Қазақстанда азаматтарға негізсіз баюға жауапкершілік енгізіледі

613

0

BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.

Агенттік басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.

Негізсіз баюға жауапкершілік енгізу – декларацияның қисынды жалғасы. Өздеріңіз білесіздер, декларация тапсыру мерзімі кезеңдерге бөлінген. Бірінші кезеңде – мемлекеттік қызметшілер. Олар былтыр кірістерін көрсетті. Енді табыстары мен шығыстарын салыстыру басталады. Екінші кезеңде – 2023-2024 жылдар: мемлекеттік мекемелер мен квазисектордың қызметкерлері. Үшінші кезеңде – 2024-2025 жылдар: заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, – дейді ол.

Айтуынша, 2020 жылы Қазақстан ГРЕКО ұйымының 50-ші мүшесі болды. Бұл ұйымға 48 Еуропа елдері мен АҚШ та кіреді.

ГРЕКО-ның ұсыныстарын орындау Жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Еуропа Кеңесінің Конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Өз кезегінде, бұл Конвенция – шетелдегі активтерді елге қайтаруға ықпал етеді. Жалпы алғанда, бұл шара – тек коррупция емес, көлеңкелі бизнес және басқа да қылмыс арқылы табылған жасырын активтерді анықтауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, «арам» ақша пайдаланудың мүмкіндігі болмағаннан кейін, заңсыз баю – мәнсіз, мағынасыз болатыны анық, – деп атап өтті Антикор төрағасы Мәжілісте.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<