда  түсіп, төсек жаңғыртуына  өзі тікелей себепші болды. Жоғарыда аты аталған  Жарбол – 1925 жылы осы әйелі Зияштан көрген жалғыз мұрагері. Жарболдың әке  алдындағы  орындалған  парызы, міндеті –  ишан  мешітінің  орнын  қоршап, мәрмәр  тақтаға  Бекмырза  баласы  Нұрым  деп  жаздыруы. Аталған  жұмыстар 1993-1994 жылдары  атқарылды. Жарбол бұл жұмыстарды ағайын-туысқандарының  қолдауымен жүзеге асырды. Ғұлама жанның немерелері  Сәбит пен Сүндет Ақтөбе  қаласында тұрады. Ишан атамыз туралы, ол кісінің өмір жолдарын іздестіру кезінде Сәбит қолынан келгенше ықылас-пейілін аямады. Ал, Жаңақұрылыс елді мекенінде тұратын Төлеуова Набат апамыздың аруақты аталары үшін мені арнайы іздеп келгені – ел тарихына, ұрпақтар тәрбиесіне деген үлкен құрмет деп бағалауға тұратын рухани ерлік. Елжандылық, отансүйгіштік мәселесі сөз болғанда біздің кейбір замандастарымыз мысалды алыстан іздеп әуре-сарсаңға түсіп, әлек болатындары бар. Қарапайым қазақ әйелінің, бір әулеттің отанасының  имандылық  мұраттары үшін осыншама еңбектенуі киелі тарихымыз үшін үлгі, өнеге  деп қорытынды жасаймыз.

  

                        Т.ДӘРМЕНОВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<