Қауышу

1436

2

Асфальт жолдың арқа жонын мыжып, автобус кетіп барады. Жол ортасындағы ақ-сары сызықтар зу етіп төрт доңғалақтың астына кіреді. Бірінен озып, бірінен қалған автобус көздеген жеріне жетуге асық. Тізгін тартар емес. Оқта-текте ғана “осқырынып”  ақырындайды.Жол бойы қиялдарға шомып келемін. Терезе сыртындағы осынау ұлан-ғайыр даланы, қар бүркенген аппақ алаңқайларды, сүңгіден сырға тағынған ағаш-талдарды , ақ сәлдесін оранған ақ бас тауларды, барлығын құшағыма басқым кеп белгісіз бір сағынышпен, махаббатпен кетіп барамын.

Алматыдан алқын-жұлқын шыққан автобус Жаркентке тұмсығын тіреді. Туған жерден кетіп, туған еліне келген бейбақ үшін бұл да бір таныс қала сезіледі… Өйткені, бұдан ары жиырма шақты шақырымда  менің жастық шағымның  там-тұм елестері алыстан қол бұлғайды. Дос, аға-бауыр, ата-ана қалған Шығыс Түркістан жатыр. Мен солай беттеуім керек. Ауылмен де, бауырмен де қоштаспай кеткен қатігез жүрегім кеудемді бүлік-бүлік тебеді. Қабырғам қақырап сыздағандай, бауырым езілгендей, өкпем күйгендей…

Әйтеуір, ешкімде ешқашан болмаған, болмайтындай бір сезім. Мүмкін, сағыныш пен қасіреттің шекарасындағы арпалыс шығар бұл. Әлде аңсау ма , зарығу ма?!

Жаркенттен такси жалдап қытай-қазақ орталық базарына беттедім. Бойымда сағынштан гөрі үрей басым. Қытай полициясы алып кетсе не істеймін, қайта алмай қалсам ше?! Мың-миллион қиял мен алаңның жетегінде жолға шықтым. Көлігім таяп қалды, таяп қалды. Жеттік. Көліктен түскенде аузымнан «бисмилла» деген сөздің шыққанын өзімде сезбей қалыппын.

Қытай полицияларының тексерісінен өтіп, орталық базарға кірдім. Әкем мен шешем де келіпті. Анадай жерде шешем тұр. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. «Үш жылдан бері үйіне қайтпаған қаңғыбас ұлы қай бұрыштан сопаң етіп шыға келер екен» деп жалтақтаса керек!

  –Шеше, – деп айғай салдым.

–Балам-ау, тірісің бе, құлыным-ауу, сені тірідей көрдім-ау, – деп көзінің жасын көлдетті. Қайта-қайта құшақтайды, қайта-қайта иіскейді. Мойынымнан, тамағымнан иіскейді, бетімнен сүйеді! Қатігездігім мен әлсіздігімді мойындағаныма өзімді кінәлап менде ұзақ жыладым…

Ал, әкем болса баяғы сол қалпы. Жүдеу, қабағы түсіңкі, құшағына сүңгідім.  Әкемнің иісін құшырлана иіскедім. Өзімнің әлі де бала екенімді, тіпті, ата-ана үшін құйттай ғана сәби екенімді сезіндім. Әлде қашан есейіп кеткен, әлемді кезіп қаңғыған, сотқар,  дербес өмір сүретін Қуанышбек бір-ақ күнде бала боп шыға келді.

Түскі астанып отырмыз. Үстел үсті менің сүйікті тағамдарыммен молайған. Анам үйден ет пісіріп ала келіпті. Соғымның еті. Анам:

   –Балам, алдымен осыдан ауыз ти, –  деді. Аздан  соң әңгімеге көштік. Уақыттың уысында кеткен күндердің есебін айырыстық. Дастарқан басында әкем тосын сұрақ қойды:

  –Ал, балам , бізді, ауылды тастап кеткенде не тындырдың, не жаңалық аштың? , –  деді. Өне бойым дір етті. Шешем әкеме қабағын шытты. Мынадай қиын сұрақтан мені қорғағаны ғой.  Әкемнің қабағына қарауға батпадым. Ол кісі де әріге барған жоқ.

  Қас қараюға үлгермей қоштастық. Олар Тәңір таудың биігіне қарай қанаттарын қақты. Мен  Балқашқа сүңгідім. Автобус Жаркенттен Алматыға қарай алқын-жұлқын шауып барады. Терезенің мұзы еріп айғызданып тұр. Менде жылаған секілдімін…

Түйін. 

Ата-ана, халық, өз ар-ожданымыз алдындағы борыштарлықтың қаншасын өтей алдық екенбіз?! Ананың сүтімен, атаның күшімен кеше ғана мына жарық дүниенің есігін ашқан қызылшақа сәби едік қой! Қанат бітіп, жал бітіп биіктерге самғағанда неге төмендегі жақындарымызға көз қырымызды салмайды екенбіз!? Әттең…

Қуанышбек ӨМІРБЕК,

Қорқыт Ата атындағы ҚУ-нің 3-курс студенті

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<