Қазақстандықтардың 40 пайызға жуығы халық санағына онлайн қатысты

374

0

Халық санағының сауалдарына қазақстандықтардың 39,6 проценті онлайн режимде жауап берді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«16 қазаннан бастап санақ сауалдарына онлайн режимде жауап беру функциясы тоқтатылды. 45 күн ішінде халқымыздың 40 процентке (39,6% немесе 7527458 адам) жуығы санақтан өтудің осы жолын таңдады. Ал біздің интервьюерлер 3 миллион 792 мыңнан аса адаммен сауалнама жүргізген. Осылайша, санақтан өткендер үлесі 60 процентке жетті», – деді бюро басшысы.

Онлайн санақтан өтпегендер қазанның 30-ына дейін үйлерді аралайтын интервьюерлердің көмегімен шараға қатыса алады. Онлайн өткендер тиісті хабарламаны интервьюерлерге көрсетуі тиіс. Оларға сауалнама қайта жүргізілмейді.

Санақшыларда Халық санағының логотипі бедерленген көк түсті шарф пен сөмке, планшеті және санақ қызметкері екенін растайтын куәлігі болады.

Ол куәліктегі тіркеу нөмірі арқылы интервьюер туралы мәліметтерді sanaq.gov.kz сайтында тексеру мүмкіндігі бар.

Одан бөлек, 1446 нөміріне хабарласуға болады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. «Халық санағы еліміз үшін аса маңызды шара. Сондықтан оған бір кісідей баршамыз жұмылып ат салысуымыз қажет. Интервьюерлер де ел азаматтары екенін ұмытпайық. Еңбегін бағалап, құрмет көрсетіп, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз»,- деп атап өтті Нұрболат Айдапкелов.

Айта кетейік, санақтың негізгі кезеңі аяқталған соң, қарашаның 1-7 аралығында санақ өткізу әдістемесіне сәйкес, бақылау аралау қарастырылған. Бұл кезеңде шамамен 10 процент респондент қамтылады.





Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз