Отандық өнімнің озық тұрғаны игі

287

0

Базардағы күнделікті тұтынатын қарапайым заттардың көбі сырттан тасымалданады. Тіпті, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 17-сі өзге өңірлерден  және шет елдерден келетіні белгілі. Облыста шағын кәсіпкерлікті өркендетуге не кедергі? Отандық өнімді қолдауға қаншалықты көңіл бөлінуде? Неге жергілікті кәсіпкерлер өндірген тауарын нарыққа шығара алмай әлек? Әлде аяққа енді тұрып, шаруасын жүргізгендерге  қолдау жетіспей ме?

Бұған дейін «Арай» шұжық цехы жайында жазған болатынбыз. Өнім сапасында мін жоқ. Таза  әрі сенімді, маман бар. Құрал-жабдығы түгел. Бірақ нарыққа шыға алмай отыр. Цех иесі жергілікті өнімге қолдау білдіріп, сауда орындарында арнайы бұрыш ашылса деген ниетін жеткізген. Әлеуметтік дүкендерге төмен бағада өткізіп, тапсырыс аясын кеңейтуді ойлайды. Алғаш болып облыста жоқ өндірісті қолға алған Асылхан Шәуменовтің де ойы осыған ұқсас. Ол кір сабын шығарумен айналысады. Шаруасын бастағанына 2 жылға жуықтады.

– Әу баста тіршілігім қайнаған базар ортасында басталды. Дүкендерге тауар жеткізумен айналыстық. Байқағаным, кір сабынға сұраныс бар. Кейде тапшы болып қалады. Негізінен сабын өзге өңірлер мен Ресейден келеді. Содан ой пайда болды. Неге өзімізде кір сабын өндіруді қолға алмасқа?  Зерттедім, із­дендім. Ақыры істі қолға алуға бекіндім, – дейді ол.

Алдымен өңірлік инвестициялар ор­талығынан 14 млн теңге несиені 6 про­центпен алды. Қаржысына ғимарат тұрғызды. Инфрақұрылым жүйесін рет­ке келтірді. Дайын цехқа қажетті құрал- жабдығын алдырып, ісін бастады. Жаңа станоктар мен қазандықтар жұмысын жеңілдете түсті. Цехта 3 адам жұмыс істейді.

– Шаруа бастау да оңай емес. Ғи­маратын, құрал-сайманын түгенде­ген­нен кейін өнім шыға бастайды. Ал, оны өткізу мен халыққа жеткізу де үлкен күшті талап етеді. Алдымен сапасы жақ­­сы болуы тиіс. Себебі,  көпшілік кез келген тауардың сапасына мән бе­реді. Екіншіден, сұранысты арттыру керек. Бастысы – тұтынушының талғамы. Жергілікті тауар өндірушілерге бас­тап­қы кезде өнімін өткізуге  қолдау көрсетіліп, жауапты  сала мамандары көмек берсе екен, – дейді кәсіпкер.

Расында, оның сөзінің жаны бар. Іске икемділер шаруасын бастап-ақ жатыр. Бірақ әрі қарай дамытып, ұршықша иіріп әкететіндері санаулы. Содан болар көп кәсіптің тоқтап қалатыны.

А.Шәуменов шығарған кір сабынға шикізат Алматы, Шымкент, Тараз  қала­ларынан  келеді.  Құрамына қосы­ла­тын күнбағыс майы да сапалы. Жұ­мыс процесі әжептәуір қиын. Майды бө­лек қайнатып алады. Бір ыдыстан екін­ші ыдысқа ауыстырып, әбден ара­ластырады. Қоспалары қосылып, ста­нок­тарға жіберіледі. Өнім біршама уақыт сақталады. Атауы – «Жанарай». Про­центі – 72. Салмағы – 200 грамм. Цех­та айына 5-6 тонна сабын өнді­ріледі.

– Сабын әдепкі дайын болған кезде салмағы 250 грамға жетеді. Кепкен са­йын салмақ жоғалтып, 200 грамға дейін түседі. Көбіне базарларға өткіземіз. Бағасы да тиімді. 60 теңгеден саудалап жатырмыз. Жаз мезгілінде ауыл-аймақтан алатындар көбейіп, біршама табыс тапқан едік. Қазір тапсырыс бұрынғыдай емес. Тіпті, екі-үш ай болды  сұраныс азайып кеткен еді. Карантин де кедергі келтірді. Енді қайта тапсырыс түсіп жатыр, – дейді ол.

Кәсіпкердің қоймасында қажетті шикізаттың бәрі бар. Өзге қаладан тасымалдайтын болған соң  әрі арзандау түсетіндіктен  алдын ала әкеліп қойған. Дегенде, тапқан пайдасы несиесін тө­леуден артылмай келеді. Сондықтан өнімге сұраныстың артуы, нарыққа жан-жақты шығуы өте маңызды болып тұр.

–  Мәселен, бізде кәсіпкер өнім өн­діру үшін цех ашады. Құрал-жабдығын түгендейді. Қасына жұмысшы қосады. Маман жоқ болса, шақыртады. Шикізат, тіпті, өнім туралы жапсырма қағаздың өзі сырттан тасымалданады. Айналып келгенде, кәсіптің еңсе көтеріп кетуіне осының бәрі қолбайлау, – дейді ол.

Асылхан секілді қаншама кәсіпкер бар. Шындығында, қолдау қажет, кә­сіпкерлікті дамытудың үйлесімді жолы қажет. «Отандық өнімді қолдау керек, жергілікті өнімге мән берілсін» деген бастамалар құр сөзге айналмауы тиіс. Әр сөз іспен дәлелденсе, құба-құп болар еді. Сауда сөрелерінде отандық, оның ішінде жергілікті өнімдердің сам­сап тұрғаны қандай жақсы? Қаржы ішкі нарықта айналады, сапалы өнімді халық тұтынады, жұмыссыздық азая­ды. Бір ғана жергілікті өнімді сатып алу  арқылы қаншама мәселенің түйіні ше­шілер еді.

Біз әңгімеге тартқан жергілікті кә­сіпкерлердің бірқатары мемлекеттік қолдаудан қағылып келе жатқанын жасырған жоқ. Құжаттың әлегі, онан қалса, ысырма сөз талайдың тауын ша­ғып отырғаны да жалған емес. Енді бір кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың тиімсіз екенін айтып, өз бетінше қам жасап жүр. 

Байқасаңыз, өнім бар, сапа бар, бірақ сауда жоқ. Жергілікті өнімдер сау­да сөрелерінде самсап тұрмайды. Ке­дергі неде?

Алдымен облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына хабарластық.  Басқарманың мәліметінше, өңірдегі тауарөндіруші кәсіпкерлердің басым бөлігі азық-түлік, тігін, пластмасса, ре­зеңке, ағаш материалдарынан өнім­дер шығарады екен. Импорттық  тәуел­ді­лікті төмендету және ішкі нарықты отан­дық өнімдермен қамтамасыз ету, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақ­са­тында  «Қарапайым заттар эко­­но­ми­­касы» бағдарламасы іске қо­сыл­­ды. Бағдарлама бастау алғалы отан­дық агро­өнеркәсіп, азық-түлік, же­ңіл өнер­­кәсіп, жиһаз бен үй тауарлары  өн­дірісі салаларында облыс бойынша 109 жобаға 8,7 млрд теңге жеңіл­детілген несие рәсімделген.  Со­нымен қатар жеке кәсіпкерлікті қол­дауға бағытталған «Бизнестің жол кар­тасы-2025» бағдарламасы аясында қаржылай демеу алған  жобаның басым бөлігі тауарөндірушілерге тиесілі.

Өткен жылы бағдарлама арқылы 9 млрд теңге қолдау алған 239 жобаның 180-і  – тауар өндіруші кәсіпкер. Мем­ле­кеттік бағдарлама аясында олар­дың өнімдеріне жаңа сұраныс көзде­рін ашу және маркетингтік демеу көр­сетілуде. Облыстағы ірі сауда орта­лық­тарымен келіссөздер жүргізіліп, жер­гілікті өнім­­дер сауда сөрелеріне орна­лас­тырыл­ған.

Облыста экономиканың түрлі саласында, оның ішінде жергілікті кә­сіп­керлердің жобаларына қолдау көр­­сету үшін «2023 жылға дейін эконо­микалық дамыту жоспары» қабылданды.  Енді тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдар өндірісі бағытын дамыту көз­делуде. Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюд­жеттен 6 млрд теңге бөлінген. Жыл көлемінде бұл қаражат қосымша тағы ұлғайтылмақ.

Ал, облыстық кәсіпкерлік палата­сы­ның қаржылай емес қолдау бөлі­мінің басшысы Гауһар Елеусінова пан­де­мияның әсеріне қарамастан, шағын және орта кәсіпкерлік саласында оң өзге­рістер барын жеткізді. Биылғы 1 қаңтарға дейін өңірде  48 657 кәсіп­керлік нысан жұмыс істеп тұр. Өсім 5,1 процентті құрайды. Өткен жылдың  9 айында шағын және орта кәсіпкерлікте 252,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Жергілікті өнімді қолдау мақсатында елімізде түрлі шаралар қабылдануда.  Мәселен, өнім өндірушілерді жеңілде­тілген қаржыландыру, инфраструктурамен қамтамасыз ету, мемлекеттік және өзге де сатып алуларда жергілікті қамтуды бақылау жұмыстары бар.

Облыстық кә­сіпкерлік палатасы бо­йынша жергі­лікті өнімдерге экспорттық, ішкі ай­налым және индустриалды сертификаттар рә­сімделеді. Өткен жылы 1377 экс­портқа, 113 «СТ-КЗ» формалы ішкі айналымға және 9 индустриалды сертификат бе­рілген. Экспортқа тауардың шыққан елі туралы сертификат күріш, балық өнімдеріне, мазут, тауарлы мұнай, ва­надий рудасы, ірі қара малына жа­салған. Жергілікті өнімдер Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай, Тайвань, Ауғанстан, Ирак, Латвия, Щвейцария елдеріне жіберілген.

«СТ-КЗ» формалы сертификат же­ңіл өнеркәсіп бұйымдарына, ас тұзы, сүт, ақталған күрішке, тазартылған суға, темірбетон тауарлары, электр энергиясы, құрылыс материалдары, полимер құбырлары, шыныплас­тик құ­бырлары, темір рудасы, мұнай өн­діруге бағытталған құрылғылар және хи­миялық реактивтер, автоматты басқару станциясына рәсімделген. Сондай-ақ, 2019 жылы индустриалды сертификат рәсімдеу басталған.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» ҚР заңына сәйкес ел аумағында тір­келген отандық тауар, жұмыс, қызмет өндірушілердің тізілімін қалып­тас­тыр­ды. Тізілімге енген кәсіп­орындарға отандық өндіруші мәр­те­бесін растайтын индустриалды сертификат беріледі. 9 индустриалдық сертификат жеңіл өнеркәсіп бұйымына, химреагентке, құ­рылыс материалдарына рәсімделген. Биылғы жылдың 12 ақпанға дейін 191 экспортқа, 7 «СТ-КЗ» формалы ішкі айналымға, 1 индустриалды сертификат берілген. 

Сонымен, тиісті сала мамандары  осындай ақпарат ұсынып отыр. Кәсіп­керлер өздерінің мәселесін де айтты. Өнім өндіріп, табыс арттырып, бренд қалыптастырғанды қалайды. Ал, кәсіпкерлік саласының қызметкерлері жергілікті тауарөндірушілерге қолдау жылдан жылға арта беретінін жеткізеді.

Түйіндей келгенде, кәсіпкерлікті дамыту жолында сең көбесі сөгіліп, бірқатар бастамалар оң сипат алғанын аңғару қиын емес. Алайда, сөз басында айтылғандай,  шағын және орта кәсіпке, оның ішінде алғаш ынта танытып келетін азаматтарға қолдауды әлі де жетілдіріле түскен абзал. Нарықтың  талабы  қатаң, ал одан із тауып ілгері басып кету өңірдегі істің үйлесімділігіне байланысты болып тұр.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз